Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жуынды жегізіп, тоңазытқышқа қамап қойды": Түркістан облысында қыздары өгей анасынан көрген қорлығын өздері айтты

Өгей қыздарын өлімші етіп сабап, кейде тоңазытқышқа қамап, аяусыз қинаған келіншектің әрекеті жұртты шошытты. Осы оқиғаға қатысты кешелі бері тараған жантүршігерлік видеолар мен суреттер әлеуметтік желілерге желдей тарап жатыр.

Бір үйдің үш қызы бірнеше айлар бойы өгей анасынан аяусыздық көріп келгенін әкесі білмепті. 

Әлеуметтік желілер арқылы тараған ақпарат пен суреттерді көргенде ашуға булықтық. Балаларға осылайша қатігездік жасауға қалай қол барды деп күйіндік. Енді оқиғаны  барынша байыпты баяндауға тырысып көрейік, деп хабарлайды Еуразия арнасына сілтеп Stan.kz.

Өгей ана бір үйдің 12, 14 және 16 жастағы 3 қызын өгей шешесі аяусыз қорлаған. 

Темір қысқыш кемпірауыз тек қол-аяққа ғана тимеген екен. Айту қиын. Қыздардың жыныс мүшелерін де қысқан. Дені дұрыс тамақ та балалар үшін арман болған екен.

- Жуынды жеген кезде шыдай алмай құсып жібердім. Маған құспа деп айтқан еді де. Айтпай құсып жібердім.

-          Ол құсқаның үшін тағы ұрды ма?

-          Ол білген жоқ. Оған білдіртпей құстым. Егер біліп қойса, маған тағы жегізеді.

Балалардың сөздеріне сенсек, өгей шешелері кез келген ағаттық үшін қатаң жазалап отырған.

- Полкілердің бәрін алып тастады да. сөйтіп ішінен отырғызып қойды тоңазытқышқа. 

-          Оған қалай сыйдың? Дәу тоңазытқыш па не?

-          Кішкентай-ақ еді. Сол барынша, бүрісіп отырдым.

-          Оның ішінде қанша уақыт отырдың?

-          Бір жарты сағат көлемінде отырдым. 

-          Жаурамадың ба?

-          Сәл жаурадым.

"Шашлыктың палочкасымен басыма, арқама, қолымды тесіп тастады. Аяғымды 50 реттен кемпірауызбен ұрды. Аяғымды ыстық сумен күйдірді, қолымның барлығына ыстық су шашты, - деді қыздары. 

"Өгей шешесі бұларды әбден қорқытады ғой. Мені лақтырмаңдар. Айтпаңдар. Мен түрмеге қамалып кетсем де, шыққан соң сендерге көрсетемін. Мен бәрібір сендерді өлтіремін деп айтыпты", - деді қыздардың жеңгесі.

Қорлық көрген балалардың әкесімен де тілдестік. Қыздардың туған анасымен ажырасып кетіпті. Үйдегі жағдайдан бейхабар болып шықты.

"Мен ол оқиғаны шынымен білгенім жоқ. Азанда кетемін, кешке келемін. Жұмысымды істеп жүргенмін. Маған да айтпаған. Мен қанша рет қыздарымды құшақтадым, айтыңдаршы деп. Қалай бәрі тыныш па, бәрі жақсы ма деймін. Папа, қазір бізде бәрі жақсы дейді. Жеткілікті ме деймін, бәрі жеткілікті дейді", - деді әкесі.

Жағаұстатар жайт қазір қоғамда қызу талқыға түскен. Қылмыстың түр-түрін сараптап, салқынқанды сұхбат беретін полиция департаментінің өкілі де көз жасын әрең ұстап отырғандай көрінді.

"Жетісай ауданында орналасқан мектептің бірінің мұғалімдері мектепке әр түрлі дене жарақаттарымен келген бір жанұяның балаларын анықтады. Осы мәліметті ювеналдық полиция бөліміне жеткізді. Мәліметті 12 сәуірде Жетісай аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК 140-бабы бойынша тіркеді", - деді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қарагөзова.

Бүгін балаларға айуандық жасаған өгей шеше уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істі ішкі істер министрі өз бақылауына алған. Балалардың жағдайы орташа дейді дәрігерлер. Олармен психолог мамандар әлі біраз жұмыс істейтін секілді.

Талқылау