Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүсіпбек Аймауытов: ұлтжанды жазушының қиын өмірі

Қаламынан «Қартқожа», «Ақбілек», «Күнекейдің жазығы» секілді қазақ әдебиетіндегі айтулы туындылар туған Жүсіпбек Аймауытов ұлтшылдылдармен байналыста болды деген жаланы арқалап, қуғын-сүргінге ұшыраған тұлға. Ол 1929 жылы басталған тергеуден кейін 1931 жылы сырттай ату жазасына кесіледі. Бірақ, кеңестік қуғын-сүргіннің құрбаны болған Жүсіпбек Аймауытов осынау қысқа ғұмырында халқына аса  үлкен бай мұра қалдырып кетті. Ол жазушының бағалы әдеби, ғылыми мұралары. Бүгінде Stan.kz ақпарат агенттігі сан алуан публицистік мақалалар жазып, қазақ әдебиетінің тарихына өлмейтін шығармалар қалдырып кеткен жазушының өмірбаянын ұсынады.

Жүсіпбек Аймауытов: ұлтжанды жазушының қиын өмірі

Жүсіпбек Аймауытов аумалы-төкпелі заманда 1889 жылы қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Әкесі Аймауыт өзіндік шағын күн көрісі бар қарапайым, момын шаруа  болған. Жүсіпбек өзі жайлы қалдырып кеткен мағлұматында тұрмысы жайлы баяндайды. Ол онда 1917 жылдарға дейін әкесінің малы 6-7 қарадан аспағанын айтады. Сондықтан, әкелері балаларын мал бағуға дайындапты. Содан Жүсіпбек бауырларымен тоқал тұқымының уақ балаларын оқытып, кебеже, шкафтарды жөндеп еңбек еткен екен. Ал, апалары алаша бауларын тоқып, орамал, жастық тыстарын кестелепті. 

Жүсіпбек туралы тура айтылмай жүрген деректердің бірі оның туған жылына қатысты. Мәскеуден табылған құжаттарда, Жүсіпбек Аймауытов 1895 жылы туған делінеді. Сондай-ақ, жазушы өзі туралы баяндаған хаттарының бірінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтан 2 жас кіші екенін жазған. Оған сүйенсек, жазушы 1895 жылы туған болып шығады. Бірақ, көп деректерде Жүсіпбек 1889 жылы дүниеге келген деп көрсетіледі.

Болашақ жазушының алғаш сауат ашқан жері Әбділда Хазірет салдырған медресе. Ол жерде Жүсіпбек 5-6 жыл дәріс алды. Тіпті, бала молда атанып, шәкірт оқытқан. Сауатын ауыл молдасынан ашқан Жүсіпбек Баянауылда, Павлодарда орыс-қазақ мектептерінде оқиды. Дегенмен, ол Керекудегі екі сыныпты орыс-қазақ мектебін тиіп-қашып оқыды. Себебі, болашақ жазушы ол кезде бала оқытып, ақша тауып жүрді. Содан 1911-14 жылдары ауылда мұғалім болып жұмыс істеп, ауыл балаларының сауатын ашады. Ал 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына қатысады.

Семей семинариясында оқып жүрген кезінде-ақ шығармашылыққа бет бұрған Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылдары «Абай» журналын шығаруға ат салысады. Бірақ журнал қаржы тапшылығынан жабылып қалып, жазушы мақалаларын «Сарыарқа» газетіне шығара бастайды. Аталған басылымның екінші санында «Тұр бұқара, жинал кедей, ұмтыл жастар» деп мақала да жариялаған. 1919 жылы Жүсіпбек бұл семинарияны үздік бітіреді. Колчаг үкіметі құлағаннан кейін Семейдегі «Төңкерісшіл» губерниялық комитетінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Кедей таңы» газетінің редакторы болды. Осы кезде коммунистік партия қатарына өтіп, 1920 жылдың қазан айында Қазақ атқару комитетінің  мүшесі және Оқу-ағарту наркомының орынбасары болып сайланды. 

1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі болады.
Жүсіпбек Аймауытұлының алғашқы шығармашылығы адыма ақындығы. Жазушы «Өз жайымнан мағлұмат» атты жазбасында 13 жасынан өлең жаза бастағанын, Абайға еліктегенін, болыс боламын деп елге алданған алыпсатардың әпенде әрекетін әжуалайтын өлеңін 1913 жылы «Қазақ» газетіне жариялағанын айтады. Ол Алаштың ұранын жазған. Жүсіпбек өлеңдерінің өзіндік өрнегі бар. Айталық, «Сарыарқа сәлемі», «Жәмила», «Ахахау», «Ұршық», «Көшу» атты шығармалары ұсақ детальдарды суреттеу арқылы үлкен қоғамдық құбылыстардан хабар береді.

Оның поэмалық мұрасын «Нұр күйі» атты поэмасы толықтырады. Ақындық өнері аударма еңбектерінен жақсы байқалады. Ол алыс-жақынының, белгілі қаламгерлердің классикасын аударған. Аудармашылық оның шығармашылығының бір қыры болып саналады. Сонымен қатар, ол 1916-17 жылдардан басталған қазақ драма өнеріне де өзінің төл шығармаларын арнады. Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған Семейдегі әдеби кештерде, сауық кештерде осы Жүсіпбек Аймауытовтың драмалық туындыларының басым бөлігі сахналанған. Сонда Әуезов, Аймауытов өздері суфлер болып, жазған дүниелерін халыққа ұсынды. Сондықтан, қазақ театрының бастауында, белгілі бір мөлшермен алған кезде Жүсіпбек Аймауытовтың төл шығармалары және оның автор, режиссер ретінде аты аталады.

Жүсіпбек Аймауытұлының қалам қуатын танытатын дүниелері – прозасы. «Күнекейдің жазығы» повесі, «Қартқожа» және «Ақбілек» романдары сөзсіз классика. Ол бірді-екілі кейіпкердің тағдырын суреттеу арқылы бүтін бір дәуірдің шындығын, тұтас бір ұлттың тағдырын көрсетеді. Ал шағын әңгімелерінің көтерген жүгі романға бергісіз.   

«Жүсіпбектің «Елес»деген әңгімесі бар. Бұл классикалық әңгіме. Бірақ, классикалық әңгіменің үлкен идеясы – сен ақынсың, жазушысың, көркем шығарманың адамысың, жаныңа не әсер етеді соның формасын тауып жаз дегенге келеді. Сөйтіп, «Елес» бәрін көріп отырып, «сен ананы жазбадың, неге жазбайсың» дейді. Онысы бір кезде қиял болып шығады. Сөйтсе, адам түс көріп отыр екен. Жазушы шығарманы осылай суреттейді»,- дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабек.

Жүсіпбек шынында да, өз заманында ақын ретінде, жазушы, драматург ретінде көңіліндегіні, ойындағыны айта алған қаламгер. Алайда, Жүсіпбектің осы шығармасын қызыл шиқандай болып сынағандар да болды. Ғаббас Тоғжанов өзінің «Әдебиет және сын мәселесі атты» кітабында «Елесті» саяси астары бар әңгіме, әңгіме түрінде жазылған саяси мақала, тіпті контрреволюция деп бағалайды. Аталған кітапта Жүсіпбектің жазу әдісі мен шығармашылығын көпе-көрнеу қаралап, мансұқ ету пиғылы бірден аңғарылады. Зымиян заманның қол шоқпары болған Ғаббас Тоғжанов Алаш арыстарын идологиялық тұрғыдан қаралауға келгенде алдына жан салмаған. Айталық, «Мағжанның ақындығы», «Жүсіпбектің сыны», «Абайды әлі толық білгеніміз жоқ» деген мақалаларында ол Жүсіпбекті ғана емес, Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың саяси, ғылыми, әдеби мақалалары мен кітаптарын түкке тұрғысыз, надандықтың иісі аңқиды, ауылдағы қара надан қазақтай жазады дейді де, өзінше кесім жасайды. Ғаббас Тоғжанов 1935 жылы Қазанда шыққан «Абай» журналындағы мақаласында: «Өткен заман бізге үлгі емес. Сол сияқты қазақ ұлтшылдары да бізге бүтін өлшем бола алмайды. Бізге өрнек-үлгі – Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин сықылды пролетариат көсемдері. Біз осылардан үйренеміз», - деген.

Жүсіпбектің шығармашылығын зерттеушілер оның шебер музыкант болғанын, 6-7 әні барын алға тартады. Айталық, халыққа кең таралған «Екі жирен» әнін Жүсіпбек Аймауытов Торғайға мал айдап бара жатып теріс аққан өзеннің бойында, табанды жусатып жатқанда жолыққан бір келіншекке арнап шығарған екен деген әңгімені кезінде Бауыржан Момышұлы, Серке Қожамқұлов, Ғабит Мүсіреповтердің өзі растаған көрінеді. 

Қызыл үкіметтің қанды қырғынына Жүсіпбек неге ерте ілінді... 60 жыл бойы НКВД мұрағатында тосын көздерден тығулы жатқан аса құнды құжаттарды жарыққа алып шыққан ғалым Тұрсын Жұртбай мен жазушы Дүкенбай Досжан еді. Сол құжаттар негізінде бірі іргелі еңбек жазып шықса, екіншісі абақты тарамын басты.

Дүкенбай Досжанның жарияланымында:  «Қызылорда қаласы, Карл Маркс көшесі 54-үйде тұратын Жүсіпбек Аймауытовтың үйіне 1929 жыл 14 мамыр күні жүргізілген тінтуде тәркіленген заттар: 1. Хаттар, барлығы – 88 дана. 2. Ескі фотосурет. 3. Жеке басының құжаттары – 20 дана. 4. Аймауытовтың қолжазбалары және газет қиындылары – 34 бума. 5. Қалың дәптердегі қолжазбалар – 33 дана. Кітапта – 6 дана. Куә ретінде азамат Ысқақов қатысқан. Тұтқындаған – Дінше Әділетовты Бетпақдалада қуғындап жүріп, атыс үстінде қолға түсірген ОГПУ-дің өкілетті өкілі И.А. Шумилев», -делінген болатын.

Ал, ғалым Тұрсын Жұртбай Жүсіпбектің атылып кетуіне шәкірттері де себепкер деп жазды. 1926-28 жылдар аралығында Аймауытов Шымкенттегі педагогикалық техникумда ұстаз болған. Тергеу кезінде сонда оқыған Қалабай Бекдуллаев бастаған үш студентінен жауап алынған. Сонда олар тыйым салынған әдебиетті оқытты, шәкірттерін көтеріліске үндеді деп, ұстаздарын халық жауы етіп көрсетеді. 

Жүсіпбек Аймауытовтың бар қылмысы ұлтжандылығы. Осы қасиетінің кесірінен ол бұған дейін де істі болған. Бұл Торғай ісі деген тарихта қалған қылмыстық іс. 1922 жылы жұтқа ұшыраған халыққа жәрдемдесемін деген Жүсіпбектің басы дауға қалады. Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға Семей губерниясынан жылу жинап, адам ұйымдастырып, 7000 бас малды Торғайға айдап барады. Жол жөнекей аштан қырылып жатқан ел-жұртқа мал үлестіреді. Ақырында таратқан малға қолхат алмады. Сол кезде, жылуды бай-бағландарға берді. Мемлекеттің мүлкін талан-таражға салды деп сотқа тартылады. Жүсіпбек сонда қазақтың ескі әдет заңына сүйеніп сотта былай деп жауап берген: «Қазақ ежелден қарыз беріп, қарыз алады, құн беріп, құн алады. Қалыңмал береді, қалыңмал алады. Сонда ол бірінен-бірі ешуақытта қолхат алмайды, ешбір протокол жасамайды, бәрі ауызша, сөзбен жүргізіледі. Бұл әбден әдет болып кеткен. Аштарға жәрдем үлестіргенде менің бойымда да, ойымда да осы заң күшті болды. Мен атам қазақтың осы заңын ұстандым. Аштарға не берсем де, ешқайсысынан қолхат алмадым. Хат білмейтін, аштан көзі қарайып, өлейін деп отырған адамнан қолхат сұрауды қолайсыз көрдім». 

Ақыры 1926 жылдың наурызында Торғайда ашыршылыққа шалдыққандарға көмектесемін деп, басы дауда қалғандарға шешім шығарады. Жүсіпбек Аймауытовты және сол Торғайдың аш халқына мал тарату ісіне қатысқан Шайқы Құлжанов, Ілияс Байменов, Рүстем Әбдіғапаров және Ахмет Исабай Жүсіповты 1 жылдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы сот шешімі шығады. Бірақ, артынан қазақ орталық атқару комитетінің араласуымен сол жылдың сәуір айында, 26 сәуірде, оларға кешірім жасау туралы қайта шешім шығарылып, сөйтіп Жүсіпбектер ақталып шығады.

Ең ұзақ сот процесі ретінде тарихта 12 топ болып, қатталып қалған сол істің әлегі енді бітті ме дегенде Жүсіпбектің ізін аңдушылар оны ақыры аяғынан шалып жықты. 

