Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құрамына мән беріңіз": Артық салмақ тастауға көмектесетін қытырлақ нанға қатысты мамандар пікір білдірді

Бүгінде артық салмақтан арылуға, денінің саулығына мән беретіндер қарапайым ақ нанды қытырлақ нанға алмастырған. Себебі қытырлақ нанның кәдімгі нанмен салыстырғанда құнарлығы аз көрінеді. Алайда мамандар қытырлақ нанның да бәрі бірдей пайдалы емес екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pokayadoma.ru

Алматы қаласының тұрғыны Айдана Пернебай дене бітімін бір қалыпта сақтау үшін күнделікті жаттығулардан бөлек дұрыс тамақтану керек деп санайды. Осылайша ол ең әуелі ұн өнімдерінен бас тартқан.

“Артық салмақтан арылғысы келетіндердің көбі наннан бас тартып, қытырлақ нанға өтіп жатыр. Жай нанға қарағанда пайдасы көп, кұнарлығы аз деп естідім. Сол себепті мен күнде қытырлақ нан жеймін”, – дейді Айдана Пернебай.

Дүкен сөрелерінде қытырлақ нанның түр-түрі бар, бағасы да әртүрлі. Мамандар да қытырлақ нанға қатысты түрлі пікір айтады. Дұрыс таңдалмаған жағдайда пайдалы деген жұқа нанның өзі зиян, каллориясы ақ нанмен салыстырғанда әлдеқайда көп болуы мүмкін.

“Қатпарлы нанның энергетикалық құндылығы ақ нанмен салыстырғанда көп болады. Мысалы, жай нанның энергетикалық құндылығы 250 килокаллория болса, қатпарлы нанның энергетикалық құндылығы 360 килокаллория болады. Бірақ кейбір өндірушілер пайдалы қатпарлы нандар шығарады. Оның құрамында қант, ашытқы, тұтас дән ұннан жасалады”, – дейді дәрігер-иммунолог Арман Байділов.

Ал нутрициолог Ләйлә Акпражиева қатпарлы нанды сатып алмас бұрын оның құрамына мән беру керек екенін айтады. 

“Құрамына ерекше көңіл аудару қажет. Қатпарлы нанның құрамы неғұрлым аз болған сайын соғұрлым пайдалы. Жұқа нанның құрамында ұн емес, тұтас дәнек болу керек. Кейбірінің құрамында жоғары сұрыптағы ұн болады. Жоғары сұрыптағы ұн кәдімгі нан сияқты, оның айтарлықтай пайдасы жоқ, яғни калориясы жоғары. Одан арықтау мүмкін емес. Енді бірінің құрамында қарақұмық пен ұн ғана бар. Оның құрамында тұтан дәнек бар, яғни талшықтар бар деген сөз. Ол біздің ағзамыздағы микробиомаға жақсы әсер етеді. Сол себепті оны таңғы уақытта, пайдалы майлармен жеген дұрыс”, – дейді маман. 

Құрамында 2-3 қоспасы бар, тұзсыз, қантсыз қытырлақ нан пайдалы. Одан бөлек тұтас дәнек, кебек пен талшықтардың болғаны да дұрыс. Мұндай қатпарлы нан асқазан, ішек жолдарын жүргізіп, адамға тоқтық сезімін береді. Ал егер құрамында жоғары сұрыпты ұн, бірнеше ингредиент, қант, тұз қосылса, жасанды қоспалардан, консерванттардан тұрса, онда оның еш пайдасы жоқ. 

Талқылау