Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жындар болуы мүмкін: Қызылордалықтар қараусыз қалған үйді “елестер” кезіп жүргенін айтты

Елес кезген үй. Бірнеше жылдан бері иесіз тұрған зәулім баспана қызылордалықтардың үрейін қашыруда. Жұрттың айтуынша онда “елес” бар көрінеді.

Көпшілік қорқынышты үйден алшақ жүруге тырысса, жүрек жұтқан жастар керісінше мұнда келіп суретке түсуді әдетке айналдырыпты. Бұл қауесет қаншалықты шындыққа жанасытынын тілшіміз зерттеп көрді, деп хабарлайды Евразия арнасы.

Кетебай би көшесінің бойында орналасқан мына жеке үйге кіруге кез-келген қызылордалықтың батылы жете бермейді. Себебі бұл баспана халық арасында “елесі бар үй” атанып кеткен. Алайда біз қанша зер салып қарағанымызбен бұл жерден құрылыс қалдықтарынан басқа ешнарсе таппадық.

Опырылған кірпіштер, қираған терезелер мен өртеніп кеткен төбе ағаштары. Бұл елестер мекендеген үйдің бүгінгі жайы. Он жыл бұрын салынған баспана қазір қаңырап бос тұр. Осы маңайдағы тұрғындар “елес” бар деген сөзді жоққа шығарды. Керісінше, тірілердің “жын ойнағына” айналды дейді.

«Ондай елес не ешнарсе жоқ мұнда. Енді алып қашпа әңгіме. Адам тұрып, бұл үйде ешкім болған жоқ. Осы келгелі осындай адамның бұзақысының ортасына айналды. Жазда да қыста да бұл жерде тыныштық жоқ, мазалап барлығы. Жастар, мастар келеді не қылады. Қаншама көршілер наряд шақырды, милиция да келді полиция қызметкерлері» – дейді тұрғын Алмас Айыпов.

Ал, дін өкілдері болса бұл үйде жындардың болуы мүмкін деген ой білдірді.

«Бұлардың сондай бір ерекшелігі адамдардан қалған тастанды, көп бара бермейтін, айдаладағы осындай жерлерді өздерінің үйі қылып алып, сол жерге үйренеді. Сосын ол жерге барған адамның барлығын мазалайтыны содан» – дейді «Нұр» мешітінің имамы Марат Дайрабайұлы.

Атышулы үйге 10 жылдан астам көрші тұрып келе жатқан Алмас Айыпов “жын-елес” жайлы қауесеттердің шығуына өзіндік себебі бар екендігін айтады. Бұл ықшам аудан енді ғана бой көтеріп жатқан шақта осы жерден адамдардың қаңқалары шығыпты. Мамандар зерттей келе бұл қаңқалар 1930 жылдардағы ашаршылықтың құрбандарына тиесілі екенін анықтаған.

«Мынау қоршаудың ішінде өзінің таңбасы бар тұғын, темірден жасалған. Осы жерде тоқсан бір бәлесінші жылы табылған адамдардың мүрделері, сүйек саяғы осы жерден табылған. Мынау енді қоршап қойған жер», – дейді тұрғын Алмас Айыпов.

Осының салдарынан болар бұл үй әлі күнге дейін қызылордалықтардың үрейін ұшырып келеді.

«Енді ол үйдің сыртынан да көрініп тұр ғой қорқынышты екені. Мен ондай үйде тұрмас едім. Жастар барады екен, бар деп айтады. Мен өз көзіммен көрген жоқпын бірақ» – дейді тұрғын Гүлнар Садықова.

«Енді сенетін шығарсың. Жұрттың барлығы айтып жатқан сон. Маған барып, кіресің ба десе кірмес едім» – дейді тұрғын Баян Құлмаханова.

«Енді құдай сақтасын тұрмаймын ондай үйде. Қорқамыз ғой енді қанша дегенімен елестен» – дейді тұрғын Гүлнар Садықова.

Ал, Қызылорда қаласының әкімдігіне қарасты жер қатынастар бөлімі бұл жер учаскесі алғаш 2004 жылы жеке тұлғаға берілгендігін жеткізді. Осы уақыт аралығында бұл жер бірнеше мәрте қожайынын өзгертіпті.

«Аталған жер учаскесі 13 мамыр 2005 жылы келесі бір азаматшаға өткен. Одан кейінгі уақытта 29-шы маусым 2016 жылы келесі бір азаматқа өткен. Яғни, бұл жер учаскесі бүгінгі таңда үш рет меншік иелері ауысып тұр» – дейді қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жақсылық Төлегенов.

Сонымен қатар шенділер жер иелерінің құжаттары толық рәсімделмей, құрылыс осы күйде қалып, қала көркін бұзатын болса шара қолдануға болатынын айтады. Қаңырап бос тұрған үйдің иелерін біз де іздеп көрдік. Алайда, еш нәтижесіз. Көршілер болса соңғы екі жылдан бері бұл жерге бірде-бір жан келіп, бой көрсетпегенін айтады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау