Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйленуге дейін қыз бен жігіттің бірге тұрғанын біздің қоғам қалай қабылдайды?

Еуропа мемлекеттері мен Америка штаттарында жігіт пен қыз отбасын құрмас бұрын бірге тұруды қалыпты санайды. Шетелде білім алып қана қоймай, олардың мәдениеттерімен таныс болған қазақстандық жастар үшін бастапқыда бұл таңсық болғанымен бүгінде қалыпты жағдайға айналып келе жатқандай. Тіпті шетелдіктерден үлгі алып, халқымыздың құндылықтарын сырып қойып үйленуге дейін бірге тұруды насихаттап жүрген жастар қаншама. Осы орайда Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі алматылықтар арасында кішігірім сауалнама жүргізіп, халықтың ойын біліп көрді.

Үйленуге дейін қыз бен жігіттің бірге тұрғанын біздің қоғам қалай қабылдайды?

Сауалнаманың нәтижесін жазардан бұрын қазіргі таңда шетелде оқып жатқан қазақстандық студенттерден олар жүрген мемлекетте бұл жағдайға қалай қарайтынын біліп көрдік.

Бұрын Еуропаның Польша мемлекетінде оқып келген, бүгінде Түркия елінде оқуын жалғастырып жатқан қазақстандық Рауан Есіркенов екі құрлық мемлекеттерінің бұл сұраққа келгенде ойларының қарама-қайшы екенін жеткізді.

«Польшада отбасын құруға дейін бірге тұру қалыпты. Тіпті университет қасындағы жатақханалардың өзінде қыз бен жігітке бірге тұруға рұқсат бар. Ал Түркияда болса ұлдар мен қыздардың бөлмелері бірге тұрмақ, жатақханалары бөлек», – дейді ол.

Қытай мемлекетінде оқып жүрген Айнұр Сләмғажының айтуынша, ол жақта да жатақханаларда бірге тұруды билік өкілдері құптамайды екен. Алайда жеке пәтер жалдап бірге тұрып жатқандар саны көбейіп келетінін айтады.

Америка мен Англияда бірнеше жыл бойы оқып жатқан отандастарымыз үшін де бұл жағдай қалыпты болып кеткен. Тіпті оларға шетел азаматтары бірге тұруды ұсынған екен.

«Маған Тәжікстан азаматы бірге тұруды ұсынды. Ол Англияда бірнеше жыл тұрып, олардың өмір салттарына көніп қалғандықтан болар. Бірақ мен үшін оның ұсынысы жат көрінді. Негізі Англияда үйленуге дейін бірге тұрғанда тұрған ештеңе жоқ», – дейді Англияда тұрып жатқан Анар Сейсембаева.

Алматы қаласында жүргізген сауалнаманың нәтижесіне келер болсақ, адамдардың көзқарастары үшке бөлінді. Біріншісі жастардың мұндай әрекетін ерсі санаса, екіншілері уақыт өте біздің де қоғам шетелдік менталитетті қабылдап, солардікіндей өмір салттарын ұстанатындарын айтты. Ал үшінші топ бұл сұрақ әркімнің жеке өміріне қатысты, сондықтан әркім өзі шешеді деген пікірде қалды.

Сауалнама барысында байқаған бір ерекшелік – ол Қазақстанда туып-өскен басқа ұлт өкілдерінің қазақ халқының құндылықтарын насихаттағаны. Мысалға, ұлты орыс Николай Ткаченконың айтуынша, үйленуге дейін бірге тұру тек қазақтарға ғана емес, жалпы қазақстандықтар үшін жат қылық.

«Қыз бен жігіттің отбасын құруға дейін бірге тұрғаны біздің менталитетімізге сай келмейді. Ондай болған жағдайда жастар отбасылық құндылықты бағаламайтын болады», – дейді ол.

Николайға жақтас болғандардың басым бөлігі алдын ала бірге тұру соңында көптеген отбасыларының ажырасуына әкеп соғады дейді. Сонымен қатар, халқымыздың құндылығы мен салтын сақтап қызды ұзатып жібергенде ғана берік отбасы құрылатынын айтады.

Келесі топ керісінше адамдар үйленбей тұрып бір-бірін жақсы танып, бірге тұрып көргенде ғана болашақта жақсы отбасы болатынын мәлімдеді.

«Мен қазақи отбасынан шыққан қызбын. Алайда маған біздің ұлтымыздың көптеген тыйымдары ұнамайды. Тіпті болашақта оларды ұстанғым да келмейді. Мен өзімнің жігітіммен бірнеше жыл бірге тұрып келемін және дұрыс істедім деп ойлаймын. Өйткені бір-бірімізді толықтай біліп барып отбасын құрамыз. Сондықтан мен үшін бұл жағдай қалыпты», – дейді қазақ қызы Әсия.

Бұл сұрақта белсенділік танытқан Ержан атты азамат келешекте қызының жігітімен бірге тұрғанына түсіністікпен қарайтынын айтты.

«Менің қызым әлі кішкентай, бірақ болашақта жігітімен бірге тұрамын десе келіскеннен басқа амалым жоқ. Себебі заманның ағымы бізді солай бұрып жатыр. Қаласақ та қаламасақ та заманға сай өмір сүруіміз керек», – дейді ол.

Қазақстанда уақытша тұрып жатқан шетел азаматтарын бұл сұрақ тіпті таң қалдырды. Қазақстан қоғамында қыз бен жігіттің бірге тұруына неге қарсылық білдіретінін түсінбейтін итальяндық КИМЭП университетінің студент қызы қазақ жігітімен бірге тұрудан бас тартпайтынын айтты.

Алматы мектебіне шақыртумен келген ұлыбританиялық жұптың да көзқарасы бірге тұруды қолдаумен ұласты.

«Біз үйленерден екі жыл бұрын бірге тұрып бастадық. Кейін бір-бірімізді танып, сенімді болған кезде үйленеміз деп шештік. Біздің елімізде барлығы солай жасайды. Бұл таң қалаларлық жағдай емес деп ойлаймыз», – дейді олар.

Үшінші топтың ойынша, бұл сұрақты әр адамның жеке өміріне қатысты және әркім өз ойында қалатынын айтады.

«Біреулер тойға дейін бірге тұрса, демек олар үшін солай дұрыс болғаны. Басқалары мұны бұрыс деп білсе, демек өзінің тәрбиесі сондай. Және болашақта отбасы «осылай істесе дұрыс болады» деген ой мүлдем қате. Өйткені әркімнің жағдайы әр түрлі. Керемет тәрбиелі отбасынан шыққан азаматтарының болашақта ажырасып кетпеуіне ешкім кепілдік бере алмайды», – дейді Оксана.

Әрине жоғарыда аз ғана жандардың пікірі айтылған, бірақ олар қоғамның басты ойын жеткізді деген ойдамыз. Ал сіз отбасын құрарға дейін бірге тұруға келісер ме едіңіз?

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау