Жаңа жыл қарсаңында қызылордалық спортшыларға пәтер мен миллиондаған ақша берілді

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев спортшылар мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздарымен кездесіп, оларға пәтер кілттері мен ақшалай сертификаттар табыстады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Жаңа жыл қарсаңында қызылордалық спортшыларға пәтер мен миллиондаған ақша берілді

Әкіммен кездесуге III жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы Диас Бахраддин, парадзюдо бойынша әлем чемпионы Олжас Оразалыұлы, дзюдодан Пара Азиаданың күміс жүлдегері Азамат Тұрымбетов, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдос Сұлтанғали, байдарка мен каноэ есуден Азия ойындарының қола жүлдегері Мерей Медетов, отырып ойнау волейболынан Параазия ойындарының қола жүлдегерлері Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Алмат Манабаев келді.

«Биыл облыс спортшылары әлемдік ареналарда көптеген жоғары табыстарға қол жеткізіп, Тәуелсіз Еліміздің мәртебесін асқақтатуда. Облысымызда бұқаралық спорт, жоғары спорт шеберлігі, ұлттық спортпен қатар мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында да спорт қарқынды дамып келеді. Португалияның Одивелаш қаласында парадзюдодан өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына жалғыз алтын медальді  қызылордалық Олжас Оразалыұлы алып берді. Бұл жеңіс – Қазақстан Паралимпия спорты тарихындағы алғашқы медаль болып саналады. Сіздердің жеткен жетістіктеріңіз – өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін күшейтіп, мыңдаған жастың спортқа, салауатты өмір салтына ынтасын арттырары сөзсіз. Сіздер біздің еліміздің халықаралық спорттағы мәртебесінің жоғары  екендігін дәлелдеп, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың үмітін ақтадыңыздар»,- дейді өңір басшысы.

Әкім Диас Бахраддин мен Олжас Оразалыұлына спорттағы жетістіктері үшін пәтер кілттерін берді. Ал Айдос Сұлтанғали 3 миллион теңге, Мерей Медетов пен Азамат Тұрымбетов 1 миллион теңге, Эрик Қаксқабаев, Шыңғыс Медеуов және Алмат Манабаев 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификатты иеленді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Загрузка...
Қазір оқып жатыр