Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбылда апатқа ұшыраған МИ-2 әуе кемесінің ұшқышы ауруханада көз жұмды

Жамбылда апатқа ұшыраған МИ-2 әуе кемесінің ұшқышы ауруханада көз жұмды. Денесінің алпыс пайызы күйген деген диагнозбен түскен науқасты аман алып қалу үшін екі апта бойы арпалысқан дәрігерлер ажалдан арашалай алмады.

hel

Сурет ntv.ru сайтынан алынды

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Бүгін ұшқыштың денесін жақындары мен жерлестері жер қойнына табыстады. Апатқа қатысты бар ақиқатты айтуы тиіс ұшқыштың қасында, облыс прокурорынан бөлек тағы кім болғаны әзірге құпия күйінде қалып отыр.

«Арғын қамал» қорығының маңында болған әуе апатына қатысты кейбір сұрақтарға жауапты ресми органдар әлі айтуға асығар емес. Мәселен келісім шарт негізінде қызмет еткен тікұшақтың қорық маңында не істеп жүргені белгісіз. Сондай-ақ бортта қанша адам болғаны және олардың кім екені де толық айтылмай отыр. Тек құлаған тікұшақта облыс прокуроры Сыбанқұловтың болғаны расталды. Алғашында, апат болған кезде әуе кемесінде тек ұшқыштан басқа жан болмады деген ақпарат тараған болатын. Алайда денесі қатты күйген ұшқыштан бөлек тағы үш адамды көргендерін куәгерлер о баста айтқан еді.

Алайда, қалған екі адам жайында ресми органдар жақ ашпауда. Бұл ел арасында тікұшақпен аң аулаған беделді адамдар болуы мүмкін деген түрлі алып-қашпа әңгімеге арқау болып отыр. Болған жайтты баяндауы тиіс ұшқыш та бақилық болды. Бірақ, ұшқыш: «бортта жалғыз өзім болдым және жалын арасында қалған тікұшақты өз бетіммен өшірем деп күйік шалды» деп айтыпты дегенді дәрігерлер растамады. Анығы, 63 жастағы ұшқыштың ауруханаға түскелі тілге келмегенін айтады. Арнайы аппаратпен жатқан адамның тергеушімен тілдесуге мұршасы болмады дейді олар.

“Науқас бірінші күннен соңғы күнге дейін жасанды жолмен аппарат арқылы жатты. Аппараттың астында жатқандықтан ол сөзге келген жоқ. Ешкім келген жоқ. Тек әйелі мен баласынан басқа жан науқаспен жолыққан жоқ”, – дейді №2 қалалық ауруханасы күйік бөлімінің меңгерушісі Әбілсейіт Сыздықов.

Валерий Михин денесіндегі елу, тыныс алу жолдарындағы он пайыз күйік жарақатымен он екі тәулік бойы жансақтау бөлімінде жатты. Бүгін марқұмның денесі туған жері Тұрар Рысқұлов ауданында жерленді. Көршілері бақилық азаматпен аралас-құраластығы аз болғанымен, жаман атын естімедік дейді.

“Көршіміз бұрыннан 3-4 жыл болып қалды көшіп келгеніне. Жаңадан үйін бастап еді. Байқұс соның қызығын да көре алмай кетті ғой”, – дейді көршісі Талас Байтақов.

Қазір әуе апатына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Соған сай тиісті органдардан мардымды жауап алу мүмкін болмай тұр.

Талқылау