Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отандық журналист қазақ әйелдерін қатын деп атауды ұсынды

Журналист Жолымбет Мәкіш “әйел” сөзінің түп төркінін аша келе қоғамда “қатын” сөзінің қолданылуы құптады. Әйел сөзі кеңес кезінен қалған саясаттың зардабы деген пікір айтты.

“Өзбектер қазір бізге қай жағынан алсаң да үлгі. Тілін, дінін, дәстүрін солар ғана жанын салып қорғап қалып жатыр. Бұрын да сондай еді, қазір де сондай өзбек. Осы жаңа лентадан «қатын» деген сөзге байланысты бір постты оқып қалдым. «Әйел» дегенге әбден үйреніп қалған қыз-келіншектер оны жақтырмай жатыр екен. Жалаңбас, жалаңбұт өмірге үйреніп қалғандардың орамалға қарсы шыққаны секілді болып көрінді ол маған. Бұл да сол Сәвет кезінен қалған саясаттың зардабы”, – деп жазады журналист Facebook парақшасында.

Жолымбет Мәкіш бұл тұрғыда өзбек, татар, қарақалпақтардың қалай әрекет еткенін айтып өтті. Әйел сөзінің мағынасын білгендіктен қолданысында жоқ екенін алға тартты.

“Қатын деген сөзден бізді 1925 жылдардан бастап жеріте бастады. 1927 жылы «Әйел теңдігі» деген журнал шыққан. Бұл сол кездегі қазақ қоғамына белгісіз сөз болатын. Кейін оның атын қайтадан «Қазақстан әйелдері» деп өзгертті де, «әйел» деген «современный» сөзді жұрттың санасына сіңіре бастады. Оны ескіліктің қалдығы сияқты болып көрінген «қатын» дегенге альтернатива етіп алды. Бізден басқалардың бәрі – өзбек те, қарақалпақ та, татар, ноғай, түрікпендер де «әйел» деген сөзден бас тартып, қатындарын кемсіткен жоқ. Неге кемсіткісі келген жоқ? Өйткені, әйел – араб тілінде ешқандай хұқы жоқ, күңнің орнына жүретін адамның аты болған”, – дейді ол.

Журналист бұдан әрі “қатын” сөзінің керісінше патшайым деген мағына беретінін, оның қыз-келіншектерге жақсы мағынада қолданылғаны жайлы айтты.

“Қатын – қай кезде де (императрица, госпожа деген сияқты) статусты білдіретін. Қыз-келіншекті қазақ кемсітпеген. Оны жатжұрттық деп аялап, біреудің қатыны (госпожа) болады деп мәпелеп өсірген. Кемсітіп, оны ешқандай мұрагерлік хұқы жоқ күң дәрежесіне дейін «көтеру» – Сәвет кезінен басталған «теңестіру» саясаты.

Айтпақшы, өзбектер де тура сондай журнал шығарған. Бірақ олар әйел деген сөзді алып тастап, «Өзбекстан қотын-қызлары деп атады. «Татарстан қатынлары» деген журнал шығарды, татарлар да жарысып.

«Қатын деген сөз – императрица, госпожа дегенмен бірдей сөз болған» дедім ғой. Егер «қатын» деген сөз қыз-келіншекті кемсітетін сөз болса, онда біз ханның бәйбішесі болған тарихтағы атақты қатындар – Тайдұлла қатын, Мандұқай қатын, Өгіл-қаймыш қатын, Сорқақ қатын, Теркен қатындарды да кемсіткен болып шығар едік. Бірақ олар қатын (госпожа) деген статуспен тарихта қалды”, – дейді ол. 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау