Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақша болмады: “Жігіттер” тобы концертке қажетті 170 миллион теңгені қайдан алды? (видео)

«Жігіттер» тобына он бес жыл! Қазақ эстрдасындағы танымал ұжым күні кеше «Алматы аренада» жеке ән кешін өткізді. Бір қызығы он екі мыңдық сарайды тыңдарманға лық толтырған төрттік мерейтойға қаржы таппай, әуре-сарсаңға түскен. Бірақ тығырықтан шығар жолды таба білген квартет, дүбірлі шоуды абыроймен атқарды. Бойзбендтің концертін Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі де тамашалап қайтқан болатын.

«Жігіттер» тобының жеке ән кешіне 170 миллион теңге кеткен, алайда концерт алды топ мүшелерінде бұндай ақша болмаған

«Бізде расында да концерт өткізетін қаражат болған жоқ. Бірақ біз осы он бес жылдықты өткізбесек ары қарай жылжуымыз да, шарықтауымыз да, болашақтың барлығын бүгінгі сәт шешіп тұр да. Біз қаражат жоқ деп, осы мерейтойды жасамасақ… Бұл жерде біздің Ерғали ағамыздың табандылығы, қайтпастығы, мінезділігімен алып шықты. Дәл осы концертті жасамағанда бірінші біздің еңсеміз түсетін еді. Екіншіден уақытымыз өтіп кетті деп ойлайтын едік. Үшіншіден қазіргі эстраданың ағымынан қалып кеттік деп ойлайтын едік. Содан кейін қорқақ болып, ары қарай тәуекелге бара алмайтын едік. Бүгінгі концерт көп нәрсені шешіп берді», – дейді Бағлан Әбдірайымов.

Ал концертке кеткен шығынды Ерғали Әбдірайымовтің өзінен сұрап көрдік.

«Домалақтап айтсақ 170 миллион теңге кетті. Менің қазірге біліп тұрғаным ғана. Сондай қаржы кетті. Оның арғы жағында әлі саналмаған дүниелер бар», – дейді Ерғали Әбдірайымов.                     

Мерейтойда төрттік бірнеше құпияның бетін ашты. Сөздеріне сенсек, «Жігіттер» ұжымы осы он бес жыл ішінде талай мәрте тоқырауға тап болған. Алайда, ұжымдағы өзара кикілжің мен түсініспеушілікті дер кезінде жеңе білгендерін жасырмайды.

«Мойындау керек «Жігіттер» тобында біраз тоқырау болды. Бірінше рет Еркін Нұржанов кеткенде біз өз-өзімізге келе алмай біраз жүріп қалдық. Өнерге деген құштарлық азайып кетті. Себебі өзімізді өзіміз жоғалтып алдық. Кейінгі жылдары әркім өзінің бизнесін ашып кетті. Бағлан өз бизнесін, мен өз бизнесімді. Содан кейін өнерге келе алмай қалдық. Соңғы рет топтағы тоқырау екі жыл бұрын болды. Топта төрт жігіт және продюсер бар. Бес адамның тіл табысуы өте қиын негізі», – дейді «Жігіттер» тобының әншісі Айдар Тұрғанбек.

«Бір кездері «Жігіттердің» істеріне көңілім толмай, жеке әндер жазып, жеке концерттерге шыққан сәттерім болды. Өйткені, бір орында тұрғым келмеді. Өзіме ұнайтын әндерді айтқым келді. Мен ұсынған әндерді «Жігіттер» орындағысы келмеген кезде, жеке шығып орындауға тура келген сәттер болды», – дейді «Жігіттер» тобының әншісі Бағлан.

Алайда, топ продюсері інілеріне ағалық ақылын айтып, қиын кезеңдерде жігіттердің қылығына түсіністік танытқанын айтады.

«Бұлар баяғыдай бойдақ емес. Әр бірінің отбасы бар. Отбасында әр түрлі жағдайлар болып жатады. Біреуінің анасы, біреуінің әкесі ауырып қалады деген сияқты. Оның барлығы айналып келгенде топқа келіп тіреледі. Келетін жерге келе алмай қалады. Сол кезде түсіне білу керек. Сондай жағдайлар болды. Өмір болған соң көнеміз. Бірақ біз өнерді екінші сатыға қойған жоқпыз»,  – дейді топ продюсері.

«Жігіттер» тобы мерейтойға үш бірдей сахналық костюм тіктірген. Сондай-ақ, ұжымдағы әр әнші отанық шоу-бизнес өкілдерімен жаңа дуэттер жазыпты. Мәселен, Мырзахан Маханов пен Мөлдір Әуелбекова, Айдар Тұрғанбек пен Тамара Асар, Ердос Қанаев пен жас әнші Альбина Шардарова және Бағлан Әбдірайымов пен Бақыт Тұрман бірігіп ән шырқады. Бұл концертте топ продюсері Ерғали Әбдірайымов та «Жігіттер» квартетімен ән орындап, ерекше қырымен танылды.

Жігіттер тобы

«Оның себебі біз осы он бес жылдың ішінде бауыр, дос болып кеттік. Сол үшін «Жан досым» әнін біз «Жігіттер» тобымен айтып шығайық, халыққа дос екенімізді, бауыр екенімізді білдірейік деп шештік. Мен енді кәсіби әнші емеспін ғой. Мерейтойға арнап жаздық. Бұл өнер болғаннан кейін бәрі халық үшін», – дейді Ерғали Әбдірайымов.

Кеште қазақ өнері майталмандарының басым бөлігі төбе көрсетті. «Жігіттер» тобының қуанышына ортақтасқан меймандар қатарында Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев, Жанар Айжанова, Шахизада, Арман Дүйсенов сынды жұлдыздар бидің түбін түсірсе, Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов танымал төрттікке ақ батасын беріп, ұжымның продюсері Ерғали Әбдірайымовке шапан жапты.

Жігіттер тобы

«Осыдан 15 жыл бұрын осы сарыауыз төрт балапан ән айтып шыққанда не болар екен деген едік. Бұл жігіттерге бағыт беріп, олардың көзін ашқан Ерғали есімді азамат екен. Шыны керек үйдегі бір-екі балаға әлі күнге дейін ие бола алмай жүрген жайымыз бар.  Ал мына төрт ана, төрт атадан туған,  әрқайсы мен деп ауыздық  шайнап келген төртеуге ие болып,  оларға тұғыр бола білгені үшін Ерғалиға басымызды иіп, рахмет айтамыз. Бүгінде бұл жігіттер бір-бір отбасының иесі. Бүгінгі тойларың қайырлы, құтты болсын»,  – деді Досхан Жолжақсынов.

Жігіттер тобы

Айта кетейік, «Жігіттер» тобы дәл осы концерттік бағдарламамен желтоқсан айының 5- і  күні Астана қаласының тұрғындарына ерекше шоу ұсынбақ.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау