Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жазушы Алина Мустафина: Қазақ халқы түріктерге қарағанда мүлдем қонақжай емес

«Дубайға кетіп – сонда қалу». Біреу үшін арман, басқасы үшін – Отаннан алшақтау, ал біздің кейіпкеріміз Алина Мустафина үшін өмір шындығы. Бірнеше елде тұрып, қазақ, орыс тілімен қатар, ағылшын, испан, түрік тілдерін еркін меңгерген журналист, жазушы, режиссер шығармашылық пен отбасын қатар алып жүру, көшпенді өмір салты және түрік халқы мен қазақ халқының ерекшілігі туралы Stan.kz сайтының тілшісіне сұхбат берді.

– Алина, кітапқа не түрткі болды?

-Әу баста, Дубайға көшіп барғанда мен Life journal деген платформаға Араб Әмірліктеріне “бақытын іздеп келген” ТМД азаматтары, әсіресе Ресейдің түкпір-түкпірінен шыққан қарапайым қыздар туралы өзімнің қысқа әңгімелерімді жариялап жүрдім. Бұл оқиғалар оқырмандарының қызығушылығын тудырып, күтіп оқитын дүниесіне айналды. Мәселен, Ресейдің ауылында кішкентай баласын қалдырып, оны жылына бір-екі рет көреді, есесіне Дубайда ливандықпен өмір сүріп, не ішем, не қоям деген сұрақтармен басын ауыртпайтын бикеш туралы.

Арабтардың өмірі, салт-дәстүрлері емес, керісінше «жақсы өмір» іздеп барған жас қыздардың хикаялары оқырмандар үшін тартымды болды. Кейін барлық хикаяларды жинап, Дубайға кетіп, жұмыс тауып, өзінің «ханзадасын” кездестіруді армандайтын  20-35 жас аралығындағы қыздарға арналған кітап шығаруды жоспарладым.

Мен кітабымды әдеби шығарма ретінде емес, керісінше, деректі фильм іспеттес туынды ретінде жоспарладым,  бірақ менің редактормы Мәди Мәмбетов менің өз еңбегімді бағаламай жатқанымды айтты. Бұл кітапта кәдімгі «рецепттер» бар, сол елде тұрған, мәдениетін көрген, түрлі қызметтерде жүрген адамның «іштен» көзқарасы. Бір шетінен адамдар демалып оқитын, жүзіне күлкі үйрер материал дайындауды көздедім.

– Жалпы, Араб әмірліктеріне қоныс аударуға не түрткі болды?

-Біз болашақ жұбайым екеуміз кездейсоқ Алматының барларының бірінде кездесіп, сөйлесіп кеттік. Бірақ өзіме ғашық болмаймын деген іштей серт бердім, себебі ертең жұмысы аяқталып, отанына оралатынын білдім, сөйтіп араласып жүрдік.

Ол екі жыл ішінде Алматыда ешкіммен толыққанды араласпапты, сен Алматыдағы ең керемет жансың деп айтатын. Сен сонда бұған дейін кіммен араласып жүрдің деп мен қалжыңдадым. Ол біздің тауларды керемет жақсы көретін, арасында демалғанда Медеу, Шымбұлаққа барады, болды. Басқа керемет орындар туралы білмейді.

Сөйтіп жүргенде ол басқа елге қоныс аудару туралы айта бастайды, әу баста Австралия деп жоспарлап жүрді, сондықтан екеуміз ағылшын тілін оқи бастадық, мен ол кезде 22 жаста болатынмын. Қағаз жүзінде үйленейік себебі, мен инженермін, маған қызмет бабы бойынша кету жеңіл, саған – қиынырақ, жұбайым болсаң, жеңіл болады дегенді айтты.

Көп ұзамастан оған Дубай мен Ресейдің бір түкпірінен келісімшарт жасасу туралы ұсыныс келді. Сөйтіп АХАЖ-ға бардық, қол қоймас бұрын кейін ажырасу қиынға түспей ма деген мәселені де анықтап алдық. «Жоқ, уайымдамаңыздар, бәрі жеңіл», – деді бізге. Сөйтіп қағаз жүзінде үйлендік.

Шынымды айтсам, мен қатты таңғалдым, себебі қандай азамат ойнап болса да жеңіл үйленейік деп айтады? Өзіміз келісіп алдық, бір-бірімізді жұбайлар ретінде есептемейміз деп.

Оны жұбайым ретінде қалдамадым, бұрынғыдай жігітім деп есептедім. Бірақ екеуміз Дубайға көштік, онда бейтаныс елде, үлкен қалада жападан-жалғыз қалдық, ақырындап  нағыз махаббат та келді. Бізде бәрі керісінше басталды, бірініш достастық, одан кейін үйлену, сосын махаббатқа ұласты, одан кейін ғана той жасадық.

– Ата-анаңыз шетелге көшуіңізге қарсы болмады ма?

– Папам Дубайда 4-5 рет болған. Қатты жақсы көреді, жер бетіндегі ең керемет қала деп есептейді. Оның үстіне Эмрені (Алинаның жұбайы – ред.) жақсы танитын. Сондықтан ата-анам қарсы болмады, қолдады.

-Сіздің өмір сүру салтыңыз көшпенді десек қаталеспеспіз. Мұндай өмір не берді сізге?

– Дубайда төрт жыл тұрғаннан кейін, жұбайым пилот болғысы келетінін айтып, Испанияға оқуға аттандық. Пәтер аламыз деп жүрген барлық жиған-терген ақшамызды оқуға салдық. Еуропа – өте керемет жер, тұруға ыңғайлы. Мәдениеті, өркениеті, білім беру саласы өте дамыған, тазалық, тәртіп барлық жерде. Бірақ біз тұрған Испанияда кедейшілік жайлаған, халқы жұмыс таба алмай қиналып жүр.

Кино академиясында білім алып жүргенде, топта оқитын құрдастарым бүгін жұмыс бойынша сөйлесуге барамын, қатты қобажып тұрмын дейді, қандай жұмысқа десең даяшы дейді. Келесі күні үнжырғасы түсіп, көңіл-күйі болмай келеді, алмады деп. Сонда елестетіңізші, жоғары білімі бар адам, магистрант жай ғана даяшы қызметіне де тұра алмайды.

Кафеде мәселен кофе 1,5 евро тұрады, бірақ біз оқу үшін бардық, жұмыс істеп жатқан жоқпыз, біз үшін кофе ішудің өзі қымбатқа түсетін. Тек туристер немесе жұмыс істейтін адамдар үшін ғана бұл қолжетімді баға. Тамақтары да қатты қымбат. Мәселен, Испанияда 1 келі помидор төрт евро тұрады, ал Түркияда 4 лира. Яғни 4-5 есе қымбат. Еуропада жұмысың болса ғана өмір сүру керемет, әрине.

-Испания бағалары қолжетімді ел болып есептеледі ғой?

– Иә, Францияда тіптен қымбат, мысалға. Түркия бұл жағынан өмір сүруге қолайлырақ, Аланья, Бодрум сынды кішігірім қалаларда тұрсаң. Ал Ыстамбұлда тұрамың десең, онда бітпейтін көлік кептелісіне, көшедегі мыңдаған адамдарға, күніз-түні бала-шағаңды көрмеуге, үнемі стрессте жүруге дайын бол.

Әдетте отбасылы адамдар Ыстамбұлда орталықтан алыс жерлерде тұрады, себебі ең құрғанда балаңды далаға ойнатып шығаратын алаңдар бар. Ыстамбұл – өте қатыгез, адамға лық толы шахар. Иә, әдемі, тарихи орындары көп, бірақ мен оларды әрі кетсе айына 1-2 рет көретінмін, себебі оларға жетудің өзі ғанибет. Мына Алматыда мен мысалы рахаттанамын, ығы-жығы адам жоқ, тыныштық. Ыстамбұлда сені үнемі көп адам қоршап тұрады, бұл жүйкеге тимей қоймайды.

-Сіз Сонда қазір Ыстамбұлда тұрасыз ғой.

– Қазір ондағы пәтерді тапсырып кеттік, себебі балаларыммен біз көбіне курорттық аймақтарда тұру ыңғайлы деп шештік. Ауасы таза, азық-түлігі арзан, қысы жұмсақ. Қысты мысалы Аланьяда өткіздік, ол жердің қысы көктемгі ауа-райы сияқты, балабақшасы арзан. Жазда Бодрумда тұрдық азық-түлікті базардан аламыз, балалар теңіз жағалауында ойнайды. Жұбайыма 4-5 күн Ыстамбұлда қонақ үйде тұрған арзанырақ шығады екен.

– Осындай өмір-салты саған не берді?

– Өзіме деген сенімділік пайда болды. Жалпы қайда тұратынын шын мәнісінде маңызды емес, ең бастысы, өзіңмен бірлікте, татулықта өмір сүру. Сен басқа жерге көшіп кетуің мүмкін, бірақ барлық жерге өзіңді, өзіңнің ойларыңды ала кетесің. Бұл жерде бәрі жаман, бір жаққа кетсем, бәрі керемет болады деген қате ой. Мүмкін жарты жылдай уақыт алданарсың , кейін бәрі қалпына келеді.

Үйреншікті өмірден шығып, басқа нәрсені бастау өз-өзіне деген сенімділікті нығайтады. Мысалы үлкен аудиторияда испан тілінде жобаңды қорғауың керек, бастапқыда қысыласың, кейін «онда тұрған не бар?» деп үйреніп кетесің. Немесе Түркияда Түрік театрларының ассоциациясының басышымен кездесіп, түсірілімге рұқсат қағазын алу керек, үлкен беделді кісі, терезелері Босфорға шығатын керемет кабинеті бар.

Мұндай кездесулерді ана тілінде де өткізу қиын, ал бұл жерде тіпті жаңа үйренген түрік тілінде сөйлесуің керек. Сөйтіп бірте-бірте барлығына үйреніп, саған қарпайым аула сыпырушы болсын, миллионер болсын, кез-келген адаммен сөйлесу қиынға соқпайды.

Жалпы мұндай «өмір сабақтарынан» мен барлық адамдарға өтуге кеңес беремін. Әсіресе, жастарға. Себебі біздің адамдардың өз-өзіне сенімділігі жоқ, көрінген нәрседен қысылады. Ал шын мәнісінде барлық адамдар бірдей, оларды әдемі жымиюыңмен, ақыл-біліміңмен таңғалдыра алсаң, сені барлық жерде қуана-қуана қабылдайды.

-Сырт көзге қарағанда, керемет өмір сияқты елестейді, бірақ қиындықтары да қатар жүрген шығар?

– Әрине, Дубайда аса қиындықтар болмады, жұбайымның жұмысы пәтер жалдап берді, қызметтік көлік бар,  маған да жұмыс табылды, ал Испанияда жиған-тергенімізге оқыдық, ал Түркияға жұмысқа тұру үшін көшіп келгенде үлкен стресске тап болдық. Эмреге азаматтығына байланысты жұмысқа тұру ықтималдығы жоғары ел Түркия болғандықтан, көштік.

Бірақ жұмысқа алмас бұрын бір жылға жуық 10 шақты емтихан тапсыруы тиіс, әрқайсысының нәтижесін бір ай күтеді, тек содан кейін екіншісіне кіріседі. Одан кейін үшақ штурвалына отырады, бірақ алғашқы 100 сағаты сынақ сияқты өтеді, сенен кеткен барлық қателіктер мен ағаттықтарды қасында пилоттар, капитан бақылап, арнайы дәптерге жазып отырады, рейс аяқталғанда сынақтан откен-өтпегеніңді жариялайды, төрт рет «құласаң» онда жұмысқа қабылданбайсың.

Жұбайым күнде көңіл-күйі болмай келеді, мен сол кезде қолдауымды көрсетіп, «қой, біз не үшін келдік осында, үнжырғаңды көтер» деп қуаттандырып қоям. Тек жұмысқа қабылданғаннан кейін ғана тыныштық орнады десек болады. Жалпы біздің бір-біріміздің қасымызда болуымыз үлкен тіреу болды.

-Түріктердің қазақтарға қарағандай қандай айырмашылығы бар?

-Қатты ерекшеленеді, мысалы біздің қазақтарды қонақжай, ашық халық деп есептейміз, бірақ Түркияға барғанда, қазақтар шын мәнісінде қонақжай емес, ашық емес екенін түсіндім. түріктермен салыстырғанда. Біздің бұрынғы кеңестік заманның лебі ма, жоқ ауа-райынан ба адамдар салқын, ал түріктер бір-біріне өте жақын, балаларын қатты еркелетеді, күніне 100 рет сүйеді. Жұбайым мысалы ересек қарындасын көрген сайын құшақтап, сүйіп еміреніп тұрады.

Басында күйеуім мамамды жатар алдында сүйдің ба, таңертең сүйдің ба деп сұрайтын, мен айтамын, мен өз әке-шешемді  шын айтсам, жылына екі-үш рет қана сүйетін шығармын. Туған күнінде, келгенде, шығарып салғанда (күледі – ред.).

Түркияда мысалы ауылды жерлерде көршіңнің үйіне кіріп, жүз рет кіріп-шығып, әңгімесін айтуы қалыпты жағдай, көршің сенің үйіне келіп, тамағыңды істеп, ыдыс-аяғыңды жуып кетуі мүмкін. Біз үшін қызық, әрине.

Сосын тағы бір таңғалдырған жағдай, мысалы бізде кафеде күні бойы жалғыз отыра беруің мүмкін. Ешкім сенің қасына келе қоймас. Ал Түркияда жігіттің көзі жас қызға түсіп, ол көзімен жауап берсе, онда жігіт қымсынбастан қасына келіп танысады.

Бізде әдетте тек жолдастарыңның жолдастарымен, ортақ таныстары арқылы танысқан адамдармен, әріптестерімен ғана қарым-қатынасқа түседі. Оларда бейтаныс адаммен сөйлесіп, араласып кетуі қалыпты жағдай. Түркиядағы азаматтар батылырақ, бірақ, әрине, мұның екінші ұшы да бар. Ұрыс-керіс кезінде де олардың аса қызуқандылығы білініп, тура сериалдардағыдай дауыл көтеріледі.

– Түркияда әйелдердің саны аз, сондықтан қаттый сыйлайды деп айтады.

– Жалпы, ер азаматтар мен әйелдердің сандары бірдей-ақ, бірақ қоғамдық қызмет көресету орындарында әйелдер жұмыс істемейді, сондықтан әйелдер аз болып көрінеді. Ал ерлері сыйлап жатса, оның себебі, әйелдер өздерін қатты бағалайды, біздікіндей жеңіл беріле салмайды. Мысалы, бірінші кездесу кезінде бірге түн өткізу деген сирек кездесетін жәйт.

Олар дегенмен шығыс елі болғандықтан некеге дейін бірге тұру қатты сынға ұшырайды, тіпті тұрса да бәрінен жасырады. Әрине, қазір қалалық жерлерде басқа жағдай, жастары еуропаланған. Бірге ашық тұруы да мүмкін. Сондықтан әйелге қол жеткізу қиынға түскесін сыйластырқтары да артады.

Түрік әйелдері азаматтардың жүйкесін жеп қояды. Әйелдерді бала кезінен еркелетіп, ханшайым ретінде өсіреді. Сондықтан олар өздеріне өте сенімді. Ал түрі әдемі болса, онда бітті, бүкіл әлем аяғының астында жатуы керек. “Мен – ханшайыммың, мен үшін бәрің істеуің керек” деген ой қалыптасқан.

-Қазақ әйелдеріне тән проблемалар оларда бар ма?

-Оларға да тура біздегі проблемалар тән. Әйелдеріне қол көтеретін азаматтар бар. Ешқашан қол көтермейтін азаматтар бар. Екінші әйел алатын еркектер бар. Әсіресе, екінші әйелдері ретінде Ресейден шыққан қыздар көп. Оларға пәтер жалдап береді, әйелдер балаларын туып жатады.

Кейде аралас-құралас болып жүресің, артынан ол кісінің басқа негізгі әйелі бар екенін естіп жатасың. Түріктерде ресми емес әйелді «кума», яғни көңілдес деген мағынада атайды. Сондықтан түріктерде қызық нәрсе бар, әйеліне гүл сыйласа, күнәларын жуып-шайып жатыр дегендей.

– Түріктер жиі ажыраса ма?

-Қазір жиі. Бұрындары көп ажыраспайтын. Себебі бұл өте ұятты нәрсе болып есептелетін, әсіресе отбасын ұстап тұра алмады деген атқа әйел қалатын. Менің ата-енем ажырасып кеткен, сол кезде мысалы менің енем туралы газетте жазған. Үш баласы бар, үй жағдайындағы әйел, ол бала-шағасын қалай асырайды деп.

Ал қазір жұмыс істеп, балаларын асырай алатын әйелдер, әрине, жиі ажырасуға барады. Түріктерде ажырасқан жағдайда, бұрынғы күйеуі әйіліне өмірінің соңына дейин алимент төлеп тұруға міндетті. Бұрынғы әйелі екінші рет отбасын құрмаса.

– Қазақ қыздары шетелдіктер арасында үлкен сұранысқа ие деген рас па?

-Расында да қазақ қыздары көрікті, білімді, айтқанды тыңдайды. Егер де дәстүрлі отбасында қазақи тәрбиеленген қыздар болса, ол – таптырмайтын байлық сондай қыздарға үйленген түріктерді білемін, бақытында шек жоқ. Себебі ол әйел өзіне де күтім жасайды, үйіндегі барлық жағдайын да жасайды және “ми ашытпайды».

Ал замануи қыздарға келер болсақ, онда тек қыздарға байланысты. Не де болса, үлкендерге сыйластық, отбасы құндылықтарын сыйлау бірінші орында тұрады. Сол тұрғыдан қазақ қыздары, мысалы, ресейліктерге қарағанда тез сіңісіп кетеді.

-Ал түріктерде ата-енесімен бірге бір үйде тұру жиі кездесе ме?

-Қалаларда егер де материалдық жағдайлары қиын болса ғана бірге тұруы мүмкін, уақытша, ауылдарда бірге тұратындары да бар. Жалпы бір үйде көп тұра бермейді бірге.

-Алина, әңгіме соңында болашақ жоспарларың туралы айтып жіберсең?

– Мен Испаниядағы өміріміз туралы, кенеттен кәсібіңді ауыстырудың қызығы мен шыжығы туралы қалам тербегім келеді. Сондай-ақ Түркия туралы этнографиялық кітап, түрікпен отбасын құру туралы жазғым келеді. Қалалық азаматтар мен ауылдық жерлерегі азаматтардың ерекшелігі туралы. Әзірге балаларым кішкентай, маған ел  аралап, халықпен сұхбаттасып, хикаяларды жинау керек. Үлкен жұмыс күтіп тұр алда.

-Сені не шабыттандырады? Қанаттандырады? Бақытты болудың құпиясы неде?

-Сіздің кітабыңызды оқып, көшуге бел будым, басқа қалаға магистратураға түсуге қорқып жүр едім, енді оқимын деп шештім деген сынды хаттар келіп тұрады. Осының бәрі мен қанаттандырады. Одан кейін кез-келген жағдайды қабылдай білу – өнер. Ақшаң жетпей жатыр ма, қиындық туындады да ма – қабылдай біл, ақшаң көп, кез-келген нәрсеге қол жеткізе аласың ба – керемет, оны ба байыппен қабылда. Үйреншікті ортадан шығып, басқа елге, өмірге бейімделу – үлкен мектеп, бұл мектептен өткен адам өзің жеңіп шығады. Одан кейін басқа адамға қиянат жасама, жақсы адам болуға тырыс.

Ең бастысы, қайда жүрсең де, бар мүмкіндіктерді толығымен пайдалан. Басқа елде тұрсаң – сол елдің тілін үйрен, өз тәжірибеңді байыт, біліміңді жоғарлат. Менің жұбайым Испанияда оқуын ағылшын тілінде оқығандықтан испан тілін меңгеруге уақыты болмады, Қазақстанда екі жыл тұрғанда орыс тілін де үйренбеді. Араб Әмірліктерінде тұрдық, араб тілін үйрене алмадық. Кейде уақыт болмады, кейде жалқаулық болды. Сондықтан кез-келген жердің мүмкіндіктерін барынша пайдалан, тіпті, бұл маған керек емес деп ойласаң да, болашақта міндетті түрде кәдеңе жарайды.

-Алина, сұхбатыңызға рахмет! Отбасыңызға бақыт, сәттілік тілейміз!

 

Сұхбат алған: Жанар Жансейіт

Талқылау