Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа автокөлік, жаңа қызмет: 2018 жылы отандық жұлдыздар қандай жетістіктерге жетті?

Жаңа жылдың қарсаңында жұлдыздар қауымы ел алдында есеп беріп, жетістіктерін жариялауды жөн көрген секілді. Сонымен, биыл танымалдар қандай биікті бағындырды? Осы жыл әртістер үшін қандай ерекшеліктермен есте қалмақ? Шоу-бизнес өкілдері Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жүргізген арнайы сауалнамада 2018 жылы жеткен жетістіктерін тізбектеп берді.

Жаңа автокөлік, жаңа қызмет: 2018 жылы отандық жұлдыздар қандай жетістіктерге жетті?

Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:

Біріншіден, Аллаға шексіз шүкірліктер мен сансыз мауқаулар айтамын. Осы жылы Сәфия деген қызым дүниеге келді. Одан кейін өзімнің жеке есеп беру концертімді өткіздім. Бір күнде үш концерт бердім. «Бір күнде үш концертті вокалды аспапты ансамбілдің сүйемелдеуімен, сондай декорациямен, сондай дыбыс, жарықтармен беру тарихта болмаған» – дейді көпшілік. Бұл сөзімді менің барлық әріптестерім де растайды. Сол себепті, мен мақтанышпен айта аламын. Одан кейін жылдың соңына қарай тосын сый әрі мен күтпеген жағдай болды. Өнер академиясына жаңа қызметке тағайындалдым. Осы уақытқа дейін өзімнің іні-қарындастарыма жатпаңдар, жұмыс істеңдер, «Есектің жүгі жеңіл болса, жатаған келеді» – деп айтып жүретінмін. Сол өзімнің басыма келді. «Қолың тимей жүргенді жақсы көрсең, көрсетейін» – деді ғой деймін Алла. (күледі) Өнер академиясында маған 8 сағаттық жұмыс берілсе, 24 сағат жұмыс жасап жатырмын-ау деп ойлаймын. Неге десеңіздер, атқарылатын іс-шаралар көп. Ең бастысы абыройдан айырмаса екен.

Мөлдір Әуелбекова, әнші, продюсер:

Биылғы отбасымның ең басты жетістігі – әкем қасиетті Меккеге барып келді. Содан кейін сахнадағы 15 жылдық мерейтойымды атап өттім. Жанды дауыстағы кеш Астанада ұйымдастырылды. Елбасымыздың бұйрығымен жақында тәуелсіздік күніне орай «Құрмет» орденімен марапатталдым. Бұл жетістігім халқымның қолдауының арқасында. 15 жылдық еңбегім бағаланды. Шүкір!

Қайрат Әділгерей, актер, тележүргізуші:

«Менің 2018-ші жылдағы ең үлкен жетістігім – үшінші перзентім дүниеге келді. Айнамкөз есімді қызымыз наурыз айының екінші жұлдызында өмірге келді. Үлкен бақытқа, қуанышқа кенеліп жатырмыз. Екіншіден, «Түнгі студия» бағдарламасына жүргізуші ретінде келгенімді халық жақсы біледі. Яғни, телевизия саласына бет бұрдым. Ол да менің мансабым үшін, менің шығармашылығым үшін үлкен бір жетістік деп білемін. Сондай-ақ, көптеген киноларға түсіп жатырмын, ұсыныстар да түсіп жатыр. Жалпы, кез-келген өнер адамында бір дүмпу мен бір құлдырау болады ғой. Осы 2018-ші жылы менің шығармашылығымда өрлеу басталды. Әрі қарай ұзағынан сүйіндірсін деген ниетпен өз-өзіме кейде есеп беріп қоямын. Осы бір жаңалықтарды айта аламын», – дейді Қайрат Әділгерей.

Ернар Айдар, әнші:

Биыл үш жетістігім бар. Жыл басында «Күнім, сен сөнбеші» атты Астананың төрінде ақсақал аталарымызбен концерт бердім. Олар Ескендір Хасанғалиев, Алтынбек Қоразбаев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды өнер майталмандары. Содан кейін Мейрамбек Бесбаев, Тоқтар Серіков, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров және Мұқасан Шахзадаев ағаларымыздың қатысуымен «Қазақтың жігіттері» деген жеке кешімді өткіздім. Жылдың соңын мен жақсы аяқтап жатырмын. Мейрамбек Бесбаев ағаммен дуэт жазып, жақында сол әнге бейнебаян түсірдім. Бұл менің осы жылдағы үшінші жетістігім.

Мақсат Базарбаев, әнші:

Менің биылғы жетістіктерім – қасиетті Меккеге барып келдім. Ораза айының он күнін сол қасиетті жерде өткіздім. Тағы да мақтанғандай боламын. Мен қасиетті Меккеге жаңа жылдан кейін, 8-ші қаңтарда қайта барамыз. Содан кейін осы жылы қымбат көлік алдым. Бала-шағам аман, бүкіл бауырларым аман-есен тегіс. Ең басты жетістік – әке-шешем аман. Немерелерінің қызығына тоймай, ортамызда шапқылап жүр. Менің жетістіктерім көп негізі. Ең негізгісі осылар.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау