Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жезқазған тұрғындары полицейге дәретін шашқан жүргізушінің жазалануын талап етті

Жезқазғанда мас жүргізушіні шапалақпен ұрған полицейдің 5 жылға сотталуы жұрттың наразылығын тудырған. Тұрғындар тәртіпке бағынбағаны былай тұрсын, Төлеген Игімбековтің бетіне кіші дәретін шашып жіберген адамды жәбір көрушіге айналдыру ақылға сыйымсыз екенін айтып жатыр, – деп хабарлайды “КТК” арнасы.

67479568953-600x340

Сурет: news-39.ru

Наркодиспансерге жеткізілген бұрынғы полиция қызметкерінің қылығын көрген куәгерлер көп. Бірақ бұл қорлыққа шыдамай, полицейдің шапалақ жұмсауын сот ауыр қылмыс деп тапқан.

Наркодиспансерде полицейдің бірі орындыққа кеп отырған адамға тарпа бас салғаны видеоға түсіп қалған. Бірақ таспаны бәсеңдеткенде, есіктен кіре бергенде жаңағы полицейдің тоқ ұрғандай күйге түскені көрінеді. Сөйтсе, мас жүргізуші кіші дәретін шашқан екен.

“Қолына ұстап келе жатқан кіші дәретін полицейге шашып жібергенін көрдім. Алкотестер мен қанның сараптамасын мойындамай қойған соң, кіші дәретін алып келе жатқан болатын. Аузына келгенін айтып, білгенін істеп, бізді де, полицейлерді де адам құрлы көрмеді”, – дейді нарколог Сейіт Жақаев.

Бұрын өзі де ішкі істер саласында істеген Қанат Елубаев ертесінде- ақ «полицейлерден жәбір көрдім» деп арыз түсірген. Қозғалған іс сотқа жетіп, судья Төлеген Игімбековтың әрекетін қызмет бабын асыру деп тапты. Сөйтіп 5 жыл жаза кескен.

“Төлегеннің түсініктемесін, куәгерлердің барлығы растағаны айтылды. Бірақ, аяғында бәрі керісінше болып кетті. Демек, кіші дәретті үсті-басына шашып кеткен адамға қарсы әрекет жасау қылмыс деп табылған”, – дейді Игімбековтың қорғаушысы Төлеубай Мусин.

Елубаевтың өзі полицейге кіші дәретін шашпадым деп отыр. Керісінше көлікті тоқтатқаннан бастап, наркологияға келгенше ұрып-соқты, өздерінің қылмысын жасыру үшін сау болсам да, дәрігерлермен ауыз жаласып жала жапты дейді. Ал үкімді естігелі Төлегеннің туыстарынан ес кеткен. Тек, айы күні жақындаған аяғы ауыр жұбайы ғана балалары үшін сабырлық сақтауға тырысатын көрінеді.

Төлеген Игімбековтың апелляциялық арызы  облыстық сотта қаралады. Алаңдаған жұрттың үміті де осында. Ал Қанат Елубаевтан тәртіпке бағынбай, полицейлерге күш қолданғаны, бөтеннің мүлкін қиратқаны үшін қылмыстық кодекстің жеті бабы бойынша жауап алынып жатыр екен. Жүргізуші куәлігінен де айырылып, қазір сотқа дейін кепілмен бостандықта жүр.

Естеріңізге сала кетсек, Жезқазғанда полицейдің үстіне зәрін шашқан жүргізушінің қамауға алынғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Талқылау