Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сейсмологтар: Жаңа жылда Алматыда жер сілкінуі мүмкін

Жерасты дүмпулері тауда басталып, қаланың барлық ауданында сезіледі.

Желтоқсан айының соңы мен қаңтардың басында Алматыда жер сілкінісі болады деп болжануда. Бұл туралы Сейсмология институты зертханасының меңгерушісі Әбдірахман Курскеев мәлімдеді, деп хабарлайды baq.kz.

«Ең әуелі, Алматы тұрғындары сейсмоқауіпті аймақта тұрып жатқанын естен шығармағаны жөн. Яғни, бұл жер сілкінісі кез келген уақытта болуы мүмкін деген сөз. Ғылымның қазіргі деңгейі бізге жер сілкінісі бір сағат немесе бір тәуліктен кейін болады деп нақты айтуға мүмкіндік бермейді. Қазір қала тұрғындарын «жақын арада жер сілкінісі бола ма?» деген сауал мазалайды. Иә, болады. Сейсмикалық процестердің жандану кезеңі кезекті фазаға көшті және соңғы 3-4 жылда белсенділік танытып келеді. Бұған Қытай мен басқа елдердің аумағында болып жатқан жер сілкіністері дәлел.Мен қазір бізде бәрі тыныш, жер сілкінісі болмайды деп айта алмаймын. Желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында жерасты дүмпуінің белсенділігі артады. Бұл кезең біз үшін ең қауіпті. Бірақ жойқын зілзала болмайды», – деді спикер.

Сейсмикалық толқын таулы аймақтарда басталады деп болжануда. Кейін жерасты дүмпуінің белсенділігі қаланың барлық ауданында сезіледі.

«Мәселе мынада – біздің ғимараттар қатты жер сілкінісіне шыдай ала ма? Шыдамайды. Себебі ғимараттарды салу кезінде сейсмикалық төзімділік ескерілмеген. Қазір қалада мерзімі өткен ескі үйлер өте көп. Жаңа үйлер салып жатыр әрине, бірақ олардың 9-10 балдық дүмпулерді ескеріп жатқанына күмәнім бар. Неге дейсіздер ғой? Мен Жапония, Қытайдың зілзала ошақтарында талай болдым. Былай қарасаң, ғимараттарды салу кезінде барлық талап ескерілген, алайда 9-10 балдық дүмпуден кейін үйлер жермен-жексен болады немесе қисайып қалады, ал рельстер лентаға айналады», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, егер 9 балдық зілзала болса, онда 300 000-ға жуық алматылық қаза табуы мүмкін.

«Жер қыртысының белсенділігі Жаңа жыл қарсаңында басталып, 10-15 қаңтарға дейін созылады. Алайда бұл кезеңде бірнеше әлсіз жер сілкінісі болады. Бірнеше әлсіз жер сілкінісі қысымды түсіріп, күшті зілзала қаупін азайтады. Жағдай осылайша жеңілдейді деген үміттемін, бірақ күшті зілзала туғызатын қуатты да көрмей тұрмын», – деп түйіндеді ол.

Осы жылдың 9 тамызында Алматыда 4 балдық жер сілкінісі болды. Мегаполис тұрғындары жерасты дүмпулерін таңғы 5:30 шамасында сезді.

Тағы да оқыңыз:

Тұрмысқа жаңа шығып ана атануына екі ай қалған келіншек сәбиімен бірге көз жұмды

Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырысты Әблязовтың бергені расталды

Дүйсенова қай зейнеткерлердің зейнетақысы екі есе өсетінін айтты

Талқылау