Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

18 баласы бар семейлік ерлі-зайыптылар көп балалы болудан қорықпау керектігін айтты

18 баланы тәрбиелеп отырған семейлік Виктор мен Ольга Кандыба жастардың көп балалы болудан қорықпауы керек дейді. Өйткені бүгінде мемлекет көпбалалы отбасыларға қажетті жағдайларды жасап, жан-жақты қолдау көрсетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеп хабарлайды. 


Виктор мен Ольга Кандыбаның басты байлығы – балалары. Қазір олардың үлкені 29 жаста болса, кенжесі жақында ғана 5-ке толды. Мұндай үлкен және тату отбасыда ырыс пен берекенің нық орнағанын байқау қиын емес. Кез-келген істі жұдырықтай жұмылып бірге атқарады. Виктор мен Ольга шаруашылықпен қатар, бала тәрбиесіне баса мән бере отырып, оларды бауырмалдық пен еңбексүйгіштікке баулып отыр. 

"Өзіміздің шағын қожалығымыз болды. Сиыр мен құс ұстадық. Осында көшіп келгеннен кейін де шағын ферма аштық. Біздің 9 баламыз Зырянда дүниеге келді. Ал қалған 9-ы осында туды. Яғни семейлік. Біз балаларымызды жеке өмірге қадам басқанда, қиындық көрмесе дейміз. Сондықтан оларға барлық дағдыларды үйретуге тырысамыз. Соған сәйкес, балаларымыз да еңбекке дағдыланған", - дейді Виктор Кандыба.

Ерлі-зайыптылар 13 ұлы мен 5 қызын еңбексүйгіштікке, үлкендерді құрметтеуге үйретумен келеді. Соның арқасында балалар да бір-біріне жанашыр, айналасына мейіріммен қарайды. Ұлдарының басым бөлігінде техникалық білімі бар болғандықтан, отбасымыз үшін кез-келген шаруашылық жұмысын бірлесе атқарып тастау – түк емес дейді, Ольга Кандыба.  

"Уақыт өте келе біз балаларымыздың игілігін көретінімізге сенімдіміз. Қазірдің өзінде олар бізге кез келген жағдайда көмектесуге тырысады. Біз осындай үлкен отбасы болғанымызға шексіз қуаныштымын. Үлкен ұлдарымыз әкесінің досындай. Мен құрбысы сияқтымын. Олар өте тату.  Бір-бірімізге көмектесуге әрдайым дайынбыз", - дейді Ольга Кандыба.  

Виктор мен Ольга Кандыбаның балалары бүгінде ел қатарлы еңбек етіп, қоғамнан өз орындарын тауып жатыр. Сонымен қатар, Кандыба отбасы Қазақстаннан өзге мемлекеттерге көшіп кетуді ойламайды да екен. Өйткені, бұл ел олар үшін балалық балғын шағы өткен, өсіп-өніп, білім алған туған Отаны. 

"Біз Қазақстаннан көшуді ешқашан ойлаған емеспіз. Үлкен апайларымыз Мәскеу қаласының маңында  тұрады. Олар бізді көп рет шақырды. Бірақ бізге осында ыңғайлы, балалардың да ешқайда кеткілері жоқ. Бұл елдің адамдары өте мейірімді", - дейді Ольга Кандыба.   

Виктор мен Ольга Кандыба бүгінде мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жақсы қолдау көрсетіліп отырғандығын айтады. Сондықтан, жастардың үлкен отбасы болудан қорқуына ешқандай негіз жоқ, - дейді отағасы.

Талқылау