Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарық жоқ, суды көрші ауылдан тасиды: Алматы облысының тұрғындары қиын жағдайда өмір сүріп жатыр

Талдықорғанға қарасты екі жарым мың адамы бар ауыл тұрғындары өркениеттен қол үзгендеріне 7 жылдан асқанын айтып шағымданды. Екі жарым мың адам тұрып жатқан ауылда әлі күнге дейін жарық жоқ, суды көрші ауылдан тасуға мәжбүр. Әкімдіктегілердің құрғақ уәдесіне тойғандар БАҚ өкілдерінен көмек сұрап отыр. 

Жарық жоқ, суды көрші ауылдан тасиды: Алматы облысының тұрғындары қиын жағдайда өмір сүріп жатыр

Бұл туралы "Еуразия бірінші арнасы" хабарлайды.

Талдықорғаннан небәрі 8 шақырымда орналасқан 3-бөлімше тұрғындары қас қарайса майшамдарын майлап, түн қамына кіріседі. Өркениеттің ортасында отырса да, мұндағылар ескі шамды тастауға әлі асықпайды екен. 
Себебі 2 жарым мың тұрғыны бар ауылда бір ғана трансформатор бар. Соған байланысты электр жарығын бір-бірінен тартуға мәжбүр. Ал ағаштан тұрғызылған бағаналар құлаудың алдында тұр. Жел тұрса электр сымдары үзіліп, үнемі жарық өшетін көрінеді. 

«Жарық деген кешке жақын мүлде жоқ. Сығырайып қалады. Баяғының қолшамымен отырғандаймыз», - дейді тұрғындардың бірі Қалдыбала Тілегенова.

7 жыл бойы ауылда ауыз су мәселесі де шешілмеген екен. Әкімдіктен күдер үзгендер үйлеріне өздері су тартып жатыр.

Бірақ барлығымыздың бірдей су тартуға қаражатымыз жетпейді, дейді тұрғындар. Тіршілік нәрін көбі үш жарым шақырымдағы көрші ауылдан жаяу тасиды. Көлігі барлар қаладан әкеледі.

Өркениеттен қол үзген тұрғындар үшін тағы бір үлкен сынақ бар. Ол ауыл сыртынан өтетін Алматы-Талдықорған тасжолы. Жолдың қарсы бетіне өтетін жер үсті өткелі тұрмақ жаяу жүргінші жолағы да жоқ. Жүйткіген көліктердің арасынан тұрғындар басын қауіпке тігіп өтуге мәжбүр.

«Бұл жолдан жүгіріп, секіріп аман қалу үшін тездетіп өтесің. Бұл жерде 2 рет адам өлген болатын. Оны ешкім де ештеңе деп айтқан жоқ. Жылы жаба салды», - дейді ауыл тұрғыны Айнұр Дәулетханқызы.

«Аталған елдімекенді сумен жабдықтау бойынша жоба-сметалық құжаттама дайындалып қойған. Бірақ оның құрылысына әлі ақша бөлінген жоқ. Ереже бойынша, жарықпен қамту үшін жол салынғаннан кейін түсу керек. 2018 жылы облыстық бюджеттен жолға ақша сұралған. Қазіргі уақытта расталған жоқ. Қалай расталады, бірден жұмыстар басталады», - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс.

Жауаптылардың сөзінше, республикалық тасжолдағы қауіпті жол аймағына «Қазавтожол» компаниясы жауапты. Дегенмен, аталған компания өкілдеріне де тиісті өтініш жолданған екен. Сондықтан әкімдіктегілердің сөзіне сенсек, өркениеттен кенже қалған тұрғындарға күтуден басқа амал жоқ.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр