Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жәнібек Әлімханұлы бұрынғы қазақстандық боксшымен жұдырықтасып, жеңіліп қалды

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін бокстан 75 келі салмақта өнер көрсеткен Жәнібек Әлімханұлы әзербайжан спортшысы Камран Шахсуварлымен жұдырықтасып, жеңіліп қалды, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі.

20160815223941

Жәнібек осыған дейін алжирлық Ильяс Аббадиды жеңіп, ширек фианлға шыққан болатын. Алайда бүгін әзербайжандық боксшыдан ұпай санымен ұтылып қалды. Жәнібек бірінші және екінші раундта қарсыласымен тең дәрежеде жұдырықтасты. Алайда, төрешілердың барлығы ұпайды Шахсуварлыға жазды. Үшінші раундыда қазақ боксшысы қанша соққы жасағанымен жеңісті уысынан шығарып алды.

«Қолдан келгенін аянып қалған жоқпын. Қарымды қарсылық көрсеттім деп ойлаймын. Олимпиадаға дайындаған бапкерлерге, қызу қолдау көрсеткен жанкүйелерге айтар алғысым шексіз. Барлығы Алланың қалауымен болады ғой. Ал жеңілістің нақты себебін айту өте қиын», – деді боксшы.

Камран Шахсуварлы 1990 жылы Қазақстанда дүниеге келген, бокспен Ақтөбеде жастайынан айналысты. 2011 жылы КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Серік Қонақбаевтың жүлдесі үшін халықаралық турнирде жеңімпаз болды. Бокстан Ақтөбе құрамасының сапында ұрыс салды (75 келіге дейінгі салмақта). Қазақстан атынан кәсіби рингте Шахсуварлы бес ұрыс өткізіп, бесеуінде де жеңіске жетті.

2013 жылы Әзербайжан азаматтығын алды. 2014 жылы Камран Шахсуварлы Әзербайжан чемпионы болды және Юградағы (Ресей) мұнайлы елдер кубогында екінші орынға ие болды. Бакуде өткен «Ұлы Жібек жолы» жарыстарында Шахсуварлы Қазақстан боксшысы Сапарбай Айдановты жеңді және турнирдің жеңімпазы атанды. Қазіргі кезде Шахсуварлы Әзербайжан құрамасының құрамында жаттығуда.

2015 жылы Әзербайжан чемпионатында екінші орын алды.

Ал Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылы сәуір айының 1 күні Алматы облысы Алакөл ауданының Жыланды ауылында дүниеге келген. 8 жасынан бастап бокспен шұғылданады. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Алматыда өткен әуесқой бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы, Инчхондағы Азия ойындарының жеңімпазы, Амманда өткен бокстан Азия чемпионатының жеңімпазы.

Енді жарыс жолында төрт боксшымыз қалды.

Талқылау