Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа депутаттар бірінші отырыста-ақ дауласып қалды

Жаңа таныстырылған заң жобасын талқылаған депутаттар бір-біріне дауыс көтеріп, қызыл кеңірдек болды. Тіпті қызды-қыздымен ең болмаса бір рет үкімет ұсынған құжатты қабылдамай тастайық деген бастама көтерілді.

ыыыыф

Сурет sapatk.kz

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Жаңа заң жобасының тұсауын кесуге арналған жиын көңілді басталған болатын. Ұлттық банк төрағасының орынбасары таныстырмақ болған құжат та халық үшін маңызды еді. “Колллекторлық қызмет туралы” жаңа заң жобасы банктердің емес, борышкерлердің құқын қорғауға бағытталған екен. Алайда депутаттар мұны керісінше түсінеміз деді.

“Коллекторлық агенттер кепілдікке қойылған бүкіл мүлікті соттың шешімінсіз алып кетуге құқылы емес пе? Осыны қалай осы жерге жазып қойғансыздар?”, – деп сауал тастаған депутат Нұртай Сабилянов.

“Борышкердің келісімінсіз ештеңе сатылмайды, Нұреке. Егер де коллектор заңсыз іс-қимыл істеп жатса, борышкер ұлттық банкке арыз жаза алады. Мынау менің жерімді менің рұқсатымсыз сатып жатыр деген сияқты”, – деп уәж айтты ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының бұл айтқаны депутаттарды тыныштандыра қоймады. Мәжілісте ұзақ отырған Мұхтар Тінікеев бұл заңды – халықты тонау үшін жасалған деп ашынып кетті.

“Біз заңды рэкеттер үшін жасаудамыз. Қазір сіз депутаттарға қабылда дейсіз, ал мен мұны халыққа қарсы заң деп ойлаймын. Нағыз ер мінез көрсетіп, тым құрыса бір заң жобасын қабылдамай, қайтарып берейік”, – деді Мұхтар Тінікеев.

Осы жерде депутаттардың өзі ішінен банкирлерді қорғайтындар шығып, әріптестерінің ашуына ілікті. Мәжілісмендер мұнымен тоқтала қоймады. Өзара даулары жалғаса берді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 205 коллекторлық ұйым бар екен. Тіркелмегендері қаншама. Әлеуметтік шиеленістерді күшейтіп отырған мәселені осылай шешеміз деген үкіметтің бастамасын депутаттар мақұлдай ма, әлде әріптестерінің ұсынысын құптай ма? Ол жағын мәжілістің жалпы отырысы көрсететін болады.

Бұған дейін жаңадан сайланған депутаттардың жеке кабинеті мен қымбат пәтерін көрсеткенін хабарлаған едік.

Талқылау