Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жазира Байырбекова: Келініммен қатар босанғым келеді

Жанболат пен Жазира ел демографиясына үлес қосуға үмітті. Осыдан жиырма екі жыл бұрын тұрмысқа шыққан Байырбекованың ендігі арманы келінімен қатар босанып, сәби сүю. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берген әнші жеке өміріндегі жоспарларымен бөлісіп, ішкі сырларын алғаш рет ақтарған еді.

Жазира Байырбекова: Келініммен қатар босанғым келеді

«Мүмкін келін келсе, келін екеуміз бірге босанармыз деп айттым. Көбісі балаң үйленбей тұрып дүниеге ұл-қыздарды алып келсең жақсы болар еді деп айтады. Егер Алла беріп жатса, келін келгенде де мен бас тартпаймын. Келінімен қатар босанды деген сынға мен көңіл аудармаймын. Өйткені сәби деген қай кезде де бақыт. Сәбидің дүниеге келуіне ерте немесе кеші жоқ. Сәби деген кез-келген уақытта отбасына бақыт сыйлайды», – дейді Байырбекова.

Жұлдызды жұптың жиырмадан асқан Қазыбек есімді жалғыз ғана мұрагері бар.Соңғы кездері бұл жанұяда «келін» тақырыбы да жиі талқыға түседі екен. Бірақ, ата-анасы құдалыққа әзір болғанымен, ұлы үйленуге асықпайтын көрінеді.

«Мен кеше ғана ұлыма: – Қазыбек, үйленетін қыз болса кірісейік, келін түсірейік деп айттым. Сол кезде ұлым: «Өзім де тез кездестірсем екен деп жүрмін. Бірақ дәл мына қыз менің болшақ жарым болады деген таңдауды әлі жасай алмай жатырмын» деп жауап қайтарды. Уақыт көрсетер», – дейді Жазира.

Жазира келешекте өзінің енесіндей болмайтынын ашық айтты. Жанболаттың анасы өмірде өте жігерлі жан болса, Байырбекова тым байсалды әрі жуас екенін жасырмайды. Сондықтан, болашақ келініне қояр қатаң талаптары да жоқ. Ең бастысы Қазыбектің қарыны тоқ, уайымы жоқ болса жеткілікті.

Жазира Байырбекова: Келініммен қатар босанғым келеді

«Мен келінге талап қоя алатын енелердің қатарынан емеспін. Бірақ, мен ұлыма ұсынамын, арманымдағы келінді айтамын. Мен қандай келінді армандағанымды келініме де айтамын, бұйырса. Ең бастысы өзінің жұбайын сыйлау керек. Өзінің күйеуін өзінен жоғары қою керек. Күйеуінің денсаулығына қарау керек. Жүйкесінің тыныш болуын қадағалау керек. Ер адамдардың жүйкесі әрбір нәрсені көтере бермейді ғой. Ең бастысы ұлымның жүйкесі тыныш болса, денсаулығы мықты болса, келінім соған себепкер болса деп ойлаймын», – дейді болашақ ене.

Бүгінгі қоғамда ене мен келіннің тіл табысуы өте қиын. Бұл мәселе Жазираны да жиі мазалайды, кейде терең ойға батырады. Бірақ әнші келешекте отбасына түсетін келінімен ренжісіп немесе сөз келмейтініне сенімді.

«Мен келініммен тіл табыса алмай қаламын деп қорықпаймын. Менің үйімде әртүрлі қыздар жұмыс істеп, тұрып жатады. Студенттер келіп, тұрып жатады. Менің қолымда тұрған қыздардың барлығы маған кез-келген уақытта хабарласып, рахметін айтып жатады. Біздің үйде қаншама студент қыздар тұрды. Олар туысқандар, қайын сіңілілерім, туыстарымның балалары. Ешқайсысы менімен ренжісіп кеткен емес. Барлығы тату. Соған қарағанда мен де келініммен тату тұра аламын деп ойлаймын. Кез-келген адамның жанын түсініп, тіл табыса алатын адам сияқтымын», – дейді Жазира Байырбекова.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау