Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте ата-аналар ерекше балаларға арналған оңалту орны болмағанына наразылық білдірді

Шымкентте ерекше қажеттігі бар бала тәрбиелеп отырған аналар әкімдікте шу шығарды. Өйткені қалада оларға арналған балабақша да, оңалту орталығы да жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үш баланың анасы Айнұр Ағабекованың кенжесіне екі жыл бұрын ғана диагноз қойылған. Екі жасына дейін баласының бойынан ерекшелік байқамаған келіншек арнайы балабақшаға кезекке тұрдым дейді. Бірақ кезек сол күйі жылжымай, былтыр ашылған “Даму-2” орталығына келіпті. Бар жұбанышы – мекемедан балаға тегін орын табылғаны. Өйткені балабақша мемлекеттің қолдауымен серіктестік аясында ашылыпты. Алайда қалалық білім басқармасы берген бұл рұқсат қағаздың күші екі айға ғана жетті дейді.

“Қалалық білім басқармасы орын бар деп жібергеннен кейін қаржыландыру шарт деп ойлаймын. Бірақ орталық бұдан былай ақылы болатынын айтып жатыр. Айына жүз елу-екі жүз мың теңге төлеу керек дейді. Өйткені мемлекеттен мекемені қаржыландыру тоқтатылыпты. Біз білім басқармасына барып, құжат жинап келгендегі қуанышымыз көп созылған жоқ. Мемлекет басшысының ерекше балаларды елеусіз қалдырмау керек деген сөзі қайда қалды сонда?”, – дейді ерекше баланың анасы Айнұр Ағабекова.

“Даму-2”-нің құрылтайшысы бұған Шымкенттің білім басқармасын кінәлады. Сөзінше, бес айдан бері мемлекет бөлінетін қаржысын қысқартқан. Ал тегін емделуге жолдама алып келетін балалар көбейіп кеткен. Осыны айтып жауаптыларға күн сайын барамын деген Құралай Кемелбекова басқарма өкілдерінің қоқан-лоқы жасағанын айтты.

"Соңғы рет барғанымда Шымкенттегі білім басқармасы басшысының орынбасары мені прокуратурамен қорқытты. Осылай келе берсем орган өкілдері мекемені жауап тастайтынын айтты. Бізге келетін бала күннен күнге көбейіп барады. Бұл – мемлекеттік қолдау аясында ашылған серіктестік мекемесі. Бірақ бюджеттен тиісті қолдау бес айдан бері тоқтады. Осыны айтсам, мамандарды қысқартуымды бұйырады. Бұл қалай сондай? Балаларға ем комплексті жаттығудан кейін ғана дариды. Оларды қысқартсақ, онсыз да соңғы үмітін арқалап келген аналарға обал болады ғой?! " – дейді “Даму-2” орталығының құрылтайшысы Құралай Кемелбекова.

Шымкенттің білім басқармасының басшысы бәрінен хабардармыз деп отыр. Осы уақытқа дейін ата-ана мен кәсіпкерге мардымды жауап бермеген Нұргүл Шәмшиева әкімдіктегі шудан кейін бірден шара қолданатынын жеткізді. Ол үшін бір ай уақыт керек дейді.

"Біріншіден мониторинг жұмысын бітіруіміз керек. Бізге қосымша қаржы қажет емес екенін анықтауымыз керек. Содан кейін барып, қосымша бюджеттен ақша бөліну үшін қосымша өтінім беріледі. Болмаса бақсармаға бөлінген ақшаның ішінен үнемделген ақша болса, жұмсауға рұқсат берулеріңізді сұраймыз дейміз. Ол кезде ол тез шешіледі. Ол кезде бірден конкурс жариялаймыз да, конкурс бір айда шешіледі" – дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.

Жауаптылардың сөзінше, кейінгі кездері үшінші топ мүгедектігі бар балалар қатары көбейіп кеткен. Сондықтан орын тапшылығы пайда болыпты. Енді әр мекемедегі кішкентайларды түгелдей тексеруден өткізіп, қаржыны қайта қараймыз деп отыр.

Талқылау