Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украиналық азаматқа тұрмысқа шыққан Жанар Байсемізова күйеуінің бойында қазаққа тән қасиеттер бар екенін айтты

Белгілі тележурналист, продюсер, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Байсемізова бүгінде әйелдерге арнап тренингтер жүргізіп, олармен рухани тәжірибесімен бөлісуде. Осы жолға қалай келгенін және әйелдерге өзінің кеңестері қаншалықты пайдалы екені туралы Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне баяндап берді.

Тележурналист: Күйеуім украиндық болғанымен бойында қазаққа тән ерекшелік бар

Сізді халық журналист ретінде біледі, алайда соңғы жылдары әйелдерге тренингтер жүргізіп, оларға кеңес берумен айналысудасыз. Мұндай жолға қалай келдіңіз?

Менің өмірлік жолым, тағдырым, өмірден алған сабақтарым, өмірлік тәжірибемнің барлығы мені осы жолға әкелді. Мүмкін мен бұл жолға келемін деп келмеген шығармын. Бұл менің жүрегімнің қалауы, өмірлік миссиям шығар. Осы жолға біреуге қарап, мына заманда тренинг жүргізу өзекті екен деп келген жоқпын. Өзімнің алған біліміммен басқа жандармен бөліскім келді. Менің айтқан дүниелерім тығырыққа тірелген жандар үшін пайдалы болуы мүмкін. Қиындыққа душар болғанда не істеу керек? Қандай механизмдерді қолдану керек? – деген сияқты сұрақтардың жауабын табуда көмек көрсеткім келеді.

Әрі бұл жолға келу үшін мен де көптеген дайындықтардан өттім.  Көптеген еңбектерді оқыдым, тәжірибемнен өткізіп көрдім. Мен үшін осы жол дұрыс бола ма жоқ па? Бұның халыққа пайдасы тие ме жоқ па? Осы сұрақтардың барлығына жауап іздеп, соларды тапқаннан кейін бір-ақ бір шешімге келдім.

Осы жолға бет бұруыңызға белгілі нәрсе түрткі болды ма?

Негізі әр нәрсенің себебін іздей берсең, қуа беруге болады. Адам қандай да бір жолға түсетін кезде бүкіл ғалам, әлем, планета бәрі бірігіп жоспарының іске асуына көмектеседі. Сондықтан менің бұл жолға түсуіме жалпы ғаламдық күштер түрткі болды.

Журналистика менің тренинг өткізуіме трамплин болды. Өйткені журналист ол психолог, адамның жанын зерттеуші, егер журналист адамның жанын түсінбесе ой қатпарында жатқан қажетті ақпаратты ала алмайды. Журналист сонымен қатар дипломат, осы дүниенің барлығын бойымнан өткізіп, қазіргі жасап жатқан ісіме осы ойлар мен қабілеттер жол салды. Дегенмен өзімнің психолог емес екенімді мәлімдеймін, өйткені олар сияқты адамдардың бүкіл өткен өмірін қазып, жеке жұмыс істемеймін. Мені өмірлік тренер деп атаған мүмкін дұрыс болар. Маған келген адамның рухани тұрғыда жандануына, өзін-өзі қайтадан жасауына, тіпті өзін-өзі тазалауына септігімді тигізгім келеді.

Сіздің тренингтеріңіздің басқалардан қандай айырмашылығы бар?

Мен белгілі бір айырмашылығы бар деп айта алмаймын. Өзімнің оқырмандарымды да менікі басқаларынан ерекше деп үгіттеп шақырмаймын. Адамдарға әртүрлі тренингтерге барып өзін дамытқан артық болмайды. Өйткені ол әр жерден өзіне қажетті заттарды түйіндеп алады. Ал өзімнің тренингіме келетін болсам, мен өзімнің табиғатыма сәйкес дүниелерді айтамын және сөзім мен әрекетімнің үйлесуін әрдайым қадағалаймын.

