Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналист Асылхан Өмірбекұлы қайтыс болды

Спорт жаңалықтарының жүргізушісі Асылхан Өмірбекұлы қайтыс болды. Бұл туралы журналистің әріптестері әлеуметтік желіде жазып жатыр деп хабарлайды  Stan.kz.

Өмірбек

“Екі күн бұрын Айдос ағам екеуміз көңілін аулап, үйіне кіріп шыққанбыз. Жарты сағаттай жанында отырдық. Сырқат жанын жегідей жеп жатыр, білдірткісі келмеді. Терең күрсінді де, көңілденген кейін танытып, “Инша Алла, Оразаға да аз қалыпты ғой” деді. Кетер тұста, “жиі келіп тұрыңдаршы” деді. Бізді көзінің қиығымен, бір үлкен қимастықпен шығарып салғандай болды. Сол күні Асыл бауырымыздың ақ жүзін бұл жалғанда ең соңғы рет көруіміз екен. Көкірек өксиді, іштей тынасың…”,-деп жазған журналстің әріптесі Мейіржан Әлібекұлы.

журналист

“Осы сапар естен кетпейді. Бұл күні сен аты жаман дертке шалдыққаныңды білмейтінсің…. Біз сені емxанадан алып кеттік. Анализді асығыс тапсырдың да бізге ілесіп кете бардың. Сен де біз де жеңіл-желпі сырқат шығар деп ойладық. Баршынның бойында екі күн тойладық. Қармақ салып, балық ауладық. Жақсы демалыс болды. Нұрбек екеуің алысып ойнаған сәттерің де көз алдымда… Аяғына “зацеп” орап лақтырғалы жатқаныңда осындай балуан жігіт қалайша ауырушаң болады деп таңғалғанмын. Бірақ дерт дегенін қылады екен. Сол сапардан соң сен Нұрбекпен емес аурумен күресіп кеттің. Мәскеуге дейін барып емделдің, ұзақ уақыт алыстың. Анажолы “Әйел бақыты” xабарында ауруды жеңген адам ретінде сұxбат беріп отырғаныңды көріп қуанып едім, артынша ауруxанаға қайта түскеніңді естіп уайымдап қалдық. Енді міне таң атпастан Нұрбектен суыт xабар жетті. Сен кетіпсің… Қажылыққа бір бару арманың еді, ол да бұйырмады. Діни басқарманың маған берген сертификатын шын ниетіммен-ақ өзіңе сыйлап едім, алайда ол да белгісіз себеппен сиырқұймышақтанып кетті. Бірде xат алмасқан сәтімізде “берілме, соққылай-соққылай ауру да діңкелейтін шығар”,-деген менің қайрауыма “сол бәленің соққысы жаман, нокдаунға жібереді, есті аударады”,-деген болатынсың…. Ақыры жеңіпті. Бақұл бол Асылхан! Сен көрмеген қызық артыңда қалған ұл-қызыңа бұйырсын!”,-деп жазған  журналист Есболат Айдабосын.

журналлл

“Рингтың бір бұрышына мен орналассам, қарсы бетте қасқайып Ақ Қан ауруы тұрды. Дәрігер – төреші болса, тілеулестерім – ринг сыртында жанкүйерлік етті. Алғашқы екі раундта(екі айда) қарсыластың сериялық соққылары жойқын болып, ұпай саны 27-ге(рак клеткаларының пайызы) жетті. Бокс мамандары(гемотологтар) мені енді көп болса бір раундқа шыдайды деген болжам жасады. Алайда, үзілісте бапкердің(ресейлік профессор) кеңесіне құлақ асып, аса қиын тактиканы(ауыр химиятерапия) таңдап, тәуекелмен қарымта шабуылға көштім. Нәтижесінде қалған раундтарда есеп айырмашылығы 1-2(%) дейін қысқарды.. Кездесу шешуші кезеңге жеткенде(санкт-петерборда) қос тараптан да алма-кезек соққылар жұмсалды(ота жасалды, тәтемнің жілік майын салды). Қарсылас(рак) шыдамай құлады.. Төреші санақ жүргізе бастады(жарты жылға дейін жілік май сүйекке сіңуі керек). Қарсылас бас көтермеген соң АқҚанды АсылХан жеңді!!! Иманды болсын!”,-деп жазды спорт журналисі Рауан Оқас.

Талқылау