Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жерлестері Данияр Елеусіновтің жеңісін алаңда тамашалады

18 тамызға қараған түні барша Қазақстан жұртына жеңіс сыйлаған Данияр Елеусіновтің жекпе-жегін тамашалау үшін Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы алаңға чемпионның жүзден аса жерлесі жиналды. Олардың арасында Даниярдың туыстары, спортшылар, қарапайым қала тұрғындары мен облыс әкімі де бар.

20160818090051

«Біз бүгін отандасымызды қолдау үшін жиналып отырмыз. Мен отбасыммен бірге келдім. Үйде отырып теледидардан көрсем де болар еді, алайда халықпен бірге жанкүйер болғым келді. Даниярға сәттілік тілеймін», – деді ойын басталмас бұрын қала тұрғыны Медет Мерғалиев.

Жанкүйерлер қатарынан Даниярдың бауыры Әмірхан да табылды. Өз сөзінде ол Даниярмен WhatsApp арқылы байланысқанын айтып өтті. Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны бауырына жеңіске жету үшін барын салатынын айтыпты.

Даниярдың жеңісіне сенімді болған қала жұртшылығы алаңға сайыс басталмастан жарты сағат бұрын келіп алған.

«Бүгін жерлесіміз финалда өнер көрсетпек. Әрине, біз оның жеңетініне және алтын медаль еншілейтініне кәміл сенеміз. Өзбек боксшысы да осал емес, алайда біздің боксшымыз жеңіп шығуы тиіс», – дейді Дастан Мырзағалиев.

Сағат тілі 0.30-ды көрсеткенде алаң тынышталып қалды. Жиылған жұрт Даниярдың өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен жекпе-жегін тапжылмастан тамашалады. Қазақ боксшысы үш раундта да қарсыласынан басым түсіп, Рио Олимпиадасының алтынына қол жеткізді.

20160818090054

Тақымын қысып, бұл сәтті асыға күткен оралдық жанкүйерлер сезімдерін жасыра алмады. Даниярға тұрып қошемет көрсетті. Он минут бойы алаңда: «Жарайсың, Данияр!», «Алға, Қазақстан» – деген ұрандардың сейілі басылмады. Даниярдың жеңісі жасты да, кәріні де шаттыққа бөледі.

20160818090104

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Даниярдың бұл марапатқа әбден лайық екендігін атап өтті. Жартылай финалдық кездесуде боксшымыз жарақат алғанына қарамастан, айқын жеңіске жетті.

20160818090046

Осылайша Данияр Елеусінов Қазақстан қоржынына үшінші алтын медальді салды.

Жіберіп алмаңыз:

Елбасы Данияр Елеусіновті Олимпиададағы жеңісімен құттықтады

Чемпион Елеусіновті салтанатты түрде марапаттау сәті (фото)

Әкесі: Данияр менің ғана балам емес, халықтың баласы

Эльмира Сыздықова: Ешқандай қуаныш сезінгем жоқ, үйіме қайтқым келеді

 

Талқылау