Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында қайтыс болған баланың денесіне 11 жерден пышақ жарақаты салынған

Бүгін Жамбыл облысында денесінің 11 жерінен пышақ сұғылған 6 жасар баланың өлі денесі өз үйінен табылды. Күдікті ретінде 17 жастағы жергілікті тұрғын қамауға алынып, ол өз кінәсін толық мойындаған. Алайда, қайғыдан қан жұтқан отбасы, қасақана кісі өлтірген жігіттің жақындарын жазалауды да сұрап, жаппай жаға жыртысуға дейін барды. Ашулы топты арашалау үшін Бурыл ауылына полицияны қойып, тіпті арнайы жасақ шақыртуға тура келді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

6-zhastagy-bala

Қанды қылмыс Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылында болған. 15-ші ақпан күні айуандықпен өлтірілген ер баланың мәйіті үйінен табылыпты. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, үйінде жалғыз қалған жеткіншекке ұрлыққа түскен қарақшы 11 жерден пышақ ұрған. Сөйтіп куәгерден құтылса керек. Кейін белгілі болғаны даярлық тобының оқушысы небәрі 30 мың теңге үшін қыршын кетіпті.

“6 жасар баланың қазасы қоғамдық пікір туғызды. Ел арасында қылмыскердің ақыл-есінің кемістігі бары айтылып, ол жазадан құтылып кетеді деп қауіптенген еді. Оның дені сау. Демек тиісті жазасын алады. Қазір тергеу изоляторында жатыр”, – дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов.

Қолы қанға боялған азамат марқұмның көршісі болып шықты. Қазір ол қамауға алынып, қылмысын мойындаған. Бірақ қыршыннан қиылған баланың жақындары қаскөйдің туыстарын да жазалауды талап етіп, соңы үлкен жанжалға ұласты. Ашулы ауыл жастары тіпті қанпезердің отбасын елді мекеннен көшіруді талап еткен. Жағдай ушыға бастаған соң елді-мекенге арнайы жасақты тартуға тура келді. Дегенмен жастарды ауыл ақсақалдары өздері сабасына түсірді. Ал, құзырлы орын қанышер тиісті жазасын алады деп отыр.

Кінәлі адам қамалды. Жауапкершілікке тартылады. Қатаң жауапкершілікке тартылады. Қылмыс қаза болған баланың отбасының мүлкіне қатысты болғаны анықталды. Осыған байланысты қазір жергілікті атқарушы және құқық қорғау орындарының басшылары жергілікті тұрғындарымен жиын өткізіп, алдын ала тергеу амалдарының нәтижелері туралы нақты апқараттар берді”, – дейді ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев.-

Осылайша дауласқандар ортақ мәмілеге келіп тарқасты. Қылмыскердің ата-анасы өлген баланың әке-шешесіне құн есебінде баспанасын босатып беріп, үстіне материалдық шығын төлемек. Жұрттың талабы осы. Ал, бұл оқиға құзырлы орындардың жіті бақылауында болмақ.

Талқылау