Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа өмір бастаған бойжеткен өзіне күн көрсетпеген әкесінің қатыгездігі туралы айтты

Сырғалым Бектемірова есімді оқырманымыз редакциямызға хат жолдаған екен. Бойжеткен әкесінің өзі мен анасына көрсеткен қатыгездігі туралы айтып берді. Анасын маскүнем әкесінен құтқара алмаса да, өзі жеке пәтерге көшіп, жаңа өмір бастауды ұйғарыпты.

Bet (5)

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

«Мұндай оқиға екінің бірінің басында болып жатқан шығар. Жаныма қатты батқандықтан жазып отырмын. Ол уақытта шамамен 5 жаста болған едім. Үйдің ішіндегі қатты дауыстардан оянып кеттім. Әкем мен анам ұрысып жатыр екен. Әкемнің қатыгездігін алғаш рет сол кезде көрдім. Анама аузына келгенін сөйлеп, қарсы сөз айтса, өлтіретіндігін айтты. Мен қатты қорқып кеттім. Көрпенің астына кіріп алып жыладым. Бір уақытта анам асүйге барып ұзақ жылап отырды. Таңғы сағат бестерде далаға шығып кетті. Қайта келіп асүйдегі үстелде жылап отырды. Осы сәттен бастап әкемді қатты жеккөріп кеттім. Іштей өскен соң одан кек аламын деп шешім қабылдадым.

Бір жылдан кейін дүниеге бауырым келді. Ата-анам бәріміз бір бөлмеде ұйықтайтынбыз. Анам босанып келген күні әкем төсекте анамды қатты қинап жатқандай көрінді. Ол кезде не болғанын енді түсініп жатырмын. Анам сол сәтте «Сырғалым, теріс қарап жат! Бізге қарама» деп айтқан болатын. Осы кезде де әкемді қатты жеккөріп кеттім.

8-сынып оқып жүрген кезім. Бір күні анам бөлмеме айқайлап жүгіріп келді. «Көмектес, Сырғалым! Әкең мені өлтіретін болды» деп айқайлай бастады. Әкем ішімдік ішіп, тағы да қол көтерген екен. Бұл жолы шыдамадым. Оны қалай жеккөретінімді айтып салдым. «Мықты әке, мықты күйеу болсаң, алдымен, үйіңді жөндеп алсаңшы! Шарбағыңның түрі анау! Құлайын деп тұр» деп намысына тидім. Әкем күніге ішімдікке салынып, берекемізді қашырды. Мені достарының алдына шақырып алып, мазақ қылатын еді. Қалағанын жасатып, үстімнен күлетін. Осыдан кейін ішімдегі кек еселене түсті.

10-сынып оқып жүрген кезімде әкеме үш жерінен ота жасалды. Көп ай бойы жұмыс істемей үйде жатып қалды. Бұрын анамды қызғанып, жұмысқа шығармайтын. Енді бәріміздің жұмыс істеуімізге тура келді. Әкем тағы да ішімдікке салынып, бір күні маған қол көтере жаздады. Сол сәттегі бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда тұрады. Бұл аздай анамның бір көзін ұрып шығарып жіберді. Анама кетейікші деп қатты жалындым. Ол мені тыңдамай қойды. «Сырғалым, кеткенде қайда барамыз? Барлығына сен кінәлісің. Мені құтқарамын деп арамызға түсесің, кейін әкең сені оған мен қарсы қойып жатыр деп мені бұрынғысынан бетер ұрады. Осының барлығы сенің кінәң» деді. Біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей күй кештім. «Расымен де, неге олардың арасына түсемін? Неге екі ересек адамның жеке өміріне араласып жатырмын?» деген ой келді. Бірақ, олардың ұрысы мен төбелесін тоқтатуды доғара алмадым.

Қазір 3-курстың студентімін. Жоғарыдағы оқиғаның осы күнге дейін қанша рет қайталанғанын айта алмаймын. Күні-түні дірілдеумен жататынмын. Көл болған көз жасымды айтсаңызшы?! Өзімді қасқырдың темір торына байланған қойдай сезінетін едім. Бір күні жүрегім жарылып кетердей көрінетін. Аллаға сансыз шүкір, тынбай жұмыс істеп, қаланың ортаңғы бөлігінен бір бөлмелі пәтер сатып алдым. Әлі ақшасын толық өтеп болмадым. Сонда да, жеке пәтерге көшіп, жаңа өмір бастауды ұйғардым. Әкемнің күн сайын келе беретін туыстарынан қатты жалықтым. Оларға қызмет қылмасақ, әкем бізді ұратын еді. Бұдан былай ешкімнің құлы болғым келмейді. Бәрін артта қалдырғым келеді. Бүгіннен бастап жаңа өмір бастаймын. Түсінгенім – әр адамның өмірде жалғыз өзі жүріп өтетін жолы болады және бала ата-анасына ешнәрсе қарыз емес. Әрине, қартайған шақтарында міндетті түрде көмектесіп, материалдық жағдайын жасап тұруымыз керек», – дейді Сырғалым Бектемірова.

Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.


Жіберіп алмаңыз:

Жас келіншек күйеуінің бұрынғы сүйіктісінен құтыла алмай жүргенін айтып жылады

Өзгемен кеткен қызын алып қашқан жігіт махаббат үшін күресуге шақырды

Қазақ жігіті үй шаруасына олақ әйелінен мезі болғанын айтып ашынды

Жас ұстаз: Әке-шешемнің жоқтығын күйеуім бетіме басады деп қорқамын

Талқылау