165 адам дәрігер көмегіне жүгінген: Біртанов екі баланың жансақтау бөлімінде жатқанын айтты

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыста болған жарылыстан кейін қанша адамның медициналық көмекке жүгінгенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Арыс

«Бір күн ішінде 165 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 76 адамға амбулаториялық көмек көрсетілді. Ал 89 пациент стационарлық емге жатқызылды. Жансақтау бөлімінде 15 науқас политравма диагноздарымен ем қабылдауда», - деді Елжан Біртанов үкімет отырысы кезінде. 

Әрі қарай ол науқастардың негізгі бөлігі Шымкент қаласындағы облыстық емханада, облыстық балалар және қалалық клиникалық ауруханаларда жатқанын айтты. Кейбір науқас Түркістан облысының аудандық орталықтарында емделіп жатыр. 

«Медициналық көмек көрсету үшін жалпы 22 медициналық бригада жұмылдырылған. Олардың арасында 4 бригада Жамбыл облысынан жіберілген. Қазір қосымша 12 бригада дайындықта отыр. Санитарлық екі тікұшақ дайын тұр. Алматы қаласынан көмек көрсету үшін екі мультидициплинарлық команда жіберілді. Олардың арасында реаниматолог, травматолог, балалар нейрохирургі бар. Оларға көмек көрсетіліп, ота жасалды. Жансақтау бөлімінде екі бала жатыр. Оларға да қажетті көмек көрсетілді», - деді министр. 

Сондай-ақ, ол барлық науқастың денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында екенін айтты. Қажетті медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. 

Еске сала кетсек, 24 маусымда сағат 9:20-да Арыс қаласында жарылыс болғанын хабарлаған едік. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр