Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев ісі бойынша соттың тікелей эфирі тоқтатылды: Жарыссөздің жаңа кезеңінде не болады

Әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев ісі бойынша сотта жарыссөздің бірінші кезеңі аяқталды. Үзілістен кейін судья Айжан Құлбаева тікелей эфирді тоқтатып, алқабилердің шығуын сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Жоғарғы сот

Жарыссөздің екінші бөлімі алқабилердің қатысуынсыз өтеді. Сол себепті эфир тоқтатылып, БАҚ өкілдері сот залынан шықты.

Жарыссөздің екінші бөлімінде мемлекеттік айыптаушы, жәбірленуші, азаматтық өкіл, қорғаушының және сотталушы сөйлейді. Онда сотталушының тағылған айыбы, жазасы және азаматтық талап талқыланады. 

Қазір Бишімбаев пен Байжановты соттау қажет деген баптар талқыланып жатыр.

Бұған дейін Бишімбаевтың адвокаттары экс-министрдің әрекетін 104-баптың 1-бөлігі "Абайсызда болған адам өлімі" бойынша саралауды сұраған. Бұл бап үш жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеуді қарастырады.

Ал айыптаушы тарап қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы "Материалдық жағынан тәуелді адамға күш көрсету әрекеттерін қолдана отырып, жүйелі түрде ұрып-соғу арқылы дене және психикалық зардап келтіру" және 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы "Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру"баптары бойынша соттауды талап етті.

Келесі сот отырысы 6 мамыр сағат 10:00-де болады.

Айта кетейік, бұған дейін Бишімбаевтың адвокаты сотталушыны өмір бойына соттау әділ емес екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ бүгінгі сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Дамир Ишмаметов сотталушы Бақытжан Байжановтың сөздеріне қарсылық білдірді.

Өз кезегінде Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Бишімбаевтың анасы мен оның отбасы өздерін заңнан жоғары санайтынын айтты. 

Талқылау