Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін тағы белшеден қарызға батқалы жатыр

Үкімет бюджеттің тапшылығын тағы да сырттан қарызданып жаппақ. Мәжіліс Қаржы министрлігіне 1 миллиард доллар – бүгінгі бағаммен алғанда 330 миллиард теңге несие алуға рұқсат берді.

Безымянныйррр

Бұл туралы  КТК арнасы хабарлайды.

Қыруар ақша жаңа жылда мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, әлеуметтік сала мен экономиканы көтеруге жұмсалмақшы. Сондай-ақ, құжаттарды ың-шыңсыз бекітіп берген депутаттар төменгі палатаның жылдық жұмыстарын қорытындылады.

Мәжілісмендер кіреберіске шырша безендіріп, балаша Жаңа жылды асыға күтіп жүр. Бірін-бірі құттықтап, мәз-мәйрам. Бақыттан басы айналған депутаттар жиын басталғанда да басыла алмай, ақыры төрағадан сөз естіп барып тыйылды.

Мәжілісмендер осылай улап-шулаған күйде Қаржы министріне Азия даму банкінен 330 миллиард теңге несие алуға еш қарсылықсыз рұқсат берді. Бұл ақша келесі жылы бюджет тапшылығын жабу үшін қажет екен. Яғни, қыруар қарыз мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, әлеуметтік сала мен экономиканың өзге де қажеттілігіне жұмсалмақ.

“Үшжылдық жеңілдікпен бес жылға беріледі. Қаржы министрлігі оны өтеуді республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыратын болады”, – дейді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Мәжілісмендердің мереке қарсаңындағы жомарттығы мұнымен шектелмеді. Депутаттар Білім министрлігіне де халықаралық банктен 33 миллиард теңге несие алуға келісім берді. Енді келесі жылы жүздеген  ғылыми жоба өндіріске түседі. Халық қалаулылары қыруар қарыздың түбін қазбалап, әдеттегідей министрлердің миын ашытпады.

Қарыз сұрап келіп, депутаттардың айқайынан аман шыққан министрлердің де қуанышында шек жоқ. Шенеуніктер кезекпен шыршаның қасына тұра қалып жұртты жаңа жылмен құттықтауда.

“Келе жатқан 2016 жаңа жылы құтты болсын! Тілейтінім зор денсаулық – ең басты байлығымыз. Экономикамыз дами берсін!”, – дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Ал бүгін соңғы рет жалпы отырысқа жиналған депутаттар жылдық жұмыстарын қорытындылағанда мүлдем асқақтап кетті. Мәжілісмендер «биыл мемлекеттік маңызды 158 заң жобасын мақұлдадық» деп мақтанып отыр. Өздерін еңбекқор санайтын депутаттардың ендігі армандары – келесі жылғы парламент сайлауынан аман өту.

“Келесі жыл – парламенттік сайлау өтетін жыл. Осыған орай біз алдымызда тұрған міндерттерді лайықты түрде атқарып, халқымыздың, елбасының сенімін ақтауға тиіспіз”, – деді мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов.

Мешін жылы үш партиядан тұратын парламент үшін нағыз қарбалас болмақ. Себебі, төменгі палатадағы жайлы орынтаққа қызу талас басталғалы тұр. Ал, алдағы сайлаудан кейін мәжілістің қазіргі құрамы түбегейлі жаңаруы мүмкін. Сондықтан 2016 жылы Есілдің сол жағалауында саяси науқанның көрігі қызбақ.

Талқылау