Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жазушылар одағын 22 жыл басқарып келген Нұрлан Оразалин қызметінен кетті

Жазушылар одағына бүгін жаңа басшы келді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қаламгерлер кезекті 15-ші құрылтайға жиналып, бұл орынға белгілі ақын Ұлықбек Есдәулетті лайықты деп тапты. Ал одақты табаны күректей 22 жыл басқарған Нұрлан Оразалинге “құрметті төраға” қызметі ұсынылуы керек болған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Алайда, әбден мезі болса керек, қаламгерлер Оразалинге ол орынды да қимай, қиғылық салды.

Әнұранмен басталып, қалыпты баяндамамен жалғасқан құрылтай орта тұсына келгенде алатайдай бүлінді. Төрт сағатқа созылған тартыста жазушылар одағының қазіргі бет-беделінен бастап, соңғы 22 жыл ішінде атқарылған жұмысқа талай сын айтылды.

«Оразалиннің үлкен еңбегі бар. Ол қандай еңбек? Нұрлан биліктегі басшылардың туфлиін керемет шеберлікпен жалады», – дейді Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов.

Негізі, Нұрлан Оразалин бір ай бұрын өткен пленумде, тіпті осы құрылтай барысында да, енді сайлауға түспейтінін ескерткен. Бірақ, желдің қай бағыттан соғатынын аңғара алмаған қаламгерлер, көңілдегі күдіктерін де жасырмады.

«Қолдан жасалған қаһарманның қажеті жоқ бізге. Білмеймін, Нұрлан өткенде қоштасып кеткен, тағы қоштаса ма, білмедім», – дейді Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов.

«Өткен жолы пленумда үндеген жоқпын. Ал, үндемегенге басына беруге болмайды, жолдас Жұмаділов. Бәріңізден сұраймын, жинақы, жөндеп, жақсы, ықыласты жиналыс өткізу менің мақсатым», – дейді ақын Нұрлан Оразали.

Құрылтайда экс-төрағанының еңбегін жіпке тізіп мақтағандар да көп. Қаржыдан шашау шығармай, өз күнімізді өзіміз көрдік деп Оразалинді жерге түсірмегендер соңында оған “құрметті төраға” қызметін ұсынған. Бірақ, қаламгерлердің бұған да қарсы шығып, пікірлері қақ жарылды.

«Болмайды жігіттер. Берекесіздікке алып келмейік жазушылар одағын. Белгілі топтардың мүддесі үшін қызмет етпейік», – дейді жазушы Төлен Әбдік.

Қайт-қайта дауысқа салынған ұсыныс сол күйі аяқсыз қалды. Ал құрылтай соңында одақтың төрағалығына бір үміткер, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет ұсынылып, ың-шыңсыз сайланды. «Жазушылар одағының мүшкіл жағдайын көзіммен көріп жүрмін» деген жаңа басшы тұралаған жұмысты қайта түлетуге уәде берді.

«Алты ай бойы жазушылар одағының қызметкерлері, ішінде өзім де бармын, біз айлық дегенді көрген жоқпыз.  Шынын айтқанда тұралап қалған жазушылар одағына басшылыққа келу маған үлкен жауапкершілік жүктеп тұр», – дейді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Қаланың қақ ортасында қасқайып тұрған мына ғимаратты кезінде Ғабит Мүсірепов бар беделін салып, Орталық комитеттен жазушылар одағына алып берген. Қаламгерлер содан бері құт-мекенге айналған шығырмашылық одақ ішінде береке-бірлік орнағанын қалайды. Ал, жаңа басшылық құрам, заман көшіне ілесіп, қоғам назарын қалам иелеріне аудартамыз деп отыр. Енді оның нәтижесіне алдағы бес жылдың ішінде көз жеткізетін боламыз.

Оқи отырыңыз:

Ақын Құрманай Бақтиярқызы өзінен 12 жас кіші жігітке ұл туып бергенін ашық айтты

Тамара Асар сүйіктісі бар екенін ашып айтты

Жұбаныш Жексенұлы: Келінім орыс емес итальян қызы

Үнді киносындағыдай: Жұлдыз студент кезінде Қайратпен қалай танысқанын айтып берді

Талқылау