Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүрсін Ерман ақысына асабаға, әншіге айналған ақындар жайлы ойымен бөлісті (фото)

Жүрсін Ерман айтыс арқылы танылған ақындардың  асабаға, әншіге айналып кетуіне байланысты өз ойымен бөлісті.

ерман

Қазақ ақаындарының басын қосып  Айтыс өнерінің ұмыт қалмауына үлесін қосып жүрген Жүрсін Ерманды көпшілік танығанымен, отбасы балалары жайлы көп естімегені анық. Бүгінде ақ сақалды ата атанған ақын  қандай әке? қандай жар? Отбасында қандай адам деген сұрақтардың жауабын  Stan.kz тілшісі іздеп көрді.

ер1

-Айтыс аламанын сізсіз елестету қиын. Айтыссүйер қауым “Жүрсіннің жүйріктерін тойдан емес, қара домбыра ұстап, сахнада суырма өнер көрсеткенін қалайды”. Бұл туралы өзіңіздің ойыңыз қандай?

–  Əуелі, оларға Жүрсіннің жүйріктері деген лақап берген халыққа рахмет. Алайда, əркім күйбең тіршіліктің қамымен жүр. Бірі əнші, бірі асаба, бірі ақын дегендей. Қыз ұзатып, құда күтудің шеберлеріне айналған.

Сол əуелеткендері үшін əжіптəуір ақша төленеді. Ендеше, қазақтың тойына ат салысқанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ал, домбырасын алып,ащы шындықты айтқаны үшін ондай көк қағаздарды ешкім бермейді. Өзіміз кезінде табанымыздан тозып, демеуші іздеп, əйтеуір азды – көпті сыйлық табатынбыз.

ер3

– Яғни, қазір демеушілер аз болғаны ма?

-Демеушілер жоқ деп жылай беру ұят болар. Бар ғой. Бірақ, мынау көк жəшіктен көрсету қиын. Қазір бəріне шоу керек. Айтыс ол 5-10 минуттық эфирге шығып, шоу жасайтын құнсыздық емес. Айтыс əр өңірдің үлкен сахналарында өтіп жүр. Қолдап келіп, іздеп келіп, қошымет көрсетушілер де аз емес. Ал, бұрынғыдай эфирден бірнеше сағат уақыт бере ме, жоқ па, ол енді болашақтың еншісінде.

– Əнге сөз жазу сіздің де қосымша кəсібіңіз бе?

– Мен əнге тапсырыспен мəтін жазатын ақын емеспін. Ондай ақындар бар. Олардың легі бөлек. Менің кітабымды оқыған сазгер немесе əншінің өзі хабарласып “мына сөзіңізді маған беріңізші. Əн жаздырып, репертуарыма қосайын” деп өтініш білдіреді. Олардың əрине, мұндай ізденістері мен қызығушылықтарын қолдаймын. Содан əн шығады. Халыққа тарап, өз бағасын алып жатады.

ер4

– Өзіңіздің көңіліңізден шыққан, көлікте жиі тыңдайтын сіздің сөзіңізге жазылған əн бар ма?

– “Жалғыз ұлыма” деген Еркін Нұржанов інім орындайтын əн бар. Сөзі менікі. Соны көлікте міндетті түрде тыңдаймын. Еркіннің қоңыр дауысы, сазгердің əуені менің жүрегімнен шыққан сөздерге үйлесіп, үндесіп, əр бергендей.

ер2

– Өзіңіздің жалғыз ұлыңыз, қос қызыңыз бар екенін білеміз. Ұлыңызға арналған жыр -шумақтары шығар?

– Иə, қос қызым мен ұлым көзімнің ағы мен қарашығындай. Тек менде емес, қоғамда жалғыз ұлдары бар отбасылар көп қой. Еркек болғасын ұрпағыңды жалғайтын ұлдарың көп болса деп ойлайсың ғой. Бұрын сəл жастау кезімде бір ғана ұл болғаны үшін іштей өкініп, қапаланатын едім. Қазір ойым 100% өзгерді.

ер5

Əрине, ұл бала сенің тегіңді, ұрпағыңды көбейтуші. Бірақ, қазақта:”қызықты ұлдан көресің бе?! Қыздан көресің бе?! деген” əдемі сөз бар. Сол рас?! Қыздарыма да арнаған жыр – шумақтарым аз емес. Мынау “маған ұл керек деп төсін қағып жүрген еркектерге:”қыз сенің жəннатың. Қыз сенің өрісің. Қыз сенің ар-намысың. Егер өзіңнің еркектігіңді дəлелдегің келсе қыз өсіріп, қонысына қондыр” деп айтқым келеді.

– Өзіңіз қандай əкесіз?

– “Еркектің азығы түзде” деп мен үнемі жолда, басқа қалада жүрдім. Бала тəрбиесімен үйдегі жарым айналысты. Бірақ, өзімді “нашар əке болдым” деп сөге алмаймын. Мен сол үш баламның арқасында балалық шағымнан өш алған əке болдым.

Себебі, біздің балалық шағымызда заман қиын болды. Бала кезімде анау елдің балалары тепкен велосипедті қатты армандап, ақыры бұйырмай кеткен еді. Іштей бір балалық өкінішім болды. Содан өзім балалы болғанда балаларыма бар тəтті мен əдеміні, бағасына қарамай көзге түскен ойыншықтарды дорбалап əкеліп беретінмін.

ер6

Ештеңеден тарықтырмай өсіруді əкелік мақсатым еттім. Бəрін де шетелде оқытып, өзге елдің мəдениетімен таныстырып, ой- санасын дамытуға ат салыстым. Шүкір, қазір үш балам жеке – жеке отау болып отыр. Əрқайсысы үлкен қызметте. Немерелерім бар. Олардың бəрі де шетелде оқып, білім алуда.

– Яғни, еліміздің білім саласына көңіл толмайды ғой?

– Біздің кезімізде мынау Алматыға келіп оқу арман болатын. Қазіргі жастардың асқақ армандары шетел болып тұр. Сондықтан, олардың мақсаттарына балта шабуға құқығымыз жоқ. Ал, еліміздегі білім деңгейіне келер болсақ мүмкін, иə ақсаңдап тұрған жері көп шығар…

ер7

Бəрі нашар, білім жоқ деп айта алмаймын. Бірақ, шекараның арғы бетіндегі білімнің əлдеқайда жоғары əрі терең екенін мойындаймын. Одан кейін ” жеті түрлі білім, жеті елдің тілін біл” деген сөз бар. Жəне шетелде саған ешқандай “аға-көке” көмектеспейді. Өз күшіңе, біліміңе сену керексіз. Шетелдің Джордждары мен Майклдары саған “ананың інісі, мынаның немересі” деп бетіңе қарап баға қоймасы анық.

– Көптеген ақын – жазушы, ұлтсүйгіш ағаларымыздың ұл – қыздары орыс тілді болып келеді. Сіздің əулетте қазақ тілінің деңгейі қандай?

– Əр дастархан басында “қазақ екеніңді ұмытпа” деп жиі естеріне салып отырамын. Əрине, шетелде тіл оқып жүрген немерелердің арасында өлең жазып, ақындықты серік еткендері бар деп өтірік мақтанбаймын. Бірақ, менің жазған əр жырымды жатқа нақышына келтіріп оқып бере алады. Бəрінің де қазақшалары таза.

ер8

Сосын немерелерімнің арасында домбыраның құлағында ойнайтындары да бар. Ол үйдегі апаларының еңбегі. Əр балаға мұғалім жалдап, үйге шақырып, оқытып, үйретіп жүрген сол кісі. Жазғы демалыс барлық немерелер үйге жиналады. Олардың тəрбиесі, қазақилығы мен сөйлеу мəнерін қалыптастырушы ұстаздары сол апалары.

Отбасында қазақша ғана сөйлейтін əулеттен тілі шұбарланған шала қазақтың шығуы мүмкін емес деп ойлаймын. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” дейді. Расында, өзгенің басындағы шоқты көріп, сын айтқанша, өзіміздің басымызда лаулап жанып жатқан кемшілік деген отты өшіру керек. Əр шаңырақ өзін түзесе, еліміз мықты, іргеміз берік, ұлтымыз мəңгі, ұрпағымыз саналы болады.

– Тілек-ниетіңіз қабыл болып, естір құлаққа жетеді деп сенеміз. Сұхбатыңызға рахмет.

Оқи отырыңыз:

Қазақстандықтар неліктен әдейі адам өлтіруге құмар: Прокурор басты себептерді айтты

Аса қауіпті қылмыскерді ұстағаны үшін екі полицей жұмыстарынан қуылған

Алматы облысында 22 жастағы мүгедек қызды зорлаған ер адам жазасыз қалған

Астаналықтар теміржол вокзалына қала ішілік пойызбен қатынайтын болды

 

Талқылау