Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Жаңаөзендегі 9 адамның өмірін қиған апатқа кінәлі 5 жылға сотталды: Жәбірленушілер сот шешіміне қарсылық көрсетті
Жаңаөзенде тепловоз бен газельдің соқтығысуынан болған ірі жол апатына кінәлі теміржол өткелінің кезекші диспетчері 5 жылға сотталды. Өткен жылдың қараша айында оның ауысымында апаттан 9 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алды. Тіпті, апат салдарынан көз жанарынан айырылып, зағип болып қалғандар да бар, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Олардың бәрі тепловозбен соқтығысып қалған газельде болды. Бүгінде бұл қайғылы оқиғаға қатысты сот үкімі шығып, кінәлі диспетчер 5 жылға бас бостандығынынан айырылды. Алайда, жәбірленушілер мен марқұмдардың туыстары сот шешіміне келіспей, наразылық білдірді. Олар айыпталушы орындығында барлық кінәлілер отырған жоқ дейді.
11 жастағы Динараның өмірі сол апаттан кейін өзгерді. Апат кезінде екі аяғынан айырылған қыз енді өмір бойына мүгедектер арбасына таңылды. Баланың екі аяғына протез сатып алу үшін оның отбасына 34 миллион теңге қажет. Ал, қыздың туыстары бұл сома негізсіз деп санайды.
«Қызым біреудің немқұрайлығынан өмір бойына мүгедектер арбасына таңылды. Балам өздігінен жүріп-тұра алмайды. Ол өзі жүріп-қозғалуы үшін енді бізге әрқайсысы 17 миллион теңге тұратын протез қажет. Оларды есейген сайын ауыстыру керек. Мен бізді осы қайғылы жағдайға душар қылғандардың қызыма өмір бойы көмектесулерін талап етемін. Қызым солардың кесірінен мүгедек болып қалды»,- дейді 11 жасар Динараның анасы.
Сол күнгі қайғылы оқиғаға теміржол өткелінің бақылаушысы Есентемір Танауов кінәлі деп танылды. Ол өз кезекшілігінде мас болып, қиылыстағы тосқауыл жанбаса да ешқандай әрекет жасамаған. Оны темір жол көлігінің қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін соттады.
«Сот Есентемір Танауовты кінәлі деп танып және оны 5 жылға бас бостандығынан айырды. Шешім шығару кезінде айыпталушының жасы есепке алынды, сондай-ақ ол бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағандықтан оның жазасы жеңілдетілді», – дейді судья Махамбет Толтанов.
Марқұмдар мен зардап шеккендердің туыстары апатқа кінәлілердің барлығы сотталуы керек екенін айтуда. Себебі тергеу барысында көптеген бұзушылықтар анықталды. Сол күні «Газель» шамадан тыс жолаушылар алып, жүргізуші тыйым салынған қозғалыс сигналына шығып кеткен.
Жүргізушінің өзі жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы оқиғадан кейін «Қазақстан темір жолы» компаниясы тепловоз жүргізушісінің нұсқау бойынша әрекет еткенін мәлімдеді. Ол сағатына 65 шақырым жылдамдықпен қозғалып, дыбыстық және жарық сигналдарын берген екен. Бірақ жәбірленуші тарап тепловоздың жылдамдығы сағатына жүз шақырым болатынына сенім білдірді.
«Мен жүкті әйелімді жер қойнына таптырдым. Сол апатқа кінәлі бір қызметкердің ғана емес, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшылығын да жауапта тартуды талап етемін. Диспетчер мас болды, ал газель жүргізушісінің жолаушыларды тасымалдауға рұқсаты болған жоқ. Бұл барлық заңсыздыққа жауапты органдар, полиция мен әкімдік жауап беруі керек!»,- дейді Сәндібек Жаңабаев.
Жәбірленушілер мен марқұмдардың туыстары тергеудің басталғанына он ай болса да, ешкім келіп кешірім сұрамады дейді. Соттың шешіміне сәйкес «Қазақстан темір жол» компаниясы қаза тапқан 9 жолаушының отбасы мен бір зардап шегушіге 36 миллион теңге төлейтін болады. Алдағы екі айда олар 500 мыңнан 7 миллион теңгеге дейін ала алады. Қалған жәбірленушілер де үш жыл бойы моральдық зиян үшін өтемақы талап етуге құқылы. Дегенмен, талапкерлердің өздері сот үкімімен келіспей, оған қарсы шағымдануды жоспарлап отыр.