Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалақымыз 60 мың теңге": Жаңаөзенде жұмысшылар бас көтерді

Жаңаөзенде қала тазалығына жауапты жұмысшылар бас көтерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап. 

Көше сыпырып, шөп шауып, қоқыс жинаумен айналысатын 100-ге жуық әйел бүгін жұмысты тоқтатып қойып, жалақыны көтеруді талап етті.

“Жалақымыз 60 мың теңге – мардымсыз! Нарық шарықтап тұрған кезде 60 мың жалақымыз ешқандай күнкөріске жетпейді. Сол жалқымызды 150 мың теңгеге көтеріп беруіңізді сұраймыз. Талап етеміз”, – дейді жұмысшылар. 

Әділдік талап етіп тұрған "Глобал Строй и К" ЖШС жұмысшылары. Күні бойы қала тазалығымен айналысатындар 60 мың теңге жалақымыз дымға жетпейді деп наразылық білдірді. "Тек көше сыпырып қана қоймай,  арам шөп жұлып, тіпті кейде үйлердің арасын тазалап, қоқыс та жинап кетеміз", – дейді олар. Жұмысты көбейтпесе, азайтпайды деп қынжылады.



Жұмыстың ауырлығын ескере отырып жауаптыларға айлықты  60 мың теңгеден 150 мың теңгеге көтеруді, еңбек демалысын 36 күнге созып, әлеуметтік төлемдерді заң бойынша уақтылы төлеп, зейнетақы қорына уақтылы ақша аударып, лас жұмыс атқаратынын ескеріп қосымша төлем енгізу сынды 10 талап қойып отыр. Жиналғандар айтқанымызды орындамайынша, тазалық мекемесінің алдында тұра береміз дейді. Шатыр тігіп ас-суын әкеліп алған. Бүгін сол жерде түнемекші екен. Ал әкімдік мәселені заң аясында шешпесе болмайды деп отыр.

“Мәселенің мән-жайы жергілікті әкімдіктің бақылауында. Ары қарай бұл дауды заң аясында реттеп шешуге жұмыс істейміз. Жұмысшылар бұлай жұмысты тоқтатпай, еңбек дауын заңмен шешіп, өндіріске кедергі келтірмей мәселені шешу керектігін түсіндірдік”, – дейді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиев.

Талқылау