Ер адамдарға тренингтер жүргізу жоспарыңызда жоқ па?

Негізі бірталай адамдар сұрайды. Бірақ еркектердің психологиясы басқаша. Олар менің айтқан кеңестеріме құлақ аса қоймас. Арасында ерлі-зайыптыларға арналған тренингтер өткізуді сұрайтындар бар. Уақыт өте мүмкін ашылып қалар, әзірге ойымда жоқ.

Кітабыңыз неге қымбат?

Менің «Жанар Байсеміздің рухани практикасы» атты жазбамның бағасы 3000 теңге. Енді егер осы бағаны біреулер қымбат деп таныса, демек сол кісіге ол қымбат. Қазіргі таңда білім мен уақыт ең қымбат дүниелер. Өйткені білім деген адамның бойында мәңгілікке қалады. Біз алған білім тіпті болашақ ұрпағымызға да беріледі. Бүгінде осы жазбама деген сұраныс өте көп, демек менің еңбегім бағаланып жатыр, менің кеңесіме көптеген әйелдер құлақ асып жатыр деген сөз. Сондықтан бағасының қымбат-арзандығы әр әйелге әртүрлі шығар.

Тренингтер жүргізе бастағаннан кейін материалдық жағдайыңыз едәуір өзгерді ме?

Менің материалдық жағдайым өзімнің ойымды өзгерте бастағанда жақсарған. Жақсы табысқа қарай ұмтылып, өмірімді жақсартқым келген кезден бастап-ақ өзгерген болатын. Сондықтан әр адам өзінің қалауы бойынша табысын да жақсартып, көбейте алады. Әрі қазірде менің материалдық жағдайым жолдасымның мойнында деп айтуға болады.

Ал жолдасыңыз материалдық жағынан қамтып қана қояды ма, әлде үй шаруаларына да көмектесе ме?

Үй шаруасында әйел адам істеу керек дүниенің барлығын өзім істеймін. Жолдасым еуропалық менталитеттегі адам болса да бойында бізге тән бір ерекшелік бар. Сондықтан үйде ер адамның істейтін шаруасын өзі істейді, арасында болады мен шамам келмей, ауырып қалған кездерде көмектеседі.

Ол тағамды өте дәмді әзірлейді, бірақ қазір тамақты өзім жасаймын. Алғаш үйленген кезде үй шаруасын бөліп істейміз, бір-бірімізге көмектесеміз деп келіскенбіз, артынша біртіндеп үйдегі жұмыстарды өзім істейтін болдым. Қазақ отбасында қандай болса біздің жанұяда да сондай.

Көп  халықтың алдына шығып өз ойыңызбен бөлісуге қорықпайсыз ба?

Иә, біреуге зияным тиіп кете ме деп қорқамын. Сондықтан үнемі Жаратушыдан адамдарға зияным тиіп кетпесінші деп сұраймын. Бірақ халықтың алдына шығарда әрдайым Құдайдан маған дұрыс ой жіберуді, аузыма дұрыс сөздерді салуын өтінемін. Маған Алла осындай үлкен жауапкершілікке сай күш береді, соның арқасында мен халыққа дұрыс ойларды жеткізуге тырысамын.

Мендегі қорқыныш – позитивті. Егер ол ондай болмаса тек артқа қарай сырғи беруге болады. Өзім де көптеген білім алып, кітаптарды оқып және өмірде тәжірибемнен өткізген заттарды ғана айтамын. Менің айтқан заттарымды тыңдаған әр адам оларды істеуге міндетті емес, барлығын сараптап, өздеріне керектілерін ғана алады. Адамдардың ойы заманға сай өзгеруі мүмкін, тіпті менің өзім болашақта басқа іспен айналысып кетуім мүмкін. Бәлкім дәл осы кезеңде Жаратушы өз ілімімен бөлісу арқылы басқа адамдарға көмек жібергісі келіп жатқан шығар.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау