Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа оқу жылы оқушылар атысымен басталды

Оңтүстік Қазақстанда жаңа оқу жылы оқыс оқиғамен басталды. Сайрам ауданының орталығы – Ақсукентте оқушылар атысқан. Кейбір ақпарат көздері қарудан оқ атылды десе, басқа куәгерлер оқушылардың бір-бірімен таспен атысқанын айтады. Басы жарылған бір бала ауруханаға жеткізілді.

article841

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Сайрам ауданының орталығы Ақсукент елдімекенінде екі топқа бөлінген мектеп оқушылары бір-бірімен қақтығысқан. Көрген куәгерлер оқушылардың бір-біріне тас лақтырып, атысқанын растаған. Тіпті, Сәкен Сейфуллин мектебінің 11 “в” сынып оқушысы Нұрлан Бекбаев тас тиген соққыдан басы жарылып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.

“Бас миының шайқалуы бар. Басының шашты тұсында жарылған, сырылған жарақаттар. Алғашқы көмек көрсетілді. Ем тағайындалды. Жараға алғашқы хирургиялық көмек берілді”, – дейді Сайрам ауданы емханасының хирург-травмотолог дәрігері Әбдужәлел Османов.

Мектеп төңірегінде Нұрлан Бекбаевқа тас емес, оқ тиді деген қауесет те айтылып қалуда. Алайда, оның анасы Жұмағазы Бекбаева “ұлымның жарасын таңуға апара жатырмын” деп сұхбат бермеді. Ал көрген куәгерлер болса, оқушылар тас атысты дейді.

“Нұрлан Бекбаевпен бірге ойнап жатқанымда, аяғы сүрініп, басы жарылды” дейді Дулат Батырбеков. Сөзін сенімсіз жеткізді. Оның үстіне екеуі екі сыныптың оқушылары екен. Оқиғаның нақты қалай болғанын құзырлы орындағылардың еншісіне қалдырдық. Алайда олар да бүгін үнсіз. Сайрам аудандық полиция басқармасындағылар басшылықтан ешқайсысы жоқ деп шығарып салды. Облыстық Ішкі істер департаментіне берген хатымыз да жауапсыз.

Талқылау