Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұбаныш Жексенұлы: Халықтың өзі әншісымақтарды қолдан «жұлдыз» етіп жіберді

Танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы қазақ шоу-бизнесіндегі былықтардың бетін ашып, жан айқайын жеткізді. Ол бүгінде телеарналарда мән-мағынасыз, дабыра шоулардың қаптап кеткенін, ал әншісымақтардың той төңірегінде ән шырқап, өзін ел мүддесін ойлап, шаршап жүрген тұлға көрсеткісі келетінін айтып ашынды.

Жұбаныш Жексенұлы

Бұл туралы «Қазақ үні» порталына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әншінің сөзінше, бүгінде шоу-бизнесте жүрген өнер адамдары “не істеп жүргенін өзі білмейді. Мұндай масқараға қарап, Жексенұлының өзі әнші болғанына арланатын көрінеді.

«Жоғары жақтан тапсырма бар ма, жоқ шын мәнінде арналардағылар арзандады ма, өңшең өресіз күлдіргі, саяз сатириктердің заманы туды.  Танымы бар, ой қозғайтын бағдарламалар жоқтың қасы.  Ойын-сауық, бос даңғаза.. Сын айтсаң тағы өкпелеп, жауығады…  Өздеріне сенімді, ылғи  «кәсіпқой». Үлкеннен имену, кішіден ұялу дегенді мүлдем білмейтін бір толқын келді.  Соларды қоғам тағы ұлықтап, қолдан «тұлға» жасауды әдетке айналдырған. Бір сөзбен айтқанда,  Масқара!  Кім не істеп жүргенін өздері білмейді (әсіресе осы шоу бизнес, әннің айналасында жүргендер).  Осыдан кейін әнші болғаныңа ұялып, арлана бастайсың…», – деп бастады сөзін Жұбаныш Жексенұлы.

Өз сөзінде әнші қоғамның деңгейі жұлдыздар туралы өсек теруден аспай тұрғанын айтып қынжылды. Сондай-ақ, ол біраз уақыт бұрын Қайрат Нұртасты «жерге» теңегені үшін қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованы сынап-мінегендерді көріп, тыңдарманның ойлау деңгейі, мәдени деңгейі өте төмен екеніне көзі жеткенін басып айтты.

«Есімін ұмытып қалдым, Қытай жақтан келген бір бауырымыз: «Қазақстанда айқайлап ән айтқаннан басқаның бәрі адам емес екен ғой» – деп еді…

Қоғамның  да деңгейі сол,  әнші-мәнші жайлы өсек теруден аспай қалды.  Деңгейсіздік өте қатты белең алды…  Осыдан біраз уақыт алдында  Бибігүл  Төлегенова  апамызға   «Инстаграмда»  өте сорақы пікірлер жазылды.  Сол кезде менің жалпы тыңдарманның ойлау деңгейі, мәдени деңгейі өте төмен екеніне көзім анық жетті. Төмен бе, жоқ әлде мүлдем жоқ па? Көрген көз бен естіген құлақтан ұят.   Айта берсең, мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады», – дейді Жексенұлы.

Ал мұндай ойыңды айтудың өзі қауіпті, дейді әнші. Себебі көре алмайтын адам болып шыға келесің.

«Айтатын әннің деңгейі той-томалақтың төңірегінде…  Бірақ, образдары – ел мүддесін ойлап, шаршап жүрген тұлға.   Өйткені ел, халықтың өзі сол әншісымақтарды қолдан «жұлдыз» етіп жіберді…  Экранға елпілдеп, екі-үш  рет  шықса, мән-мағынасы жоқ    «Бірлік болсын әлемде» дегенді  аузы талғанша қайталағаннан басқа ешнәрсе  айта алмаса да, аяғы талғанша секіре берсе, жетіп жатыр… Ертеңіне – «жұлдызсың».  Тіпті, сені одан кейін  телеарналар  мәнсіз,  даңғаза шоу бағдарламаларына жүргізушілікке шақырады.  Осындай, тек фонограммамен ғана елді алдап, ән айтатын, бірақ  екі ауыз сөздің басын құрап сөйлей алмайтын «әншілерді»  жүргізушілікке шақырып жүрген телеарналардың «талғамы» туралы не айтуға болады?» – деп ашынды әнші.

Сөз соңында Жұбаныш Жексенұлы даңғаза шоулардың телеарналарда қаптап кетуіне көркемдік кеңестің болмауы себеп болып отырғанын айтты.

«Арзан күлкілі  сайқымазақтар мен дәлдүріш әншілердің қаптап кетуіне  еш таңдаусыз, талдаусыз, талғаусыз,  сүзгіден өткізбей-ақ, эфирге шығара беретін  көркемдік кеңесі жоқ телеарналар мен радиолардың да үлесі зор.  Ең алдымен  миллиондаған көрерменді  аяу керек емес пе?   Ұят тіпті…» – деп тәмамдады әнші Жұбаныш Жексенұлы.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау