Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

10 баласы, 7 немересімен екі бөлмелі үйде тұрады: Елордада көпбалалы ананы пәтер кезегінен алып тастаған

Елордада тұратын «Алтын алқа» иегері Күләнда Күшікбаеваны баспана кезегі бойынша үй алуға жақын қалғанда, оның есімін аталған тізімнен алып тастапты. Ашынған 10 баланың анасының сөзінше, ол 11 жыл бұрын пәтер кезегіне тұрған. Ендігі әділетсіздікке ұшырағанын айтып отыр.

10 баласы, 7 немересімен екі бөлмелі жалдамалы үйде тұрады: Елордада көпбалалы ананы пәтер кезегінен алып тастаған

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды. 

Көпбалалы ананың сөзінше, 11 жыл бұрын күйеуінің бойынан сусамыр дерті анықталып, артынша қатерлі дертке шалдыққан. Оған дұрыс ем-дом жасалуы үшін отбасыға елордаға көшіп келуге тура келген. 

«Балаларымыз кішкентай еді. Күйеуім екеуіміз жұмыс істедік. Алайда жағдайы күн санап нашарлай берді», - дейді Күләнда Күшікбаева. 

Ерлі-зайыптының тапқан-таянғанының бәрі емге кеткен. Ақырында отағасы мүгедек болып қалып, биылғы жылдың басында бақилық болыпты.

Отбасының басына түскен ауырлық мұнымен бітпеген. Біраз уақыттан кейін оларды баспана кезегінде 245-інші болып тұрған отбасыны тізімнен алып тастапты. Анықталғандай, отанасының атына Солтүстік Қазақстандағы үй тіркелген екен.

Көпбалалы отбасыларға қашаннан бастап табысын есептеместен мемлекеттік жәрдемақы төленеді >>>

«Бұл үйлерді кеңшарлар болған уақытта берген. Ол біздің атымызда болған жоқ. Ал үй берілгенін білгенде, онда тұрмайтын болсақ сатуымыз керек екенін айтты. Артынша сатып жібердік», - дейді «Алтын алқа» иегері.

Қазіргі уақытта Күшікбаевтар отбасының ескі үйінің орны бос. Алайда отбасы елордаға көшіп келместен бұрын үйі құлағалы тұрған екен. Ал  мемлекеттік органдағылар әйел баспанасын әдейі нашарлатты деп тапқан. Сондықтан оны пәтер кезегінен шығарыпты.  

Тұрғын үй қорындағылардың сөзінше, олар заң бойынша ештеңе істей алмайды. 

«Ол сотқа жүгініп, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынының үстінен шағым түсіре алады. Егер сот оның пәтер кезегіндегі орнын қалпына келтіру туралы шешім шығарса, сот шешімінің негізінде қалпына келтіреміз», - дейді қалалық әкімдіктің тұрғын үй қорының баспасөз хатшысы Арманай Қабдешева. 

Күләнда Күшікбаева  осылай жасап, сотқа арызданған. Таядуа сот өтіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынының шешімін заңсыз деп тапты. 

«Тұрғын үй қатынастару туралы» заңның 73-бабына сәйкес, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және «Батыр ана» атанған көпбалалы аналарды тұрғын үй кезегінен шығаруға болмайды», - дейді қорғаушы Рахима Иралинова.

Қазіргі уақытта көпбалалы ана 10 баласы, 7 немересімен бірге 2 бөлмелі жалдамалы баспанада айына 80 мың теңге төлеп тұрып жатыр.  Ендігі көпбалалы ана баспана кезегіндегі орны қалпына келтіріледі деп үміттенеді. 

Талқылау