Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа заң жобасында депутаттар көңілдеріне жақпаған министрді отставкаға жібереді

Конституциялық өзгерістерге қатысты референдум өтпей, заң жобасын Парламент қабылдайтын болды. Бүгін қос палатаның отырысына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев Парламент пен Үкіметтің қызметіне қатысты өзгерістерді өзі атап берді,-деп жазды 31 арна.

депутаты

Бір ай бойы талқыға түсіп, бірқатар бабы өзгерген жаңа Конституция жобасын парламенттің бірлескен отырысына президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әкеліп таныстырды.

Бұл жобада депутаттардың талқылауына Ата заңның 23 бабына енгізілген өзгерістер ұсынылып отыр. Ал, президенттің 35 өкілеттілігін Парламент пен Үкіметке бөліп беру үшін арнайы заңдар әзірленбек. Соңғы рет 2007 жылы өзгерген Конституциядадағы бұл өзгеріс, тарихи шешім, жаңа қадам деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Енді Парламент заңнамалық билік болып,  Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігі артатын болды. Президент, елдің 30 пайызы қарсы пікір білдірген атышулы 26-бапты өзгертпей, кейінге шегере тұруды ұсынды…

 «Мен 26 бапты өзгеріссіз қалдыруға шешім қабылдап, сіздерге ұсынып отырмын»,-дейді  президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал Конституциядағы ең маңызды өзгеріс, Үкімет пен Парламентте болады. Бұдан былай Президент Үкімет басшысын парламентпен келісіп тағайындайды, ал Премьер-министр Сыртқы істер және қорғаныс министрлерінен өзге командасын депутаттармен ақылдаса отырып жасақтайды. Және Үкімет өз өкілеттіліктерін  президенттің алдында емес, жаңадан сайланған Парламенттің алдында тапсырады.

Сондай-ақ  депутаттар әрбір министрді жеке-жеке шақырып, есеп алу құқығына ие болды. Егер Үкімет мүшелерінің жұмысы көңілдерінен шықпаса, депутаттар сенімсіздік танытқан министрді жұмыстан босату үшін президенттің атына үндеу жолдай алады. Құзырларының бұлайша күшейгеніне халық қалаулылары қуанышты сияқты…

 «Екі палата да егер де бір жеке министрің жұмысына қанағаттанбаса оларды жұмыстан босату мәселесін қоюы мүмкін. Мәжілісте де сенатта да сондай құқық бар. Және жұмыстан босату үшін 3/2 сі дауыс беру керек»,-дейді  ҚР парламенті сенатының депутаты Серік Ақылбай.

Ал облыс және Астана, Алматы әкімдерін қызметінен босату құзыры президентте қалды. Және олар шығарған актілердің күшін жою да мемлекет басшысының билігінде. Ел ішінде дау туғызған заң жобаларына мораторий жариялау да президенттің қолында. Ал жауапкершілігі күшейген Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды өзі әзірлеп, іске асырады.

Және бұл міндеттерді президентпен ақылдаса отырып орындайды. Ал Конституцияға енген өзгерістерді талқылау кезінде депутаттар кезек кезек бұл елбасының көрегендігі деп атап өтті. Араларында Ішкі істер министрін президент тағайындаса, киелі заңда елбасының баға жетпес рөлін көрсету керек деп ұсыныс жасағандар да болды…

Осылайша, бүгін күні бойы Конституцияға енгізілген өзгерістерді талқыға салған қос палата заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап жіберді. Енді құжат саяси партиялар фракциясында жеке жеке талқыланады.

Ал заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу үшін біріккен комиссия құрылды. Депуттардың ұсыныстары енгізілген заң жобасы дүйсенбі күні парламенттің бірлескен отырысында екінші рет қаралатын болды…

Оқи отырыңыз:

Қайрат Нұртас елбасының Заңдағы 26-бапқа қатысты ұсынысына пікір білдірді

Баян Мақсатқызы президенттің Заңдағы 26-бапқа қатысты ұсынысына пікір білдірді

Елбасы заңдағы “Қазақстан азаматы” сөзін “әркім” сөзіне ауыстырмай өзгеріссіз қалдыруды ұсынды

Аргентиналық әйелдер ел парламентінің алдында тыр жалаңаш шешінді (фото)

Талқылау