«1928 жылы алғаш ұсталу себебі Орынбордағы халық театрының тұңғыш директоры Дінмұхамед Әділов екеуінің жақын дос болғанында. Әділовтың ағаларының бәрі Созақ көтерілісінің басшылары. Ол заманда жер-жерде көтеріліс болды. Солардың бірі Созақ көтерілісі. Сол көтерілістің саяси платформасын Діншеге кезінде Жүсіпбек жазып берген. Соны біреу көрсетіп, сол арқылы Дінше екеуінің кездескенін бір-ақ жапқан. Қазақ төңгерісі кезінде саяси элита ретінде көзге түсті»,- дейді Жүсіпбек Аймауытов ауылының тұрғыны Рамазан Нұрғалиев. 

«Шын мәніде, Жүсіпбек Аймауытовтың бұл Созақ көтерілісіне қатысы жоқ деуге болады. Сол тергеу барысында Жүсіпбек Аймауытовқа «Сіз Дінмұхамед Әділовты таныған екенсіз, ол сізге Шымкентте жүрген кезіңізде келіп, осы Голощекинге қарсы астыртын шара ұйымдастырайық деген ұсыныс жасапты» дейді. Тергеу мәтериалдарын қарасақ, оған Жүсіпбек Аймауытов былай деп жауап береді: 1928 жылы Шымкентке Дінмұхамед Әділов келді, менімен жолықты. Голощекиннің жүргізіп отырған саясатына көңілі толмайтындығын, сол үшін оны биліктен кетіру қажет деген сияқты ой айтты дейді. Бірақ, мен оған бұл биліктен Голощекин кеткенімен, ертең оның екіншісі, үшіншісі келеді. Бұнымен ештеңе өзгермейтінін айттым дейді. Және ол осы ойды Міржақып Дулатовқа жеткізу туралы Жүсіпбекке өтініш жасаған екен. Жүсіпбек Аймауытов «мен бұны Міржақып Дулатовқа айтқан кезде де, ол да үзілді-кесілді қарсы болды» дейді», - деді тарих ғылымдарының кандидаты Теңгеш Қаленова.

Тергеу кезінде Жүсіпбектің кінәсі еш дәлелденбесе де оған алты түрлі айып тағылды. Яғни, Жүсіпбек Аймауытовқа Кеңес үкіметін құлату үшін астыртын контрреволюциялық ұйым құрды, әскери жасақ құруға ұмтылды. Сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп алып кетпек болды. Англиямен астыртын байланыс орнатып, Қырда көтеріліс ұйымдастыруды жоспарлаған. Тіпті, қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтірмек болған деген жала жабылды. Осындай жаланы арқалаған жазушы кінәсі дәлелденбесе де жазықсыздан жазықсыз айдалып кете барды. Ал боздақтардың Бутыркаға жөнелтірер сәті Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрдың естелігінде бар. 

«Тұтқындарды Москваға алып кетеді екен деген хабарды естідік. Ертемен, күн шығар-шықпаста қасымда үш бірдей қатар құрбыларым бар, олар – Жүсіпбектің баласы – Бектұр, Абай туыстары Өміртайдың қызы – Әуен, Юсупов Ахметсафаның қызы – Фарида болатын. Екі өкпемізді қолымызға алып вокзалға жеттік. Жүк таситын вагондардың қатарындағы шеткі бір вагонның темір торлы терезесінен әкем мен Жүсіпбек қарап тұр екен. Күзетшілер вагонға жолатпай: «Қайт, атамын!»,- деп жекіп, жасқай берді. Бектұр қорқып, кідіріп қалды. Жүсіпбек аға анадайдан айқай салды: «Бектұр! Жақында, қорықпа!..», - деп. Айтатын бір сөзі болуы керек. Күзетшілер баланы әкесіне жолатпады, жылап-еңіреп жүріп пойызды көзбен шығарып салдық. Бұл 1929 жылғы 24 маусым күні болатын»,- деген Міржақып Дулатовтың қызы өз естелігінде.

Жүсіпбектің артында Бектұр, Жанақ, Мәруа атты үш ұрпақ қалған. Алайда, тағдырдың асау ағысы әрқайсысын әр тарапқа ағызып әкетті. Бірі, жастайынан жат жерге кетіп жан сақтады. Бірі, халық жауының баласы екені білініп қалып, көп күнін қапаста өткізді. Бірі, жат жұртқа сіңіп тамырын жоғалтты. Сарқылмас мөлдір бұлақтан бүлкілдеп аққан тұнық су бастауынан ұзаған сайын арнасы тарылып, құмға сіңіп жоқ болды. Алайда, сол қайнар бұлақтың қазақ руханиятына сарылдап кеп құйған сағасы ешқашанда су алмайды.
 

Талқылау