Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде шындығы жоқ алып қашпа өсекті қандай адамдар көп таратады

Төреғали Төреәлі жол апатынан көз жұмды! Роза Рымбаева ауыр дертке душар болыпты. Ал, кейбір көпке белгілі банк жабылғалы жатыр екен. Міне, кейінгі уақытта көпшілікті дүр сілкіндірген жалған ақпараттардың бір парасы осы. Әлеуметтік желі дамығалы мұндай ақпараттардың қаптап кеткенін байқаймыз. Негізінен, астарында бір шындық жоқ алып қашпа өсекті қай жастағы азаматтар көп таратады?

Желіде шындығы жоқ алып қашпа өсекті қандай адамдар көп таратады

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Иә, әріптесім Айгүл Әбілқали айтқан ақпараттарды естіген тұрғындардың бірі ойбайға басты, екіншілері қолды бір сілтей салғандай. Мұндай жаңалықты таратушылардың көздегені не? Қара пиар ма әлде сары жағалы басылымдардың сенсация іздеген түрі ме белгісіз. Осыны негізге алып елорда тұрғындарынан оқыған ақпаратын қаншалықты тексеретінін біліп көрдік.

«Интернет желісінде көп отыра бермей біріншіден. Оған да көп уақыт керек. Сондықтан ешқандай мәліметтер таратпаймын».

«Ақпараттар келіп түсіп жатады. Кейде уақыт болады кейде болмайды оқуға. Бірақ сараптап келгенде жөніне қарайсың да. Егер керек болса таныстарыма жіберуге тырысамын».

«Негізі келген ақпаратты саралауға тырысамын. Ол шын ба шын емес пе? Егер тексеретін жолдары болса тексеремін. Нақты дәлелденген информация болса әрі қарай таратып жіберуге болады. Ал фейк ақпараттарды таратпауға тырысамын».

Ал блогер Алмас Тоқабаев психологтардың «35-тен асып, жасы қырыққа таяғандар естігеніне сенгіш келеді» деген қорытындысы бос сөз дейді. Осыған дейін де«сымсыз» сыпсың өсек тараған. Осыдан кейін де жалғаса беретін көрінеді. Қазір интернет дамығалы кей адамдар бәрінен хабарлар «білгіш» болғысы келеді екен.

«Тобыр эффектісі деген нәрсе бар. Көпшіліктен қалмау керек. Тобырмен бірге болу керек. Солар айтқан нәрсені айту керек. Заманауи тілмен айтқанда трендте болу керек. Әрбір адам қоғамның бір мүшесі екенін білу үшін жаңалықты алдымен жеткізуге тырысады. Оны таратуға тырысады. Бұл жерде жауапкершілік екінші орынға қалып қояды. Лайк үшін өмір болып кетеді бұл жерде. Бәрінен бұрын бірінші жеткіздім, сол арқылы бір үлесімді алып жатырмын дегендей. Негізі прецеденттер болған бізде. Жалған ақпарат таратқан үшін сотталған адамдар да бар. Бірақ көбіне көзді жұмып қарай салады», – блогер Алмас Тоқабаев.

Барлығы осы көзді жұмып қарай салғаннан шығады. Әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы осы жалған ақпаратты тарататындардың портреті шамамен мынадай болады дейді:

«Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден бос уақыт. Екіншіден шынында да олар кім көрінгенге жібере бермейді ғой. Өзінің таныс тамырына, кей кезде он кісіге жіберсең рахатқа бөленеді, сен бай-қуатты боласың деген тізбектеп жіберетін ақпаратты сенгенімізге, сезімі бар адамға жібереміз. Бірақ, десек те менің ойымша кез келген саналы адам келген ақпаратты тексеру керек», – дейді әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы.

Заң шығарушы органдардың пікірінше, бүгінгі қоғам айтқанға сеніп, айдағанға көніп жүре беретін тобырлық санадан арылу керек деген пікірде. Ол үшін жауапкершіліктің барын да қоса ескертті.

«Жалған ақпарат болмауы керек негізінен. Ал болса бізде кодекстер бар ғой. Әкімшілік кодекс, жауапкершілік бар. Сондықтан әр адам не ақпарат жазса әрбір журналист, блогер, вайнер болсын ақпараттардың барлығы шынында да компетентті болуы керек», – дейді ҚР парламенті сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова.

Бір дүние болса дамыған елдерден мысал келтіруге келгенде алдымызға жан салмаймыз. Мысалы, Англия, Франция, АҚШ сияқты мемлекеттерде көпшілікті дүрліктіргендер әуел бастан жауапқа тартылады. Қазақстанда да оңай құтыла алмайсыз.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен қаралады. Оның санкциясы бабтың санкциясы қомақты 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төленуі мүмкін. Немесе оның салдарына қарай осы келтірілген заланың салдарына қарай 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін», – дейді қалалық полиция департаментіні ресми өкілі Софья Қылышбекова.

Әр әзілдің астарында бір шындық бар дегендей, жалған ақпараттың да формасы әртүрлі. Бірінің ешкімге келіп кетері жоқ құр дастархан басында айтылады да қояды. Енді бір түрі қоғамның қауіпсіздікке тікелей әсер етуі мүмкін. Мұны да ойлау керек.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау