Жазылдым: Жан сақтау бөлімінен шыққан Бейсен Құранбек қазіргі жағдайын айтты

Елдің сүйіктісіне айналған Бейсен Құранбек жақында аурухананың жан сақтау бөліміне түсіп қалғанын айтып, көрерменін алаңдатып қойған еді. Журналистің жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Бүгінде дертінен құлан таза айыққан ол қазіргі жағдайы туралы баяндады, деп хабарлайды Stan.kz.

Жазылдым: Жан сақтау бөлімінен шыққан Бейсен Құранбек қазіргі жағдайын айтты

"Жазылдым. Сырқаттанып ауруxанаға түскен адам бір мүсәпір. Тән сыздауына көңілдің алаңы қосылып, кеудеңдегі үміт пен күдіктің, сенім мен қорқыныштың айқасының ортасында көзің бақырайып, шарасыз күйде жатасың. 
Осындай кезде қолдаушың - бір Алла, тілеушің - ет жақындарың мен ел-жұртың, емдеушің - дәрігерлер үш жақтап қолтығыңнан демейді екен", - деп жазды ол желідегі парақшасында.

Бұдан кейін тележүргізуші халықтың денсаулығы үшін аянбай тер төгіп жүрген ақ халаттылардың еңбегін атап өтті. Ол көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген алғыс айту мерекесінде дәрігерлерге деген ризашылығын білдірді.
"Әдетте, журналистер қауымы туралы айтқанда Шер ағаның "арқалағаны - алтын болғанымен, жегені - жантақ" деген сөзін жиі келтіреміз. Ал дәрігерлердің арашалағаны - өмір болғанымен, жегені - көмір екен ғой. 

Ауруxаналардың қасынан өткенде не сыртынан көргенде оның ішінде адам денсаулығы мен өмірі үшін мылтықсыз майдан жүріп жатқанын ойлай бермейміз. 

Бір апта ауруxанада жатып, медперсоналдың жұмыстарын көзбен көріп, оның қиындығын көңілмен түйсінген кезде олардың жанкештілігіне еріксіз бас иесің. 

Мәселен, мен түскен Алматы қалалық клиникалық 12 ауруxананың xирургия бөлімшесі 45 төсектік. Онда әдетте 75-80 адам жатады екен. Яғни, екі есе көп. Қызметкерлер штаты оған есептелмеген. Бірақ, өз жұмысын "жылап" істеп жүрген бір адамды көрмейсің. Таңның атысы, күннің батысы құрақ ұшып жүреді. 

Мұнда айына 300-дей адамға ота жасалады. Хирургтердің одан басқа шаруалары толып жатыр. Таңғы жеті болмай жұмысқа келеді. Әр палатаны аралап көреді. Аурулардың xәлдерін біледі. Жазылып қалса - қуанады. Өзгеріс болмаса - мұңайады. Қайта ем тағайындайды. Күнделікті, лездеме, конференция, консилумға қатысады. Ота жасайды. Қағаз толтырады. Тағы ота, қайта қағаз толтыру. Одан қалса, емделушілердің жақындарын қабылдайды. Кеш батқанша осылай. Күн ара тәулік бойы түсетін кезекшілік және бар. 

Медбикелер мен санитарлардың жұмысының ауырлығы - ол бөлек әңгіме. "Жұмысым қиын" деген қыз-келіншектер олардың қасында бір күн жүрсе өздері бәрін түсінеді.

Ал Жан сақтау бөлімінде істейтіндер туралы мүлде әңгіме жоқ! Қан майданның алғы шебі. Өмір үшін арпалысқан айқас. Минут, секундтар есептеулі. Зыр жүгіріп жүреді. Аурулардың бәрін бірдей құтқару мүмкін емес... Жүйкелері қалай шыдайды? Ақылыма сыймайды!

Осындай еңбектері үшін оларға орден, медаль бермесек те, алғыс айтып жүрейікші. Аман болыңыздар, ақ xалатты абзал жандар! Мың алғыс" - дейді Бейсен Құранбек. 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр