Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бразилияның оңтүстігінде қатты жауын кезінде 70 адам із-түссіз жоғалып, 39 адам опат болды

Бразилияның оңтүстігіндегі Рио-Гранде-ду-Сул штатында жауған нөсер жаңбыр салдарынан 39 адам қаза тапты. Жергілікті билік алдағы уақытта қаза тапқандар саны өседі деп болжам жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Reuters

Рио-Гранде-ду-Сул штатының азаматтық қорғаныс кеңсесі 68 адамның із-түссіз жоғалып кеткенін және кем дегенде 24 000 адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді. Дауыл штаттағы Уругвай және Аргентинамен шектесетін 497 қаланың жартысынан көбін шарпыған. 

“Бұл сандар алдағы күндері айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Себебі біз басқа да аймақтарды қамтимыз", –  деді штат губернаторы Эдуардо Лейте.

Қала көшелерін су басып, жолдар мен көпірлер қирап қалды. Сондай-ақ дауыл салдарынан су электр станциясындағы бөгет құрылымы опырылып, көшкін жүрді. Жергілікті билік Бенто-Гонсалвес қаласындағы тағы бір бөгеттің опырылып кетуі мүмкін екенін айтып, жақын маңда тұратындарға қауіпсіз аймаққа баруды бұйырды. 

Штат астанасы Порту-Алегриде Гуайба өзені арнасынан асып, су басқан көшелер қаланың тарихи орталық аудандарына қатынайтын жолды жауып тастады. Штат тропиктік және полярлық атмосфераның географиялық түйіскен жерінде орналасқан. Сол себепті мұнда нөсер жауын мен құрғақшылық жиі болады. 

Жергілікті ғалымдар бұл жағдай климаттың өзгеруіне байланысты күшейіп отыр деп есептейді.

Талқылау