Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жеті балалы отбасы 27 мың теңгеге өмір сүріп жатыр

Айман Әліпқалиеваның жасы 40-та. Ол жеті баланың анасы. Оның өмірі қиындыққа толы, кейде қолын бір сілтеп кетіп те қалғысы келетін сәттер аз емес.

1111

Бұл туралы Ақжайық хабарлайды.

Бірақ, ол қайткен күнде де балалары үшін тіршілік ету керектігін түсінеді. Отағасы Айтжан Таниев екі үлкен қыздарының оқуы үшін қолдағы малды сатқан. Қазір оларда тек бұзаулы сиыр, түйе және ай сайын төленетін 27 мың теңге табыс ғана бар (13 мың – балаларға, 14 мың – әлеуметтік жәрдемақы).

21zaman-1

Үлкен қыздары Атыраудағы институттың кешкі бөлімінде, екіншісі колледжде оқиды. Олардың оқу үшін отбасы жыл сайын 300 мың теңге төлеуге мәжбүр. Тағы ай сайын жүріп-тұруы үшін 10 мың теңге береді. Отбасына көмектесуге тырысатын қыздары, сабақтан соң жұмыс істейді.

Айтжан мен Айманның үш баласы мектеп-интернатта оқиды, ал екі кіші қыздары әзірге үйде.

“Менің ата-анам өмір бойы мал бағып, осы үйде тұрған. Мен де совхозда шопанның көмекшісі болып істедім, ал одақ тараған соң жұмыссыз қалдым. Екі жыл вахталық жұмыс істеп едім, алайда қысқартуға ілініп кеттім, бірақ ол кезде қолда мал бар еді, қазір ол да жоқ”, – дейді Айтжан.

21zaman-5

Таниевтар отбасы баспана сұрап Таңдай ауылдық әкіміне өтініш жасаған. Бірақ, әкім әзірге ауылда үй тұрғызылмайтынын айтыпты. Ал өздерінің үйінің шатыры тесіліп, қабырғалары құлағалы тұр. Ақыры ауылдан үміт үзіп, ауданға барған. Аудан бойынша әзірге әлеуметтік көмек алатын азаматтар тізімінде 91-шы болып тұр. Аудан әкімінің орынбасары Азамат Айманқұмовтың айтуынша, осы жылы Махамбет ауылында 60 үй тұрғызылуы жоспарда тұр. Пәтерлердің құрылысы біте салысымен, кезекте тұрғандарға таратылмақ. Олардың қатарына Таниевтар отбасы да кіруі мүмкін.

“Балаларымның біздің тағдырымызды қайталағанын қаламаймын. 19 жасымда күйеуге шығып кетіп, білім ала алмадым. Енді балаларымды оқыту үшін барымды саламын”, – дейді Айман.

Талқылау