Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйді өртеп, қашып кетті: Қазақстандық әйел 4 баласымен далада қалды

Қазақстанда жыл сайын 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болады. Елімізде 2017 жылы нәзік жанды арулардың құқығын қорғайтын ARASHA атты зорлық пен зомбылық құрбандарына арналған баспана ашылды.  Бірақ күйеуінен қорлық көріп, жұбайының қолынан көз жұмған әйелдердің саны азаяр емес. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жұбайларынан зорлық көріп, қазір ARASHA үйін паналап жүрген әйелдермен байланысып, олардың оқиғаларын естіп, күйеулерімен неліктен қосылғылары келмейтінін анықтады.

Фото: © Sputnik / Табылды Кадырбеков

ARASHA  баспанасында жұмыс істейтін еңбек терапиясы инструкторы Баян Байғазиева ол жердегі қызметімен, ондағы әйелдердің оқиғасымен бөлісті:

“Біздің баспанамыз бір жылдың ішінде 98 адамға психологиялық, заңгерлік, медициналық,  құқықтық, педагогикалық, экономикалық, мәденилік, тұрмыстық көмек көрсетті. Бұл адамдардың қатарында баспананы паналаған азаматшалардан бөлек, телефон арқылы консультация алған әйелдер де бар.
Жалпы, ARASHA пайда болғанға дейін күйеуінен қысым көрген жандарға ешкім қамқорлық танытпайтын. Тіпті олар бастарына осындай ауыр іс түскенде туысқандарына да қажет емес болып қалатын. Сары уайымға салынған жас келіншектер, көпбалалы аналар құқық қорғау органдарына барған күннің өзінде ол жерде зәбір көрсетуші адам тиісті жазасын да алмайтын. Біз баспанамызды ашып, көптеген әйелдерді өлім аузынан аман алып қалдық десек, артық айтқанымыз емес. Себебі күйеуінен қорлық көріп, суицидке барған азаматшалар да бар екенін бәріміз білеміз.

Жұбайынан қысым көрген әр әйелге ең алдымен психологиялық тұрғыда көмек көрсету керек. Әр адамның тағдыры, оқиғасы әртүрлі. Сондықтан біз бір әйелге пайдаланған әдісті екінші рет басқа азаматшаға қолданбаймыз. Кейде жанұяда әйелдің өзі күйеуін ашуландырып, оны бұрыс қадам жасауға итермелеуі мүмкін. Осындайда біз ол өз қатесін түсініп немесе күйеуін кешіруі үшін кеңес беріп, ақылымызды айтып отырамыз. Өзі де осындай жағдайға тап болып, қиындықты жеңіп шыққан  танымал әйелдерді дәріс оқуға шақырамыз.

Қазір баспанамызда Алина деген 45 жастағы әйел тұрып жатыр. Екі күйеуінен бала таппаған соң,  үшінші рет күйеуге шыққан. Үшінші күйеуінен қызы бар. Алинаның айтуынша, ол табысты әйел болған. Риэлтор болып жұмыс істеп жүріп жақсы жалақы алған. Бірақ күйеуі екеуінің көзқарастары бір-бірімен сәйкес келмейді екен. Дегенмен сонда да тапқан ақшасын күйеуіне беріп, тіпті оған кредитке көлік те алып берген. Басқаша айтқанда Алина күйеуіне тек ақшасы бар кезде ғана қажет болған. Ол жұмыс істеп жүргенде, жұбайы жалқауланып үйде жатқаннан басқа ешнәрсе бітірмеген. Алина жалғыз өзі ақша табудан шаршағанда жанұяларында дау шыққан.

Біздің баспанамызда маникюр мен педикюрдің курсына барып жүрген Мейірім есімді азаматша тұрады. Ол екі рет тұрмыс құрған. Мейірімнің сөзінше, екеуі де тапқан ақшаларының барлығына ойындар ойнайтын. Сосын Мейірімге қысым көрсететін. Әлі күнге дейін Мейірім оны екінші күйеуі аңдып жүр деп ойлайды. Күйеуімен кездесуге қорқады. Бізге жұбайы ашуланса өз-өзін ұстай алматынын, тіпті оны өлтіріп кетуден тайынбайтынын айтқан.

