Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда қоғамдық орында ішімдік ішкен ер адамды полицияға хабарлаған әйелге айыппұл салынды

Шемонаиха аудандық прокуратурасының хабарлауынша, аудан орталығының тұрғыны қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкен ер адамды полицияға хабарлаған. Соңында арызданушыға 103 500 теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ашық дереккөзден

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері фактіні растап, құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арызданушының белсенді азаматтық ұстанымына және құқық қорғау органдарына көрсеткен көмегіне қарамастан, полиция оны арнайы қызметке көрінеу жалған қоңырау шалғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 438-бабы1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Арызданушыға 103 500 теңге айыппұл салынды.

"Шемонаиха аудандық прокуратурасының шешімімен әйелге салынған айыппұлдың күші жойылып, құқығы қалпына келтірілді", – деп хабарлады прокуратура. 

Жалпы аудан прокуратурасы азаматтарды заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілері бойынша жыл басынан бері тоғыз азаматқа қатысты бір миллион теңгеден астам сомаға полиция қаулысының күшін жойды. Жол берілген заң бұзушылықтар үшін полиция қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Талқылау