Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екібастұзда кәріз жүйесіндегі ақауларға байланысты техногендік төтенше жағдай енгізілмек

Екібастұз билігі қалаға техногендік cипаттағы төтенше режим енгізуді жоспарлап отыр. Өйткені кәріз коллекторы апатты жағдайда, желілер 90% тозған. Биыл Екібастұзда екі кәріз апаты болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Павлодар облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі, бильд-редактор Артур Алескеров

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин техногендік төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Тиісті құжат "Ашық заңды тұлғалар" сайтында жарияланды.

"Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Ержан Салханов техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы болып тағайындалып, оған төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізу тапсырылсын", – делінген әкім қаулысында.

Павлодар облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі төтенше жағдай кәріз коллекторының биылғы жөндеуге байланысты екенін хабарлады. Бір апта бұрын Павлодар облысының басшысы Асайн Байханов жұмыс сапарымен Екібастұзға барды. Бұл ретте әкім коллекторды жөндеуді дереу бастауды тапсырды.

"Желілердің 2260 метрінің тозуы 90 пайыздан асты. Көптеген жарықтар мен құбырдың жоғарғы бөлігінің ішінара опырылуы салдарынан өткізу қабілеті азайып, төтенше жағдайлар тұрақты түрде болады. 2024 жылдың ішінде екі апат болды, соңғысы бір ай бұрын болды", – деп хабарлады Павлодар облысының әкімдігі.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссияның отырысында Байханов жөндеу-қалпына келтіруді бастауды тапсырды. Шенеуніктер кәріз құбырын жөндеудің сметалық құнын есептеп қойған.

Талқылау