Ал Мадина есімді әйел махаббатсыз үйленген. Оны бір ер адаммен атастырып қойған, Мадина болса қарсылық танытпай сол адамға тұрмысқа шықан. Жігіт жақтың үйлену тойын жақсы өткізуге жағдайы болмаған екен. Басында Мадина өз күйеуіне құрметпен қараған, бірақ арада махаббат болмаған соң, ары қарай онымен бірге өмір сүре алмайтындығын түсінген. Жұбайының қорлығына шыдай алмай, үйінен кетіп қалған. Мадинаның үш баласы бар”, — дейді инструктор

Ал үйі өртеніп, төрт баласымен далада қалған 50 жастағы Венера Николаевна ARASHA баспанасына келгенге дейін, 500 теңгеге жұмыс істеп, 4 баласымен бір бөлмелі пәтерде тұрған:

“Фабрикада өнім бақылаушысы болып жұмыс істеп жүргенімде болашақ күйеуіммен таныстым. Бір-бірімізді жақсы көрдік, сөйтіп бірге шаңырақ көтердік. Күйеуге тигеннен кейін, жарым маған “үйде отыр” деп жұмыс істеуіме тиым салды. Мен ешқарсылық білдірместен үйде бала бағып, үй шаруаларымен айналысып жүрдім. Екеуміздің алты баламыз бар. Төртеуі кішкентай, ал екеуі кәмелеттік жасқа толған азаматтар. Барына шүкір ететін қарапайым жанұя едік, бірақ жарым ішімдікке салынғаннан кейін өміріміздің күл-талқаны шықты.

Менің әкем өмірден озған соң, күйеуім әулетіміздің жалғыз қамқоршысына айналды. Өзінің үлкен жанұясын асырап жүрген жарымның көмегіне үш баласымен жесір қалған әпкем зәру еді. Менің ойымша, ол мойнына артылған ауыр жауапкершіліктің жүгін көтере алмады. Сөйтіп ішімдікке салынды.

Негізінен, ол оған қанша қиын болса да кез келген жұмысты істей беретін, оны талғамайтын. Арнайы білімі жоқ, бірақ құрылысшының қызметін атқарып жүріп-ақ жақсы жалақы алатын. Кейін арақпен достасқан соң, үйге келіп, айқай-шу шығаруды әдетке айналдырды. Ақша әкелуді де қойды. Араққа тойып алып, маған, балаларыма қол көтеретін. Балаларымды қорғасам, мені көкала қойдай сабайтын. Бір рет үлкен ұлымды маған жақтасқаны үшін  оңдырмай соққының астына алды. Баламның денесінде тірі жері қалмады, қабырғалары сынды.

Күйеуімнің тепкісіне төзуден шаршап, балаларымды алдым да, 2013 жылдың қысында “Софроний үйіне” кетіп қалдым. Оның маған хабарласып, “егер қайтып келмейтін болсаң, үйді өртеп жіберемін” дегені есімде. Әрине, ол үйді шынымен де өртеп жібереді деп ойлаған жоқпын. Сол жылдың сәуірінде көршілерім хабарласып, үйімнің өртеніп жатқанын айтты. Үй түгелімен өртеніп кеткен. Өрт сөндірушілер оны сөндіріп үлгермеген. Бір қызығы, олардың сөзінше, өрт тоқтан, сымнан шықпаған. Ал апат кезінде күйеуім де үйде болмапты. Үй өзімен-өзі жанып кетпейді ғой. Оның үстіне, біз жарыққа ақша төлемегеніміз үшін мамандар келіп, оны өшіріп тастаған. Өрт тоқтан шыққан жоқ, үйдің күлге айналып кетуіне күйеуім себепші деп ойлаймын.

Бір жылдан кейін “Софроний үйі” жабылып қалды. Балаларыммен, пәтер жалдауға мәжбүр болдым. Алғабас ауданында орналасқан кішкентай пәтерде 3 жыл тұрдық. Қыста тоңып қалмау үшін өзіміз отын жарып, қирап жатқан пәтерде өмір сүрдік. Балаларым аш қалмасын деп 500 теңгеге болсын дүкенді тазалап, жұмыс істеп жүрдім. Бірақ білесіз бе, біз қайда барсақ та күйеуім бізді тауып алатын. Мектепке кіріп, мекен-жайымызды сұрап, тыныштық бермейтін. Осылай пәтерден пәтер, мектептен мектеп ауыстрырумен 5 жыл өтті.

