Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа жылдан бастап еліміздегі ең ірі үш түрме жабылуы мүмкін

Жаңа жылдан соң дағдарыс күшейіп, бәрі қымбаттап, жұмыссыздық көбейеді деп ел шулап жатқанда, бас прокуратура тағы бір жаңалықтың шетін шығарды. Алдағы айлардан бастап, еліміздегі ең ірі үш түзету мекемесі жабылып, әр қайсысында жазасын өтеп жатқан 600-дей сотталушы өзге облыстағы камерамен жабдықталған 8 абақтыға бөлінетін болды. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

түрме

Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, Маңғыстаудағы қатаң режимдегі колонияның есігіне қара құлып салуға нысанның әбден тозығы жетуі себеп болыпты. Қарағанды облысы Қызылжар қаласындағы түзету мекемесі де әлеуметтік жағдайы жоқ болғандықтан жабылмақ. Ал абақтыда жұмыс істеп, нанын тауып жеп жүргендерді жұмысқа орналастыру жағын Қаржы комитеті шешеді деп отыр.

«Оны Қаржы комитеті қарастырады ғой. Жұмыс тауып беру басқа жұмыстарға ауыстыру Қаржы комитетінің қолында»,- дейді ҚР Бас проуратура департаментінің бөлім басшысы Нұрлыбек Әбдірайымов.

Түрмелерді жабудағы басты мақсат, сотталғандардың санын азайту деген бас прокуратура, осының арқасында қазынаның қаржысын да біршама үнемдейміз дейді. Өтіп бара жатқан жылы қылмыстық-атқару жүйесіне 54 миллиард теңге жұмсалса, алдағы жылы 42 млрд теңге бөлініп, 12 млрд теңге қазынада қалыпты. Ал, қылмыскерлерді абақтыдан азаттыққа шығармас бұрын түрмеде оларға жұмыс беріп отырмыз дейді. Қазір колонияларда кәсіпкерлер 8 есеге көбейіп, 133 кәсіп иесінің қолында мыңға жуық сотталушы еңбек етіп жатыр. Бостандыққа бейімдеу осы деген құзырлылар, қылмыскерді азаттыққа жібермес бұрын үлкен сынақтан өткіземіз деп сендіреді.

«Түзеу мекемесінде жұмыс істейді. Шыққанда да сол мамандықпен жұмыс істейді. Шыққаннан кейін тез бейімделіп сіңіп кетеді»,- дейді ҚР Бас проуратура департаментінің бөлім басшысы Нұрлыбек Әбдірайымов.

Яғни, сотталушының еңбекке деген ұмтылысына, бостандыққа шыққасын қайтадан қылмысқа бара ма деген жағы ұзақ зерттеледі. Мерзімінен бұрын шығу, жазасын ауыстыру мәселелерін сот жеке-жеке шешеді дейді бас прокуратура. Салдарынан қазір түрмедегілердің саны 62 мыңнан 40 мыңға бірақ азайып, Қазақстан сотталғандар санынан төменгі орындарға табан тірепті. Осы көрсеткішті көздеген құзырлы органдар қылмыскерлердің азаттыққа шығуы, жеңіл қылмыс жасағанды абақтыға қамамау қоғам үшін де, билік үшін де тиімді деген ұстанымда.

 

Талқылау