Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысының жүздеген гектар жері Қырғызстанға өтіп кетуі мүмкін

Жамбылдықтар жер телімдерін бөліп беруге қарсы! Онсыз да біраз аумақтың Қырғызстанға өтіп кеткені аздай, енді тағы да билік шекарадағы ауылдың мал жайылымы мен шабындық алқаптарын көрші елге бәсірелеп бермекші екен. Бұл туралы КТК арнасы ақпарат таратып отыр.

8320838

Сурет newskaz.ru

Мұндай жайсыз хабарды естіген бұқарада қазір маза жоқ. Олар шекара жылжыту шешімін шығармауды талап етуде.

Қатар жатқан қос ауыл тұрғындарынан 10 күннен бері маза қашты. Аудандағы шенеуніктер мен шекарашылар жұртпен жиын өткізіп, шекара шебін 100 метрге бері жылжытуды ұйғарыпты. Алайда, бұқара бұл шешімге наразы. Айтуларынша, егер талап орындалса, мал өрісі мен егістік алқаптары кемі 250 гектарға қысқаруы мүмкін.

Бұған дейін екі мәрте шекара шебі өзгеріп, жалпы көлемі 700 гектарға жуық алқап айырқалпақты ағайындардың меншігіне өткен екен. Жердің тағы таласқа түсуі жұрттың ызасын тудырды. Ауылдықтар тайлы-тұяғымен жиылып, жер телімдерін жатқа беруге қарсы екендерін білдіруде.

“Ата бабамыздың жаулап алған жері, біздің ауылымыздың тұрғанына үш жүз жылдан аса уақыт болған. Осы халықтың өсіп өнуіне қазіргі кезде қысым көрсетумен бірдей. Өйткені қырғыз мемлекетінің азаматтары емес, біздің мемлекеттің шекарашыларының тікелей қызығушылығы бар”, – дейді Жасөркен ауылының тұрғыны Халадин Бағысбаев.

Жұрттың дүрлігуіне негіз жоқ емес. Бұған дейінгі бөлісте екі шағын өзеннің тоспасы көрші елдің иелігінде қалыпты. Қазір сол су басында отырғандар «өзім білемдікке» салып елді тіршілік нәрінен қысып жатса керек. Ал, ендігі сорақылық тіпті шектен шыққандық дейді ашулы топ.

“Тағы да небір нысандар кетейін деп тұр. Мынау болашақ лагеріміз кетейін деп тұр. Және мынау сақ қорғаны бірінші ғасыр б.з. Осы қорғанның 7-6 кетейін деп тұр. Бұл мемлекет қорғауындағы нысандар”, – деді тұрғын Бегалы Ысқақов.

Ал, атқарушы билік тұрғындарға даурығуға негіз жоқ дейді. Сөздеріне сенсек, қазақтың бір шаршы метрі де қысқармайды. Ал, даудың шығуына, шекара шебіне қатысты Үкіметтік қаулыға өзгеріс енуі себеп екен. Яғни бұған дейін шекарадан кейінгі жолақ 30 метр болып келсе, енді ол кемі 100 метр болуы тиіс. Қос лагерь мен қорықтар да сол жолақтың үстінде қалып, тұрғындарға арнайы режиммен жүруге тура келеді екен.

“Қазір демаркациялық комиссияның қажетті материалдарын дайындап, Парламентке енгізеді, ол ратификациядан өту керек. Сосын Президент қол қояды. Содан кейін ғана ол заңды күшіне кіреді. Заңды күшіне кіргенде ғана орындалуға жатады”, – деп түсіндірді Жамбыл облыстық Жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлім басшысы Мейірбек Пірәлиев.

Алайда, жұрттың бұл уәжге иланғысы жоқ. Ашулы топ Үкімет пен Парламентке ашық хат жолдамақ. Ал, өздері талаптарын тыңдату үшін бел кеткенше беріспеуге бекінген.

Талқылау