Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа жыл қарсаңында несиеге сыйлық алған қазақстандықтар белшесінен қарызға батқан

Халық қызды-қызымен сый-сияпатты пайызсыз несиеге қалай алғандарын сезбей қалды. Сауда орталықтарында топырлаған жұрт жақындарына гаджеттің түр-түрін, ең әдемісін алды. Жыл бойы ақшаны несиеге алу үйреншікті жағдай. Алайда, құнды техникамен құнтталған гид дүкендер қарапайым халықты қарызға батырып жатыр. Елімізде жалпы жаңа жылдық шығын қандай болды?

Жаңа жыл қарсаңында несиеге сыйлық алған қазақстандықтар белшесінен қарызға батқан

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қымбат тартулардан қаймықса да, несие төлеуден тартынса да пайызсыз тауарға қызықпайтындар жоқ. Жылына бір келетін Жаңа жылда ондай мүмкіндік барда қолданған да жөн шығар  дейді көпшілік.

Несие алып, оны жылдар бойы өтеуден жалыққандар да бар. Алайда, үзілді-кесілді қарсы болғанмен, Жаңа жылда несие алмасқа амалы құрығандар да жоқ емес. Ал, астаналық ару Надежда Петрова құнды сыйлық жасаймын деп, шығынға белуарынан бататындарды мүлдем қолдамайды. Себебі, ол өз қолынан шыққан ерекше сыйлықтармен жақындарын қуантып келеді.

«Ешқандай несие алмай-ақ, керемет сыйлықтарды қолдан жасауға болады. Барлығымызда туыстардан бастап, әріптестермен аяқталатын жақын адамдар тобы бар. Ешқайсысының көңілін қалдырып, бір-бірінен бөле алмайсың. Сондықтан, шығынға ұшыратпайтын тартуларды ойлап тапқан дұрыс деп ойлаймын.Мысалы, сабыннан ойылып жасалған бір тал гүл шамамен 400 теңге болады»,  – дейді қолөнер шебері Надежда Петрова.

Сабыннан жасалған сыйлық қымбат емес. Ол сыйлықтың көлеміне байланысты. Мәселен, 100 грамм сабыннан 300 теңгенің тартуын жасауға болады. Ал, бір құшақ сабыннан жасалған букет 15 000 теңгені құрайды. Бұндай сыйлықтар қоқыста қалмайды, әрі айрықша есте қалады -дейді ол. Бұл пікірмен қаржы мамандары да толықтай келіседі. Себебі, пайызсыз ұзақ мерзімге несие беретіндердің мақсаты біреу: ақша айналымын, тауар сатылымын ұлғайту. Сондықтан, тұтынушыға уақытша жеңілдік сыйлай отырып, өз ойын жүзеге асыру, дейді мамандар.

«Биылғы сауда қарқыны және көлемі былтырғы сауда қарқыны  мен көлемінен анағұрлым төмен. Сұраныс төмендеген. Ал кез-келген сауда орны неғұрлым жаңағы сауда көлемін, сатылым көлемін ұлғайтуға тырысады. Енді сол үшін әртүрлі әдіс, айла-тәсіл қолданады», – дейді экономист Жангелді Шымшық.

Мамандардың сөзінше, пайызсыз несиеге заттарды беруден алдына жан салмайтын екінші деңгейлі банктер екен. Мәселен,  биыл еліміздегі бір банктің өзінің жеңілдігі бар тауар картасын қолданушылардың саны 700 000-нан астам. Ал, 80 миллион сатылым бір банктің қосымшасы арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ, арнайы дүкендерден техниканы несиеге алғандардың саны 1-2 апта ішінде 1,2 миллионға жетіпті.

«Банктердің тарапынан қазір бөліп беруге қатысты  көптеген ұсыныстар бар. Кез-келген банк, болмаса жаңағы тұтыну тауарын сататын ірі сату орындары өз тауарларын 1 ай, 1 жылға, 2 жылға бөліп береді. Яғни, бұндай ұсыныстардың мол кезінде шетте қалу өте қиын. Әсіресе, жаңа жыл кезінде адам өзін қуантқысы келеді. Сондықтан, бізде тұтынудың жоғары деңгейі қалып отыр», – әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда тауарға деген сұраныстың төмендеді деген түрі. Ал, мамандар халықтың табысы былтырғыдан әлдеқайда төмендеп кеткен деп отыр. Соған қарамастан, несие қолжетімді болған соң үміткерлер қатары артып келеді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау