Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желідегі лайк үшін өмірін қауіпке тіккен жандар кімдер? (видео)

Атың шықпаса жер өртені, атың шықпаса желі өрте қылып алдық. Қазір атақты болу оп-оңай. Жұрт жасамаған нәрсені жасасаң, мейлі ол, мағыналы, тағылымды болмай-ақ қойсын, әйтеуір жерден жік шықсаң жетеді.

Сурет видеоблогер Райымбек Рамазановтың жеке парақшасынан алынды

Бұл туралы “Еуразия” арнасының жаңалықтар қызметі хабарлады.

Атақтың құны – лүпілмен өлшенеді. Сол лайкқа лайық болу үшін кім не істемей жатыр десеңші?! Бүгін бір суретке 100 жүрекше жинаса, ертең оны мыңға жеткізуді қалайды. Көрермендерінің көбейгені, оқырман санының ортаймағаны мақсат оларға. Мысалы, былтыр бір қыз лайкқа батам деп Жайыққа бата жаздады ғой.

Ол ол ма, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылдың өзінде түлен түрткен 50 жеткіншек супер селфи жолында мертікті. Жүйткіп келе жатқан пойыздың алдынан тікелей эфирде жүгіріп өту, зәулім ғимараттың шатырынан салбырау, көлік өртеу, электр бағанасының ұшар басында кептерше қонақтау….тізе берсең таң атады. Қысқасы, арзан атаққа құмарлар қымбат құрбандыққа бара береді. Ал ұлы Абай “жер өртеп тапқан атақтың несі мұрат?” – депті.

Бұл күнде әлеуметтік желі естінің де, есердің де ермегіне айналды. Бірі оны қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты көзқарастарын батыл білдіретін алаң деп біледі. Өзгесі, өзін жарнамалап, “лайк” жинайтын орын деп санайды.  Шектен шығып, ашық-шашық суретке түсетіндер көп мұнда. Тіпті, еш қымсынбастан жалаңаш фотосын салатындар да баршылық.

Желіден бұдан бөлек, снэпчатшылдар да көп. Өйткені, заманауи техниканың құдіреті түріңді бояп, әп-сәтте сұп-сұлу етіп береді.

Лайк үшін экстремалды әрекеттерге баратындар да баршылық. Өкінішке қарай, мұндай даңғазалықтың соңы кейде қайғылы аяқталып жатады. Қауіпті сэлфи мен видеоға түсушілер қатары шетелді қойып, өз елімізде де күн санап көбейіп барады.

Райымбек Рамазанов қазақ тілінде «Тревел блог» жүргізеді. Экстремал жігіт ең биік, ең қауіпті деген жерлерде сурет пен видеоға түсіп, оларды өзінің инстаграмдағы парақшасы мен ютубтағы каналына салып, мейлінше көп лайкты жинағанды жақсы көреді.

“Каньонның жиегінен, шетінен аяғымды салбыратып отырып деген сияқты қорқынышты, қауіпті фотолар жасадым. Және Бурабайға барған кезде де Көкше шыңына шығып, керемет көріністер ашылады. Бұл бастамасы ғана. Ғаламтордан аккаунтымда жазған болатынмын дайындық қана. Әлемдік видеоблогерлер секілді Дубайдағы ең биік, ғимаратына шығып секіру деңгейіне жеткім келеді», – дейді Райымбек Рамазанов.

Бұл – әлеуметтік желілерде пародиямен танылған жас актер Шыныбек Рахмаш. Жұрт оны «Шакензо» деген лақап атпен жақсы таниды. Мамандығы   актер. Ал, жалпақ жұртқа кеңінен танымал болуына әлеуметтік желінің септігі көп тиіпті. Бүгінде оған көптеген ұсыныстар түсіп, біраз жобалармен жұмыс істеп жатыр.

«Лайк ұнайды. Ұнайды әрине. Сол инстаграмнан бастап, әлеуметтік желіде танылғаннан кейін лайкты адамдарға ұнаған себепті қойғаннан кейін ұнайды», – дейді пародист.

Көп лайк жинаған сайын оған “лайықты” болғысы келетін пародист, мұнымен тоқтап қалмаймын дейді.

«Алдағы уақытта лайк үшін пародияның басқа бағытын салмын. Адамдар басқа бағытын көргісі келеді екен», – деп түсіндірді Шыныбек Рахмаш.

Ал, психолог мамандардың пікірінше, қазіргі адамдардың көбі танымал болуға тым құмар. Жұртқа жағып, жұлдыз болғысы келетіндер оған жету үшін, “атың шықпаса жер өрте” деген қағиданы қатаң ұстанып, қалайда жарқ етудің амалын іздейді екен. Оған мысал мына бір кейіпкер.

«Танымалдық үшін ғаламторда дос қызымның шашын тақырлап тастаған едім. Сосын тағы машина өртеп көрейік па деп ойладық. Лайк үшін, сол қара пиар үшін», – дейді хайпер Еламан Серубай.

«Адам өзінің өмірінің ерекше сәттерін, өзіне ұнаған сәттерін салады. Содан лайк жинайды. Сол арқылы онық бақыт гармоны, қуанышы гармоны ойнады. Одан кейін ол оған тәуелді болып қалады. Кез-келген нәрсеге тәуелділік бұл ауру. Психикасы бұзыла бастайды», – дейді психолог Ғалияш Махашова.

Әсілінде, әлеуметтік желілерде бірі лайк жинап, өзін танытуға талпынып жатса, өзгелері оны табыс көзі ретінде пайдаланады. Жолын білсең, нағыз бизнес жасауға болады дейді. Дегенмен, көбісі таныстары мен жақындарының назарында болу үшін пайдаланады екен.

Алайда, өздерінің мұндай әректеттерін көбісі ешқандай пиар да емес, лайкқұмарлық та емес дейді. Сонда неліктен әлеуметтік желіге жүктейді деген сұрақ туатыны рас?! Жастар былай тұрсын, тіпті ересек адамдар да лайк үшін арнайы уақыт бөлетін болған.

«Бәріне де ұнайтын шығар енді, маған да басса керемет болып қалам», – дейді қала тұрғындарының бірі.

Бүгінде мектеп оқушыларының да көксегені лайк. Интернет иірімдеріне еріп, әлеуметтік желілерде аккаунт ашып алғандары жетіп артылады.

Жіберіп алмаңыз:

Министрлік өкілі салық төлеуден жалтарып жүрген әншілердің есімін атады

Тараз тұрғыны Аша Матайды тікелей эфирде ұялтып, кемшілігін бетіне басты

Мақпал Жүнісова: Анам екінші рет тұрмысқа шығуыма қатаң түрде тыйым салды

Мейрамбек Бесбаев Жамбыл Жабаевтың көлігін көрсетті (видео)

Талқылау