Әрине, күйеуіммен ажырасқым келді. Бірақ ол “ажырасатың болсаң, балаларыңды алып қоямын” деп қорқытатын. Сондықтан үндемей жүре бердім. Күйеуім “арақты енді ішпеймін” деуменен емханаға жатып емделді. Бірақ ем мүлдем көмектеспеді.

ARASHA  туралы әйелдер құқығын қорғау жөніндегі инспектордан естідік. Еліміздің бірде бір баспанасында балалар мен әйелдерге дәл осы жердегідей қамқорлық көрсетпейді деп ойлаймын. Бұл жерде күйеуінен қысым көрген жандарға психологтар, дәрігерлер, заңгерлер көмек көрсетеді. Сонымен қатар, еріктілер де бізге ақшалай түрде де, материалды түрде де жиі көмектесіп тұрады. Маргарита Ускембаева біздің анамыз секілді. Балаларымыз үшін де барлық жағдайларды жасап қойған. Осы баспанада өзімізді үйімізде жүргендей сезінеміз. Тұрып жатқан жерімізді жинастырамыз, тамақ пісіріп, бала қараймыз. Біздің мекен-жайымызды ешкім білмейді, сондықтан қазір күйеуім де бізді аңдуды қойды”, — Венера Николаевна

Ал 34 жастағы Толқын Қанатқызы күйеуі оған қаншама рет қол көтерсе де, балалары үшін жұбайымен қайта қосылуды жоспарлап отыр:

“Мен мамандығым бойынша медбикемін. Талғардағы медициналық колледжді бітіргенмін. Оқуымды аяқтап, 5 қалалық емханада жұмыс істеп жүргенімде болашақ күйеуіммен таныстым. Екеуміз басында жай сөйлесіп жүрдік. Сосын ол мені алып қашып кетті. Қаншама жерден “қалмаймын”, “кетемін” деп үйленуге қарсылық танытқаныммен, сөзіме құлақ аспай, некемізді қиды. Осылай жиырма үш жасымда тұрмыс құрдым, қазір отыз төрттемін. Төрт ұл баланың анасымын.

Күйеуім араққа 2013 жылы, екінші балам дүниеге келген кезден бастап салынды. Арақты судай сіміріп алғаннан соң, маған қол көтеруді шығарды. Мені бір шайтан көргендей болады ғой деймін, әр ішкен сайын маған тиіскісі келіп тұрады. Келесі күні кешірім сұрап, “енді қайталамаймын, кешірші” деп бірден кешірім сұрайды. “Неге ішесің?” деген сұрағыма нақты жауап бере алмайды. Дүкенге кіргенді өз-өзімді ұстай алмай қаламын, арақ ішкім келіп тұрады деп айтқаны есімде. Кетейін десем, “сенің кінәң жоқ” деп мені жібермейді. Бірақ күйеуім анасына өкпелеп ішетін сияқты. Себебі ол кісіге “кезінде мал болды, бірақ мені оқытпадың, сондықтан қазір мен осындаймын” деп жиі өкпесін айтатын. Дегенмен жоғары білімінің жоқ екеніне қарамай, жарым кез келген жұмысты істей беретін. Күйеуім достарының кесірінен де араққа салынды деп ойлаймын.

Жұбайым маған тағы да бір рет қол көтергенде, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіндім. Сөйтіп оны 5 күнге абақтыға жаптым. Балаларымды алдым да, үйімнен кетіп қалдым. Көзім көгеріп, басында “Аналар үйіне” барғым келді, бірақ ол жерде көпбалалы аналарды қабылдамайды екен. Сол жақтан бізді ARASHA баспанасына жіберді. Осы жерді паналағаныма төрт ай болды. Жалпы, бұрын-сонды үйімнен осыншама ұзақ мерзімге кеткен емеспін. Ренжіп, ата-анамның үйіне ары кеткенде 1 айға кетіп қалатынмын. Сіңлімнен естідім, күйеуім оған маза бермей азаннан кешке дейін 20-30 рет хабарласып, менің қайда тұрып жатқанымды сұрайды екен. Бірақ шарт бойынша, баспананың мекен-жайын айтуға болмайды ғой. Сондықтан ол мені қазір Жаркентте жүр деп ойлайды. Маған 4 баланы асырау қиынға соғады. Егер күйеуім арақты қоятын болса, онымен қайта қосыламын. Балаларым әке тәрбиесін көріп өсулері керек деп ойлаймын”, — дейді әйел.

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау