Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбылда апатқа ұшыраған тікұшақта үш байдың баласы болған деген болжам бар

Куәгерлер бортта үш адам болған дейді және олар секіріп аман қалғанын айтады. Бұл жайында нақты ақпараттың жоқтығы, олардың беделді басшылардың баласы болуы мүмкін деген де болжам бар.

photo_175917

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Әуе апаты Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты «Арғын қамал» қорығының маңында болған. Сенбі күні кешкі алтылар шамасында әуе кемесінің көкте жүргенін қойшылар көреді. Жарты сағаттан соң жарылған дауыс естілген.

Сау тамтығы қалмаған тік ұшақ жерге құлаған бойда от оранғаны көрініп тұр. Абырой болғанда қызыл жалын қорықтың қамысына жетпей сөніп қалған. Оқиға ми даладағы құм арасында болғандықтан мамандарға тауып келудің өзі мұң болыпты. Алдын ала болжам бойынша апат жайында шопандардың бірі Тұрар Рысқұлов аудандық ІІБ хабар жеткізіпті.

Көкте қалықтаған ұшақты көрген қойшылар ары-бері шайқалған әуе кемесі бір – екі мәрте қонуға әрекет еткенін байқаған. Артынша көзден жоқ болып, санаулы секунд өте алапат от болыпты. Көрген қойшылар дереу атқа қонып, жедел-жеткенімен өрт арасынан тірі жанды таппапты.

Куәгерлердің айтуынша, тікұшақта үш адам болыпты. Олардың үш шақырым жердегі жақын қыстаққа жеткенін көрдік дейді. Айтуларынша, екеуінің жас шамасы 25-30-дағы жас жігіттер болса, тағы бір егде кісінің ауыр жарақаттан тұруға шамасы жетпей үйде жатыпты.

«Екі адам сол фазендаға барыпты. Екеу емес бұл жерде үш адам екен. Біреуі үйде жатыр екен, үшеуі де жетіп қойған ғой. Жаңағы екеудің мылтығы бар қолында. Мылтық болғанда басында фонаригі бар. Жаңағылардан не болды, қалай болды, қалай аман қалдың десем, секіріп кеттік-секіріп кеттік»,-дейді куәгер Ерболат Өстеміров

Белгілі болғандай, күйік шалған кісі ұшқыш екен. Қазір 60 пайыз күйген Валерий Михин екі күннен бері ауыр жағдайда ауруханада. Тыныс жолдары түгел зақымданған жанның қашан аяққа тұратынын дәрігерлердің өздері айта алмайды.

«Дене сынығы, басқа денсаулығына ешқандай зақым келмеген. Қазіргі кезде барлық ем-домдар қолданылып, науқасты шоктан шығару жолдары қаралып жатыр. 60 пайыз өте ауыр жарақат, сондықтан қазір алдын ала бірдеме айту қиын»,-дейді №2 қалалық ауруханасы күйік бөлімінің меңгерушісі Әбілсейіт Сыздықов.

Бір қызығы оқиғаны көзімен көрдік деген куәгерлердің айтқаны бортта бір ғана ұшқыш болды деген ресми ақпармен сәйкеспейді. Сондықтан, “Ұшқыштан бөлек тағы екі азамат болса, олар кім?” деген сауалға жауап жоқ.

Төтенше жағдай қызметкерлері жетем дегенше жол талғамайтын екі көлікпен оларды алып кетті деген әңгімеге де дәлел мен айғақ жоқ. Қойшылар әдетте бұл маңда тік ұшақпен тек аң аулап жүргендер жиі жүретін дейді. Анығы әуе көлігі «Жаңа әлем» әуе компаниясына тиесілі.

Келісімшарт негізінде көбіне Жамбыл облыстық Ішкі Істер департаменті қолданып жүрген жалғыз техника болыпты. Қазір апат орны – ат шаптырым аймақ күзетіліп, арнайы комиссия құрылды.

Астанадан ағылған мамандар апаттың себебін анықтамақ. Бұл Жамбылдағы екінші әуе апаты. Айта кетейік, өткен жылдың басында Шу ауданындағы Шатыркөл кен орнында АН-2 апатқа ұшырап, онда да бір адам аман қалған еді.

Талқылау