Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Жанып тұрған бала еді»: Соқырішегіне ота жасаған соң көз жұмған оқушының ата-анасы мән-жайды айтып берді

Ақтөбеде 9 жастағы бала соқырішекке жасаған отадан кейін көз жұмды. Нұрәділдің ата-анасы бұған дәрігерлерді кінәлайды. Пышаққа түскен ұлдарының еміне ақ халаттылар жүрдім-бардым қарады деп отыр. Ал дәрігерлердің айтатын өз уәжі бар. Осы жағдайдан кейін Нұрәділ жатқан аурухананың бөлшім меңгерушісі қызметінен кеткен. Бұл кездейсоқтық па, әлде жоқ па?

«Жанып тұрған бала еді»: Ақтөбеде соқырішегіне ота жасағаннан кейін көз жұмған оқушының ата-анасы мән-жайды айтып берді

Сырқаттанған Нұрәділді анасы ауруханаға алып келген. Алайда жергілікті дәрігерлер қан талдамасын алғаннан кейін шұғыл облыс орталығына бару керектігін айтқан. Бірақ жедел жәрдем көлігін де, жанына медбике де ертіп жібермеген. Анасы тіпті баламыздың қайтыс болғанын естігеннен кейін де жағдайымызды сұрамады деп отыр, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

Аудандағылар “соқырішек болуы мүмкін” дегеннен кейін Асхат пен Әсима ұлын алып, өз көліктерімен жолға шыққан. Ол орта жолда сынып, Ақтөбеге ағайындары жеткізіп салыпты.

Тұңғышының қиылып тұрып “мама, мені алып кетші” деген сөзі әлі Әсиманың құлағынан кетер емес. Нұрәділді облыстық балалар ауруханасының дәрігерлерінің қолына тапсырып тұрып, анасы оны соңғы рет көріп тұрмын деп те ойламапты. Соқырішек деген соң, күнделікті жасап жүрген оталары, әрі дер кезінде жеткізген соң, алаңдамаған.

«Тоғыз жасар баланы жоғары көтеріңіз, мамасы кете берсін деді. Сонда қалай? Кімнен кінә кетті. Ота жақсы өтсе, бала қалай кетіп қалып тұр? Біз соны түсінбей отырмыз. Дәрігерді кінәлағым келеді», – дейді марқұмның анасы Әсима Тасымова.

9 жастағы Нұрәділдің бақилық болғанын ата-анасына кеш хабарлаған. Балаларының өліміне не себеп болғанын ашып айтпағанымен, дәрігерлер аллергиялық шок болуы ықтимал депті. Әкесі болса, сап-сау баласының өліміне ақ халаттылардың салғырттығы да сеп болды деп санайды.

«Дәрігерлерді кінәлайтын себебім, отадан кейін баламды дәрігерлер 10 минуттан кейін палатаға шығардық дейді. Сол кезде палатаға шыққаннан кейін, анафилаксиялық шокқа кеткен деп ойлаймын. Ол кеткен жағдайда алғашқы көмек ретінде реакция дәрі беруге болады деп есептеймін. Палатаға шығарғаннан кейін жанында дәрігерлер болмағаны үшін кінәлаймын», – дейді марқұмның әкесі Асхат Қонысбаев.

Нұрәділ жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырғаннан кейін 5 минуттан соң жағдайы нашарлаған. Осы жағдай тікелей себеп болды ма, жоқ па белгісіз, Нұрәділдің қазасынан кейін облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі өз еркімен қызметінен кеткен. Ал наркоз берген дәрігер қызметінен шеттетілген. Қазір баланың өліміне қатысты тексеру жүріп жатыр екен.

«Алдын ала себебін «анафилаксиялық шок» деп отырмыз. Ол дәрі-дәрмектен болуы мүмкін. Сол себептен гистология алғаннан кейін қандай препаратқа болды, ол шок басталған кезде диагноз қоюға болатын ба еді, отадан кейін қарауы дұрыс болды ма, кім қарау керек еді, кім ақау жіберді, соның бәріне жауап береміз»,  – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы Светлана Есенаманова.

Нұрәділді кішкентай қарындасы күнде іздейді. Анасы сол кезде ұлының бейнелеген суреттері мен түрлі жарыстардағы марапаттарын көрсетеді екен. Нұрәділінің жанып тұрған бала екенін айтты. Озат оқушы таэквондомен айналысып, би үйірмелеріне барған. Арманы полицей болу еді дейді… Ата-анасы істің мән-жайын анықтау үшін құзырлы органдарға шағымданбақшы. Тиістілер жазасын алғанын қалайды.

Еске сала кетесек, бұған дейін Ақтөбе облысында дәрігерлер соқырішегіне ота жасаған оқушы көз жұмғанын хабарлаған едік.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау