Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жігер Ауыпбаев: Біз Байзакованы жамандаған сайын, ол күнәні қорықпай жасайтын болады

Күні кеше атышулы Байзақовамен түскен суретін желіге жүктеп, оқырмандарының санасын сан-саққа жүгірткен Жігер Ауыпбаевтың ғаламтор тұтынушылары қызу талқылаған постқа қатысты жауабы дайын. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Айжанмен қарым-қатынасы туралы ашып айтты.

«Еліміздің белгілі бір арнасына ток-шоуға бардық. Әншілердің ішінен мені ғана шақырыпты. Ол жерде Айжан Байзақованың өмірі жайлы көп нәрсе талқыланады. Сол жердегі студияның сыртында біраз әңгімелесіп, сұрақ қойып, кейін суретке түскен едік», – дейді Жігер Ауыпбаев.

Олар түсірілім алаңында кездескен. Ауыпбаевтың сөзіне сенсек, атышулы бикеш Жігерді де, «Меломен» тобын да жақсы танитын болып шықты. Әнші жігіт әңгіме барысында ерсі қылықтарымен елге танылған қарындасына ағалық ақылын да айтыпты.

«Мен бұрын-соңды көрмеген екенмін. Тек аяғы ауыр кезінде көрдім. Мен оған айттым: «Сен анасың. Болашақта Құдай қаласа кішкентай нәресте дүниеге келген соң, өзгеретін шығарсың. Ол бала дүниеге келгеннен кейін сен оған жақсы тәрбие беру керексің. Ертең саған келіп “менің анам мынандай болған” деп бетіңе баспас үшін, сен қазірден бастап өзіңді түзей беру керексің деген пікірлерді айттым. Ол адам баласы. Жүрек деген құбылмалы. Аруымыз ішіндегі баланы босанғаннан кейін ойланып, қатты өзгеріп, жүрегі 180 градусқа дейін бұрылуы мүмкін ғой. Мүлдем басқа Айжан болуы мүмкін. Соған үміттенейік», – дейді Жігер.

Желідегілер Жігердің бұл қылығын өзіне жасаған жарнама немесе хайпқа балап отыр. Кейбір оқырмандары әнші жігіт атышулы аруды қолдады деп айыптауда.

«Қазақ қызының ол қылықтарына мен келісемін деп айтпаймын. Ол ток-шоуда да мен келісемін деп ештеңе айтқан жоқпын. Бірақ сол бағдарламаға келген ақсақалдарымыздың өзі Айжанды жақтап жатқанда мен қатты қынжылдым. Ал, егер мынау дұрыс емес, ол жаман, ол қыз мынадай деп өршітіп жіберетін болсақ, оны ары қарай халыққа хит қылып, танылуына себепкер боламыз. Беретін тәрбиесі теріс деп айта берген сайын ол адамның ұятының барлығы сыпырылады да, ол адам керісінше сол күнәні қорықпай жасай беретін болады. Біз Байзақованың етін соған үйретіп жатырмыз», – дейді Ауыпбаев.

Бірақ Жігер Айжанның әрекетіне қатысты жағымсыз пікір білдіруді қаламайды, Сондықтан болар, Байзақованы жерден алып, жерге салған қоғамға өкпелі.

«Негізінде мен жан баласына жаман сөз айтып, сыртынан сөйлегенді қаламаймын. Өзімнің ұстанымым сондай. Неге десеңіз мен біреуді қазір жамандаған болсам, кейін соның орнында мен өзім тұрып қалуым мүмкін. Өмір деген алма-кезек қой», – деп сөзін түйіндеді әнші.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау