Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Болат Сыздықов доңыз майын қалай жеп үйренгенін айтып берді (видео)

Интернет желісінде Болат Сыздықовтың соңғы берген сұхбатының бейнежазбасы пайда болды. Қайтыс боларынан екі ай бұрын музыкант Алматыда Restograd.kz бағдарламасының қонағы болған екен.

4114141

Видео Youtube-тағы Resto Grad парақшасында жарияланған.

“Оның сол кезде көңіл-күйі көтеріңкі, болашаққа деген көптеген жоспарлары болды. Бағдарламада Карина Абдуллинаның рұқсатымен Болаттың орындауындағы инструменталдық музыка ойнап тұр”, – делінген ролик астындағы жазбада.

Роликте музыкант украина асханасының дәмін татқан. Гитарист аталмыш халықтың асханасы жайында әңгіме өрбітті. Сол сияқты Сыздықов доңыз майын қалай жеп үйренгенін айтып берді.

“Әскерде болған кезде бізге доңыз майын беретін. Қазақтардың жолы болмады. Әскерде маған халал шұжық беріңіз деп отырмайсың ғой. Осылайша доңыз майын жеп үйрендік”, – деді ол.

Ол сондай-ақ, отбасы, балалары, шығармашылығы туралы да ой бөліседі. Назарларыңызға журналист Толғанай Сембаеваның Болат Сыздықовпен жүргізген сұхбатынан үзінді ұсынамыз.

– Болат, шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? Қазір немен айналысып жатырсыз?

– Көрермендер түсінгендей, мен Болат Сыздықов, отандық тамаша әнші Карина Абдуллина ән салатын «Мюзикола» тобының жетекшісімін. Күні кеше біз «Арман жолдар» әніне түсірілген жаңа бейнебаянымыз дайын болды. Ескі әнді жаңа қырынан көрсеткіміз келді. Жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Карина ұлды болғандықтан, қазір менің бос уақытым көбейді. Шығармашылықпен айналысып жүрмін. Аспапты альбом шығаруды қашаннан бері армандап жүр едім. Соған дайындалып жатырмын. Бірнеше жыл бұрын жарыққа шыққан альбомым өз тыңдарманын тапты. Арада біраз уақыт өтіп кетті. Сол себепті жаңа альбом шығаратын уақыт та жетті деп ойлаймын. Өзім аспапты музыканы жақсы көремін. Болашаққа үлкен жоспарларым бар. Жалпы 2016 жылы «Мюзикола» үшін мерейтойларға толы болды. Карина екеуміздің танысқанымызға 25, ал сахнада жүргенімізге 24 жыл толса, өзім биыл 60 жасымды атап өтемін. Бірақ адамдардың көбісі мені жас деп ойлайды. Оған мен қуанамын. Сахнада еңбек етіп жүргеніме 45 жыл болды. Ол да өзіндік мерейтой. Карина да мерейтойлы жасқа жетіп отыр. Қыздың жасын айтуға болмайыны білесіз, сол себепті нақты қаншаға толып жатқанын айтпай-ақ қояйын. Жоспар көп. Бірінші кезекте, біз биыл мерейтойға арналған әрі есеп бері концертін өткізуіміз керек. Қаншама жылдар бойы біз бірде-бір рет орталық алаңда үлкен концерт беріп көрмеппіз. Егер жоспарымыз ойдағыдай іске асып, достарымыз бен жанкүйерлеріміз қолдау білдірсе, мүмкін Астанада да концерт беріп қаламыз. Қанша дегенмен елордамыз емес пе?

– Қызыңыз бен немерелеріңіздің бар екенін білемін. Отбасыңыз жайлы айтып беріңізші…

– Бұрын Алматыда анаммен тұратынмын. Үш жыл бұрын анам дүние салды. Қазір жалғыз өзім тұрамын. Себебі әйеліммен баяғыда ажырасанмын. Бірақ біз дос болып қалдық, анда-санда сөйлесіп, тілдесіп тұрамыз. Ара-тұра кездесіп тұратынымыз да бар. Мысалы, Мәскеуде жиі кездесіп тұратынбыз. Қанша дегенмен немерелеріміз ортақ. 2015 жылы қызымызға қонаққа бардық. Екі немерем бар. Ең қызығы қазақ достарым ата екенімді білгенде таңқалады. Олардың қайда екенін сұрайды. Мен Мәскеуде деймін. Есімдері Димка және Мишка десем, ішектері қатқанша күледі. Өздері Серік, Берік сынды қазақша есімдерді күтсе керек-ті. Қызым беларусь ұлтының өкілі Сергейді жақсы көріп қалды. Бірақ күйеубалам сондай жақсы, мен бақытымын. Ішпейді, шекпейді, ірі компанияны басқарады. Көз тимесін, қызымды алақанында аялап отыр.

– Қызыңыз кімге ұқсайды?

– Көбісі маған ұқсатады. Бірақ бұрынғы жұбайыма да келеді.

– Ұлты аралас келетін қыздар әрқашан әдемі болады дейді ғой..

– О, не дегеніңіз? Біз таза қазақпыз, мен де, әйелім де. Қызымыз өте тартымды. Өзім де ойланып қалдым. Қарап отырсам, сырт-келбеті еуропалық жігіттер шығыс қыздарын ұнататын сияқты. Сергей де шығыс сұлуын ұнатқан шығар деп топшыладым.

– Менің ойымша, олар шығыс қыздарының сұлулығына ғана емес, тәрбиелілігіне де тамсанатын секілді. 

– Иә, әрине. Бізде қыз балалар әрқашан ер адамдарды сыйлаған. Екеуміздің арамызда сыр ашайын. Ол қатты таңқалған болуы керек. “Тамақ та істейді, бәрін де істейді, шағымданбайды. Бұл қалай?” – деп таңырқаған шығар. Қызым мен күйеубалам жыл сайын шетелге барып тұрады. Звондап қалсам, “біз Мальдивы аралындамыз, Кипрдамыз” деп жатады. Қысқасын айтқанда, қызым екеуі әлемді шарлап жүр. Ең бастысы немерелерімізге де қамқор. Өзімді бақытты әке санаймын.

– Әке үшін қызының бақытынан асқан дүние жоқ шығар? 

– Әрине, ең бастысы – перзентіңнің бақыты. Сөз арасында айта кетейін, бір айдан кейін Мәскеуге бармақпын. Қызымды, немерелерімді көремін. Осындай кішігірім отбасым бар. Ал туғандарымнан тек үлкен әпкем бар. Бірақ ол Астанада тұрады. Ең жақындары осылар. Әкеміз ерте қайтыс болды. Өндірісте жарақат алып, аяғынан жараққаттанған. Мен ол кезде кішкентай едім. Әкемнің туыстары бар.

– Болат, ал қызыңыз өнерге жақын болып өсті ме?

– Иә, оның ән есту қабілеті өте жақсы. Кішкентай кезінде мен оны Күләш Байісейітова атындағы мектепке алып бардым. Өзі скрипканы қалап, сұратты. Қызымның қалауын жерге тастамай, өзіне лайықты кішкентай ғана скрипка алып бердім. Әрі кетсе он күн барған шығар, одан кейін жылай бастады. «Әке барғым келмейді, маған ұнамайды» дейтін. Өзім музыкантпын, не істерімді білмедім. Бірақ жалпы кей-кездері балаларды күштеп болсын үйірмелерге апару керек деп ойлаймын. Карина балалық шағын еске алғанда «терезеден қарасам басқа балалар ойнап жүретін, ал мен пианинода ойнап отыратынмын» деп жиі айтады. Бірақ өзім қызымды қинамадым. Ақырында заңгер мамандығын алып шықты. Алматыда білім алып, қазіргі таңда Мәскеуде бір компанияда мамандығы бойынша қызмет атқарады. Жаман емес.

Айта кетейік, Болат Сыздықов қазақстандық өнер сүйер қауымға “Мюзикола” тобының гитаристі ретінде жақсы таныс. Оған дейін танымал “А Студио”, “Арай” топтарында өнер көрсеткен. Болат Сыздықов 2016 жылдың 7 мамырында 60 жасқа толар шағында қайтыс болды.

Оқи отырыңыз: 

Бүркіт: Айша маған үйленуге өзі ұсыныс жасады

Бүркіт туған інісі Әлиді шоу-бизнес әлеміне алып келді (видео)

Әкімдік Қарағандыда “Ninety One” тобының концертінің өтпей қалуының себебін түсіндірді

Баян Мақсатқызы бұрынғы күйеуіне неліктен кешірім бергенінің себебін айтты

Талқылау